Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Ақмылтық 244 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 14:57

Күштілерге қарсы күш біріктіру...

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Канада премьері Марк Карни Давос мінберінде бүйдеді:

– Орта державалар дәл қазір жұмылып жұдырық болуы керек. Өйткені, бүгін келіссөз үстелінде біз отырмасақ, онда біз ертең жеке-жеке алыптардың ас мәзірінде жатамыз. Қазір ұлы державалар өз беттерінше күрес жүргізуге қабілетті. Олардың қолдарында күш пен қаржы және нарық бар, әскери әлеует бар, ықпал ету тетіктері бар. Сол себепті де олар өз дегендерін орындап һәм орындатып жатыр.

Ал орта державаларда мұндай әлеует пен мүмкіндік жоқ. Біз гегемондермен бетпе-бет келіп, келіссөз жүргізсек, өзіміздің әлсіздігімізді көрсетіп, олардың ығына жығылуға мәжбүрміз. Біз олардың ұсыныстарын үнсіз қабылдауға мәжбүрміз. Қазір біз өз арамызда әлгі алыптардың алдында қайсымыз күштірек иіле білеміз деп жатырысып жатырмыз.

Ұлы державалық бәсекелестік әлемінде біздің таңдауымыз бар: Біз не бір-бірімізбен жеке пайда үшін бәсекелесуді жалғастыра береміз, сөйтіп түбі жұтылып тынамыз. Немесе ықпалды күшке айналу үшін күш біріктіреміз.

Ендігі жерде «халықаралық құқық тәртібін сақтауға» шақырып, мәлімдеме жасауды доғару керек. мұндай тәртіп ендігі жоқ. Қазіргі жүйе – үлкен державалар арасындағы бәсекеге құрылған жүйе. Бұл жүйеде күштілер экономикалық интеграцияны мәжбүрлеу қаруы ретінде пайдалана отырып, өз мүдделерін көздейді, - деді.

Қазір әлемнің геосаяси картасы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі бұрын-соңды болмаған өзгерістерді бастан кешіруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының қауқары қалып, әлемдік гегемондар халықаралық құқық қағидаттарын белден басып, әлем картасын қайта сызуға бағытталған ең қауіпті тенденцияға жол ашты.

Ресей - Украинаға соғыс ашып, жерін жаулап, Молдоваға ауыз салмаққа аранын ашып, Грузиядан қос өңірді көтензорлықпен алып, енді Армениямен алысуға, Орталық Азияға одыраңдай сөйлеуге кірісті.

АҚШ - Венесуэланы бағындырып, Мадуроны барымталап, Гренландияға ауыз салып, Куба мен Колумбияға әскерін кезеп, Мексиканы мәжбүрлеп майыстыруға көшті.

Қытай - Тынық мұхиттың тыныштығын бұзатын қадамдарды жасаудың аз-ақ алдында тұр. Тайуанды күшпен басуға негіз бар. Бұл Қытай мен Жапония арасының ушығуын, тіпті тікелей қақтығысқа түсуін болжатады.

Осының барлығы жоғарыдағы Канада премьері Марк Карнидің жанайқайына жан бітіреді. Күштілерге қарсы күш біріктіру – ұлы державалармен ашық текетіреске түсу деген сөз емес. Тек интеграцияның ұтымды жолын іздеу арқылы, аман қалу амалы.

Ал қазіргі кезде «Түркі әлемі» атты идея төңірегінде біріге бастаған, осы бағытта алғашқы ірі шешімдер қабылдай бастаған Қазақстан мен Орта Азия елдері қайтпек? Біздің географиялық орналасу аймағымыз да гегемондардың ықпалы басым аймақ саналатыны жасырын емес.

Әлбетте, Қазақстанға өзінің сыртқы экономикалық-саяси интеграциясын әртараптандыру үшін теңгерімді, көп жақтылы саясатты ұстанып, дипломатияны дамыту керек. сонымен қатар, ОА елдерімен күш біріктіру, «ОА+» немесе «ТМҰ» платформалары арқылы ұжымдасып әрекет ету – экзистенциалды мәселе болмақ...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір