Моноқалаларды дамытуға бөлінген қаражат оларды 90 пайызға жаңғыртуы тиіс
Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлерді дамыту комитетінің төрағасы:
Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлерді дамыту комитетінің төрағасы:
- Серік Мақашұлы, 90-жылдардағы тоқырау кезінде қаңырап қалып, аяусыз талан-таражға түскен шағын қалалардың тағдырын таразыға тартып, өміріне жаңа серпін енгізетін бағдарламаның дүниеге келгені халықтың тілеуі деп бағамдайық. Неге десеңіз, Тәуелсіздік алған 20 жылдың көлемінде еңсе көтере алмаған шағын қала тұрғындарының тұрмыс тауқыметін тартып келгені аян. Қазір де жағдай өзгеріп кете қойған жоқ. Бұл жағы жергілікті халыққа да, шенеуніктерге де бесенеден белгілі. Елімізде 100-ге тарта шағын қала болса, бағдарламаға неге 27 моноқала ғана іріктеп алынған?
- Шағын қалалардың бүгінгі ахуалы жұртшылықты алаңдататыны рас. 90-жылдардағы тоқырау кезінде шаруасы алға баспай қалған шағын қалалардың түйіні томардай, шешілмеген мәселелері шаш етектен. Бір сөзбен айтқанда, шағын қалалар «шаршап-ақ» тұр. Осыған орай Елбасы Үкіметке осы өңірлердің әлеуметтік ахуалын арттырып, кәсіпкерлікті өркендететін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Бүгінде бағдарламаның жобасы дайын. Биыл пилоттық негізде өз жұмысын бастап кетті.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде елімізде тек қана бір саланың өнімін өндіру арқылы пайда көріп, күнін күнелтіп отырған бірқатар қала бар. Бұлардың қатарында кезінде облыс орталығы болғандары да кездеседі. Мәселен, Жезқазған, Арқалық секілді дәуренінде атағы айға жеткен қалалардың шаруасы өрге баспай тұрған еді. Қайсыбір қала тұрғындары теміржол бойынан пайда көрсе, енді бірі өндіріс-өнеркәсіптен нәпақа көріп отыр. Мұның барлығынан шығатын қорытынды біреу-ақ: бір саладан ғана кіріс көріп отырған шағын қалалардың болашағы да бұлыңғыр болмақ. Сондықтан, ең әуелі, бір кәсіпорынға тәуелді болған моноқалалардың экономикасын әртараптандыру қажет. Рас, ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 100-ге таяу шағын қала бар. Солардың ішінен тыңғылықты зерттеудің нәтижесінде шамамен 1,5 млн адам тұратын 27 бір салалы моноқаланы анықтап, бағдарламаға енгіздік.
Шағын қалалар көп шоғырланған өңір - Қарағанды облысы. Бұл аймақтан сегіз моноқала бағдарламаға енді. Олар - Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск, Қаражал. Павлодар облысынан екі қала бар: Екібастұз, Ақсу қалалары. Сондай-ақ Қостанай облысынан Рудный, Жетіқара, Лисаковск, Арқалық, ал Шығыс Қазақстан облысынан Риддер, Серебрянск, Зыряновск, Курчатов қалалары аталған бағдарламаға енді. Жамбыл облысынан - екеу: Жаңатас пен Қаратау. Қалған облыстардан бір шағын қаладан қарастырылған. Олар: Батыс Қазақстан облысынан - Ақсай, Атырау облысынан - Құлсары, Маңғыстау облысынан - Жаңаөзен, Ақтөбе облысынан - Хромтау, Ақмола облысынан - Степногорск, Оңтүстік Қазақстан облысынан - Кентау, Алматы облысынан - Текелі қаласы.
Таңдауға іліккен 27 моноқаланың да тағдыры бір ғана қала құраушы өндіріске бағынышты. Мәселен, моноқалалардың 19-ында қала құраушы кәсіпорындар тұрақты жұмыс істесе, бесеуінде жартылай жұмыс істеп тұр, ал қалған үш қалада өндіріс орны атымен жоқ. Осы қалалардағы туындап отырған проблемаларды стихиялық және құтқарушылық сипатта емес, жүйелі және ұзақ мерзімді шешуді жоспарлап отырмыз.
- Демек, қордаланған түйткілді мәселелерді рет-ретімен шешудің жолдары қарастырылып отыр ғой...
- Иә, бағдарлама аясында бұларды шешудің төрт бағыты қарастырылған. Ең алдымен, тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыруды жүзеге асырамыз. Екінші бағыт шағын қаланың экономикасын әртараптандыруды көздейді. Бұл дегеніміз - моноқалаларда жұмыспен қамтылғандардың оңтайлы құрылымын жасақтау үшін шағын және орта бизнеске жаңа дем беру. Бұл үшін моноқалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламаларының барлық тетігі пайдаланылады. Үшінші бағыт бойынша моноқалалардың еңбек ресурстарының ұтқырлығын жоғарылату, яғни жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуге ынталандыру жұмыстары жүргізіледі. Соңғысы моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Бірден айта кету керек, жоғарыда аты аталған қалалардың әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейi бәсең. Айталық, ауызсу, жарық, жылу, газбен қамтамасыз ету, кәрiз және телекоммуникация инфрақұрылымдарының жағдайы сын көтермейді. Бәрі ескірген, тозған, кейбірінде істен шыққан. Ал қала құраушы кәсiпорындарында жұмыс қарқыны баяу. Ең өзекті мәселе - жұмыссыздықтың белең алуы. Осы тақылеттес мәселелерден біржола арылу үшін бағдарламаның алғашқы кезеңін іске қосып көрген едік. Нәтиже бар. Қазіргі кезде шағын қалалардағы әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнделіп, бірқатар іс тындырылды. Атап айтқанда, 27 моноқаланың барлығында бірдей жылумен қамту жүйесін жаңарту, жол сапасын арттыру, көпірлерді қалпына келтіру, қауіпті және қаңырап қалған ғимараттардың қалдықтарын, санкцияланбаған үйінділерді жою, көшелерді жарықтандыру һәм абаттандыру, автобекеттер, аулалар, спорт алаңдарын салу секілді күнделікті тұрмысқа қажет нысандар қалпына келтірілуде.
Ал енді бағдарламаны тұтастай алып қарастырсақ, оны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген. Бастапқы кезең - 2013-2015 жылдарды, екінші кезең 2020 жылға дейінгі сенімді даму кезеңін қамтиды. Бүгінде жергілікті әкімдік пен облыстық мәслихаттың бекітуімен 2013-2015 жылдарға арналған шағын қалаларды дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Басты назарға ілінетін мәселе - экономиканы әртараптандыру. Бірте-бірте шикізаттық бағыттан арылуымыз қажет. Бұл үшін қосалқы өндіріс ошақтарын ашу ләзім. Демек, әр қаланың әкіміне кем дегенде бір зәкірлі жоба дайындап ұсыну міндеттелді.
- Сөзіңізді бөлейін, оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін зәкірлі жоба дегенге анықтама бере кетсеңіз...
- Бұлар - инвестициялық жобалар, жоғарыда атап өткендей, шикізаттық бағыттан арылу үшін жасалған бірден-бір қадам. Сонымен бірге шағын қаланың экономикасын әртараптандыруға жаңа серпін әкеледі. Зәкірлі жоба аясында ең аз дегенде 100 орындық жұмыс орындары ашылады. Бұл - бір. Екіншіден, экономикалық әлеуеті әлсіз шағын қалалардағы өндірістік өнімнің көлемін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, Жетіқара қаласындағы зәкірлі жоба - жалпы қуаты жылына 750 мың тоннаға жететін сульфид рудасын өңдейтін, алтын шығаратын зауыттың құрылысы. Болашақта бұл жерде 320-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Лисаков қаласындағы зәкірлі жоба - Лисаков картон-қағаз кешені (гофрокартон және жұмыртқаға арналған ұяшық қаптама әзірлеу өндірісі). Мұнда да 100-ден астам тұрақты жұмыс орны пайда болады.
Екібастұз қаласындағы Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын алайық, мыс өндіретін кен орнында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр (бұл жұмыстарға 1200 адам тартылған). Нақты пайдалануға берілген уақытта 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
- Кезінде облыс орталықтары болған Жезқазған мен Арқалықтың қазіргі күйі көрген қазақтың қабырғасын қайыстырады. Екі қаладағы еңсеру процесі қашан нәтиже береді? Бұл қалаларда бірінші кезекте қандай шаруалар қолға алынып жатыр?
- 90-жылдардағы тоқыраудың екі қаладағы экономикалық дамуды тұралатып жібергені рас. Қазір қос қалада да ахуал өзгеше. Мәселен, Арқалықтың әлеуетін әлеуметтік тұрғыдан жаңғыртуға биыл 110 млн теңге бөлінді. Келесі жылы қарастырылатын қаржының көлемі бұдан да қомақты. Әзірше бұл қаржы қаланың инфрақұрылымдық құрылыстарына, абаттандыруға бағытталған. Арқалықта ала жаздай жылу-электр орталығын толығымен жаңарту жұмыстары жасалды. Жоғарыда айтқан зәкірлі жоба Арқалықта да бар. Олар - құс фабрикасы, ет комбинатының жаңа құрылысы.
Ал Жезқазған аймағы бойынша екі кешенді жоба әзірленгені белгілі. Біріншісі - Үкіметтің Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспары, екіншісі - біз әңгіме етіп отырған Моноқалаларды дамыту бағдарламасының таңдауына ілігуі. Сонымен, Жезқазған-Ұлытау өңірлерін дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, бұл өңірлерде кен өндіретін жаңа кәсіпорындар ашу, Жезқазған - Сексеуіл теміржол құрылысы, Жезқазған - Қызылорда, Жезқазған - Арқалық автожолдарын жөндеп, қалпына келтіру, қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Қожамсейіт жерасты су көзін игеру, Үйтас-Айдос су құбырын қайта жаңғырту, Жезқазған жылу-электр орталығын қайта жарақтандыру сияқты ауқымды жобалар қамтылған.
- Ал енді түрлі көлік жолдарынан шалғай, тұйықта орналасқан моноқалаларға қатысты не айтуға болады?
- Ондай қалалар да бар. Бұлар - Арқалық пен Степногорск қалалары. Тұйықталған қала болғандықтан да мұндағы экономикалық даму тежеулі. Арқалық үшін тұйықтан шығар жол - біреу-ақ: Арқалық-Шұбаркөл теміржолының құрылысы. Екі жылдың ішінде құрылыс толығымен іске асса, Арқалықтың тынысы кеңейеді. Ал Степногорск қаласын айтар болсақ, Ақмола облысындағы өнеркәсіп өндірісінің ірі орталығы осы қала десе де болады, жалпы өндірістік өнім көлемі 2009 жылы 32,3 пайыз болса, 2010 жылы - 27,5 пайыз, 2011 жылы 28,9 пайызды құрап отыр.
- Бағдарламада кәсіпкерлердің рөлі анықталған ба?
- Әлбетте. Елдің әлеуетін арттыру үшін шағын қалалардың, шалғайдағы елді мекендердің тіршілігін кәсіпкерлер арқылы түзеу әлдеқайда маңызды. Себебі кәсіпкер - өз шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, маңайындағы ағайындарға жұмыс беруші. Сондықтан моноқалаларда шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін салалық шектеулерсіз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мөлшерін ұлғайтып отырмыз. Ал өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндірістер құруға ниет білдірген кәсіпкерлерге 1,5-3 млн теңгеге дейінгі мөлшерде гранттар беріледі. Сонымен бірге шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуметтік әріптестік бағдарламаларын іске асыру көзделген. Бұл бағытта микрокредиттік ұйымдары бар бизнес-инкубаторлар құру, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген тұрғындарға кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу шаралары орындалатын болады. Мәселен, Жаңаөзен қаласында 2012-2014 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспары аясында жаңаөзендік кәсіпкерлердің 13 жобасы 56,2 млн теңгемен қаржыландырылды. Сондай-ақ осы қалада жыл басынан бері Кәсіпкерлікті дамыту орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр.
- Моноқалалардың бәрінің дерлік бір салаға (өндіріс ошағына) маманданғаны мәлім. Осы ретте сол қалалардың қайсысында бұрынғы мамандандырылған бағытты қалпына келтіру жоспарланып отыр?
- Мына мәселені естен шығармаған жөн. Еліміздің негізгі өндірістік әлеуеті осы 27 моноқаланың аумағында шоғырланған. Мысалға Хромтау қаласын алайықшы, бұл аймақта хром рудасы өндіріледі. Республика көлемінде, қала берді ТМД-ның хром өндіретін елдері бойынша хром рудасының 95 пайызын Хромтау қаласы өндіреді. Қостанайдағы Жетіқара қаласында «Қостанай минералы» АҚ асбест комбинаты жұмыс істейді. Бұл - Қазақстанда жалғыз комбинат. Асбест тауарының негізінде өндірілетін хризотил-асбест рудасын өндірумен айналысады.
Қостанай облысы салығының 62 пайызын Рудный қаласының өнеркәсіп өндірісінен түсетін қаражат құрайды. Мұндай әлеуеті жоғары қалалар 2015 жылға дейін экономикасы әбден нығайған соң полиқала (көп салалы) қатарына шығарылады. Міне, осы аталған қалаларда мамандандырылған бағыт қайта қалпына келтіріледі. Әйтсе де көрсеткіштермен көп мәселені шешпейтініміз анық. Неге десеңіз, біз технология дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз ғой, дамыған елдерде хром мен мұнайға балама табылса, бұл қалалардың күні қараң болмасына кім кепіл?! Демек, қам-қарекетсіз отыруға әсте болмайды.
- Шағын қалалардағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, тұрғындардың орташа табысын өсіруге қатысты қандай шаралар қарастырылуда?
- Бағдарламаға сәйкес, 2015 жылға дейін моноқалалардағы жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайызға дейін төмендету міндеттелген. Жалпы, шағын қалалардағы өзін-өзі жұмыспен қамту көрсеткіші жоғары пайызға ие. Көптеген қала экономикалық белсенді халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуы категориясына кіреді. Мәселен, Қаратауда - 49,7 пайыз, Арқалықта -49,3 пайыз, Жетіқарада - 47 пайыз, Жаңатаста - 37,1 пайыз, Құлсарыда 30,7 пайызды құрайды.
Мынадай қызық дерек бар: республика көлемінде жұмыссыздық деңгейі 5-5,8 пайыз арасында болса, өзін-өзі жұмыспен қамту көрсеткіші 40-45 пайызды құрайды. Әлбетте, бұл көрсеткіштен әркім өзінше қорытынды шығаруы мүмкін. Бұл қазіргі күн үшін жақсы көрсеткіш болғанымен, болашақ үшін қауіпті болуы ықтимал. Себебі бұлар - әлеуметтік жағынан қорғалмаған азаматтар. Еңбекке жарамсыз бола қалған жағдайда бар шығынды мемлекет көтеруі керек болады. Сондықтан қазірден бастап мемлекет көмекке қол ұшын созып отыр. Бұл көмек бағдарламаның үшінші бағытында қамтылған: жұмыссыз жүрген азаматтарды қайта оқыту, жаңа мамандыққа даярлау, яғни бағдарлама аясында жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.
- Әлбетте, ел экономикасын әртараптандыру үшін жүйелі құрастырылған кешенді жобаның болғаны өз алдына, бөлінген қаражаттың бір тиыны желге ұшпай, сол бағытқа жұмсалғанда ғана нәтиже болары анық. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қанша қаржы бөлінуде?
- Бағдарламаға енген шағын қалалардағы кәсіпкерлерге жоғын түгендеп, барын асыруға мемлекеттен 18 млрд теңге бөлінеді. Ал бағдарламаның пилоттық жобасына 6 млрд теңге бөлінген болатын. Келесі жылы бұл сомадан да қомақты қаржы қарастырылмақшы, республикалық бюджеттен 2013 жылы - 34,1 млрд теңге, 2014 жылы - 37,8 млрд теңге, 2015 жылы 48,3 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Биыл моноқалалардағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бөлінген 6 млрд теңге коммуналдық түйткілдерді шешуге, шағын қалаларды иесіз қалған бос үйлерден тазалауға, абаттандыру сынды 27 моноқаладағы әлеуметтік маңызы бар 171 жобаға бағытталды.
