Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 4064 0 пікір 1 Тамыз, 2022 сағат 13:32

Балқанның басынан бақ тая ма?

Әлемнің назары тағы да Еуропада. Бұл жолы Украина емес, Косово мен Сербияда. Сербия мен жартылай мойындалған Косово арасында қарулы қақтығыс болуы ықтимал. Балқан аймағы тағы да от құшағы, жанжал алаңына айналудың алдында тұр. 

Текетірестің тарихын қарастырып, тереңнен бастасақ. Сербияның заңнамасына сүйенетін болсақ, Косово аймағы Сербияның құрамында және оның кез келген әрекетін серб билігі сепаратизм деп қарастырады. Алайда ресми солай болса да, бейресми Косово мен Метохия Сербия билігіне бағынбайды. Өз басшысы, әскері мен арнайы жасағы бар. 2008 жылы тәуелсіздігін де жариялап, оны БҰҰ-ға мүше жүзге жуық мемлекет мойындап та үлгерді. Мойындағандардың ішінде Қазақстан жоқ. Ол жайлы тіпті президент Тоқаев Петербургте өткен экономикалық форумда да айтты.

Косовода басым бөлігі албандар тұрады. Олар 2 млнға жуық халықтың 90 пайызына жуығын құрайды. Екінші көп халық сербтер. Олардың саны 5 пайызға жуық, ал кей дерек бойынша шамамен 50-100 мың арасында делінеді.

Албан халқы Косово аймағында ежелден тұрады. Екінші жаһан соғысынан кейін аймақтағы жағдай біршама тұрақталғандай болды және Югославия басшысы болған Броз Тито албандықтарды қудалауға тыйым салды. 1945 жылы Косово аймағы Югославия федеративтік халықтық республикасының заңына сәйкес Сербия құрамындағы автономиялық облыс деген статусқа ие болды. Ал 1974 жылы қабылданған Югославиняың жаңа конституциясында аймақтарға бөлініп шығу құқығы жоқ республика статусын беруге рұқсат етілді. Сол сәтте Косово социалистік автономиялық аймақ ретінде өзінің заңын, жоғары билік органдарын қалыптастыра алды.

80-жылдардың соңында әлемде көптеген елдер саяси кризистерді бастан өткерді. КСРОда экономикалық жағдай нашарлап, ішкі толқулар артты. Этникалық қақтығыстар ұлғайды, артынша КСРО құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздікке ұмтылатынын көрсетті. Алғаш болып Балтық елдері мәлімдей бастады. Бұл процесстер Югославияны да айналып өтпеді. Құрамындағы автономдық республикалардан айырылып қалу қаупінің барын сезген елдер Конституциясын жедел өзгерте бастады. Соның бірі Сербия болатын. Сербия 1990 жылы 28-қыркүйекте жаңа заң қабылдап, Косовоны тек қана мәдени автономия етті.

Косово бұл Конституцияны қабылдамады. Олар Сербияны заң үстемдігін орнатуына қарсы болып, өздерінің билік органдарын қайта құра бастады. 1991 жылы алғаш рет Косовода Сербия тарабы заңсыз деп тапқан референдум өтті. Сөйтіп Косово бірінші мәрте тәуелсіздігін жариялады, алайда ол республиканы сол сәтте ешкім мойындамады. Кейін Косово ұлтшылдары "Косовоны азат ету" әскерін құрды.

1998 жылы сербтер мен албандар арасында қақтығыс ушықты. Бұл Югославияның соғысқа алаңына айналып, ыдырап жатқан сәті болатын. Косово аймағында серб әсерлері адамзатқа жасалған қылмыс деп танылған әрекеттерге барды. Этникалық сипаттағы қатыгездік әрекеттер артты, тұтас ауылдарды қыру фактілері тіркелді.

НАТО Косово қақтығысына араласу туралы шешім қабылдап,1999 жылы 24 наурызда "Одақтастық күші" атты операцияны бастады. Югославияның әскери нысандары мен қалаларын бомбалады. Сербтар мен албандар арасындағы жанжалға байланысты Еуропада босқындар легі артты.

НАТО әскерінен жеңіліс тапқан серб үкіметі Косовоға KFOR бітімгерлік күштерін кіргізуді қолдады. Осылайша соғысқа бітімгерлер кірісіп, жанжал тоқтатады. Уақытша тоқтады...

2004 жылы, 17-наурызда Косовода сербтер мен албандар қақтығысып, ондаған адам қаза тапты. Косовода тәуелсіздік жариялау туралы бастамалар қайта үдей түсті. 2006 жылы Сербияда жаңа конституция референдум арқылы қабылданып, онда "Косово Сербияның бөлінбес бөлшегі" ретінде көрсетілді.

Алайда Косово 2008 жылы өз конституциясын бекітіп, тәуелсіздік жариялады. Оны Батыс елдерінің көпшілігі мойындады. Ал Ресей қарсы болып, Сербия құқығы ескерілуі тиіс деп санайды. Сербия мен Ресей арасында әскери қатынас артты. Сербия Косовоны қайтарудың бір жолы ресейлік күшке сүйену деп бағамдайды, сол себепті де Ресейдің Украинадағы соғысына "түсіністікпен" қарап, Луганск пен Донецк бүлікшілеріне қатысты шешімін айыптамады. Еуропа елдерінің санкциясына да қосылмады.

Косово Сербиядан біржола бөлінуді қалайды. Өз аймағында серб билігіне тиесілі нышандардан құтылу үстінде. Косово билігі 1-тамыздан бастап сербтік құжаттар Косово аймағында жарамсыз екенін, сербтік автокөлік нөмірлері тәркіленетінін айтты. Оны Сербия Косово аймағындағы сербтерді қудалаудың бір жолы деп дабыл қақты. Осылайша Сербия мен Косово арасы қайта ушығып, тараптар шекара маңына әскер топтастырды, тіпті кішігірім атыс-шабыс та болды. Іске НАТО араласып, АҚШ Косово билігіне шешімді 1-қыркүйекке дейін шегеруді сұрады. Косово АҚШ ұсынысын қабыл алды.

Ресей билігі болса Сербияны жақтап, "АҚШ пен Еуропа елдері арандатуды қойыңдар" деп мәлімдеді. Балқан түбегі тынышталды деп айту қиын. Жағдай ушыққан күйде тұр. Бұл тек қана Косово мен Сербия қақтығысы емес, өзге де ірі ойыншылардың қақтығыс алаңына айналуы мүмкін. Косовоны Албания (НАТО құрамында) және Түркия (НАТОда) қолдайды. Олар этникалық және діни сипатта, сонымен қатар Сербияға қарсылық ретінде косоволықтарды қолдап келеді. Ал Сербияны Ресей қолдауға әзір. Қақтығыс ушықса, діни-этникалық сипатқа ауысуы мүмкін.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594