Тамызда "Мектепке жол" республикалық акциясы басталады
Алматы қаласындағы жағдайы төмен отбасынан шыққан 19 мың оқушыға әкімдік мектеп формасы мен оқуға қажетті керек-жарақтарын сатып алуға көмектеседі. Оған жергілікті бюджеттен 800 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді.
Биыл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады және "Мектепке жол - Шекарасыз Жақсылық" ұранымен өтеді. Ол аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алуға бағытталған.
"Қазірдің өзінде мектептерде оқушыларға оқу жылына дайындыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көмекке мұқтаж балалардың деректер базасы құрылды. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін жедел желілер, сенім телефондарының жұмысы ұйымдастырылды", - деп хабарлады басқарма басшысы.
Бұл шара елімізде 2008 жылдан бастап 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізіліп келеді. Іс-шараға қатысатын балаларды іріктеу үшін, алдымен әрбір елді мекенде, қала маңындағы саяжайларда, бөлімдерде, фермаларда «тәуекел тобындағы» (қадағалаусыз және панасыз балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар және мигранттар, қайыршы балалар, далада жұмыс істейтін балалар және т.б.) балаларды анықтау үшін рейд жүргізіледі.
Содан кейін рейдтердің қорытындысы бойынша «тәуекел тобындағы» отбасылардан шыққан және әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың персоналды тізімдері жасалып, білім беру органдарына және демеушілерге беріледі.
Акция кезінде білім беру мекемелері мен ұйымдарында сенім телефондары мен қоғамдық қабылдаулардың үзіліссіз жұмысы ұйымдастырылады. Ірі сауда орталықтарында гуманитарлық көмек пункттері орнатылады. Акцияны ұйымдастырушалар қатарына:
1) ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті;
2) Облыстардың, Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері;
3) Білім басқармалары;
4) Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер;
5) Орта білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы Департаменттер;
6) Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың хатшылары, басқа да мүдделі тараптар кіреді.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, сондықтан қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілерді, меценаттарды, мемлекеттік құрылымдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсетуге тілек білдірушілер тұрғылықты жері бойынша аудандық білім бөлімдеріне немесе тікелей білім беру ұйымына жүгіне алады.
Жедел желі байланыстары хабарландыруда Алматы қаласы білім басқармасының сайтында көрсетілген.
Алатау ауданы бойынша: 87006131198
Алмалы ауданы бойынша: 87470448553
Әуезов ауданы бойынша: 87025395397
Бостандық ауданы бойынша: 87772806650
Жетісу ауданы бойынша: 87472940554
Медеу ауданы бойынша: 87759194000
Наурызбай ауданы бойынша: 87089359498
Түрксіб ауданы бойынша: 87479013814
Сөз соңында Л.Жылқыбаева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, қазіргі уақытта 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сыныптарының барлық оқушыларын тегін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша дайындық жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар, мемлекеттік мектептердің оқушылары қайтарымды негізде 100% тегін оқулықтармен қамтамасыз етілетінін, ал 2-сынып оқушылары жаңа оқулықтар алатынын нақтылады.
Abai.kz