Тағы бір айта кететін дерек, республика көлемінде 520-дан аса қаңырап бос тұрған үй тіркелген екен. Алдымыздағы жылы бұлардың іске жарағанын қалыпқа келтіріп, халықтың игілігіне ұсынып, жарамағанын сүру үшін мемлекет есебінен 750 млн теңге бөлінбекші.
Бағдарламаның аясында бірқатар инвестициялық жобаны жеке инвесторлардың қаражаты есебінен іске асыру көзделген. Сол сияқты моноқалаларға жақын орналасқан перспективалы пайдалы кен орындарын, «Қазгеология» ҰК» АҚ немесе кәсіпорындардың шикізат базасын ұлғайтуға мүдделі жеке инвесторлардың қатысуымен оларды толығымен барлау шараларын айқындай отырып, анықтау жүргізіледі.
Тағы бір мысал келтірейін, Ресейде де шағын қалаларға арналған бағдарлама бар. Олар бұл бағытқа 1,5 млрд рубль жұмсайды. Біздің теңгеге шаққанда - небәрі 7 млрд теңге. Ал біз бір жылға - 34 млрд теңге, үш жылға 120 млрд теңге қарастырып отырмыз. Бізде 27 моноқала тіркелсе, Ресейде олардың саны - 300. Өзіңіз бағамдай беріңіз, сонда біз қарастырған қаражатқа моноқалалардың барлығы 90 пайызға жаңаруы тиіс.
- Осы кезекте тағы бір сұрақ туындайды: бағдарламаға енбей қалған қалалардың болашағы қалай болмақ?
- Қазіргі уақытта моноқалалардан басқа, елде 41 шағын қала тіркеліп отыр. Онда 876,4 мың тұрғын бар, яғни елдегі тұрғындардың 5 пайызы шоғырланған. Сондай-ақ 6432 ауылдың орталығы болып отырған 504 ірі кент бар, ондағы халық саны қазір 2 миллионнан асып жығылады. Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде осы шағын қалалар мен ірі тіректі ауылдық пунктілердегі коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымға қосымша қаржы бөлінеді. 2013 жылы осы мақсаттарға 23,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Биыл пилоттық жобаға 14 млрд теңге бөлінді.
- Бағдарламаның тұсауы кесілген Теміртау қаласындағы жиында еліміздің Премьер-министрі Серік Ахметов: «Моноқалалар бағдарламасының әкімдер үшін емес, халықтың қамы үшін әзірленгенін естен шығармаңыздар», - деп қатаң ескерткен болатын. Бағдарламаны бастан-аяқ тиянақты түрде іске асыру үшін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қандай талаптар қойып отырсыздар?
- Әлбетте, егер әкімдер берілген тапсырмаларды орындамаса, жұмыссыз қалады. Бұл бағытқа миллиардтаған ақша бөлінуде. Сондықтан межедегі нәтижеге қол жеткізгенге дейін әр моноқаланың әкімі жеке басымен жауап береді. Біздің тарапымыздан жылына екі мәрте ақпарат жинап, тексеріп отырамыз. Күдікті жағдай туып жатса, өзіміз барып, тексереміз.
Алашқа айтар датым...
Қазір мемлекет моноқалалардың ахуалын жақсарту үшін бағдарлама әзірлеп, қыруар қаржы бөліп отыр. Өкінішке қарай, халық бұл бағдарламадан да хабарсыз болып шықты. Бұлай деуге себеп, ҚР Президент Әкімшілігі жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болғандай, жергілікті халықтың 9 пайызы ғана бағдарлама жайынан хабардар екен. Мұндай үгіт-насихат шараларымен жергілікті әкімшілік айналысуы керек еді. Біз өз тарапымыздан қолдан келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Өңірлерді араладық. Аймақтарда семинарлар өткізудеміз. Әзірше халықтың белсенділігі бәсең.
Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА, Астана
«Алаш айнасы» газеті