Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ. ЖҮРЕКТЕГІ ЖАНАР
Жарық дүниеге келіп көзін ашқаны жаңа ғана сияқты еді, бәрі бір сәтте жалп етіп сөнді. Өшті. Бұл үшін таң атпай, күн шықпай қалды. Түн. Қою қараңғылық сейілер емес. Төрт жасар бала не түсінеді. Қолды - аяққа тұрмайды, ойнағысы, жүгіргісі келеді. Үй ішінде тарсыл - гүрсіл көбейді. Алтын асықтай асыр салып ойнап жүрген балаларының бір сәтте мүсәпір күйге түсіп, бір уыс болып қалғанын көру ата - анаға оңай ма. Әке - шеше есеңгіреп қалды. Шыбын жандарын қоярға жер таппай қиналды. Сенгілері келмейді. Құлыншақтары дәл қазір көздерін ашып жүгіріп кететіндей көрінеді. «Қызылшамен кім ауырмай жатыр. Ертең - ақ тәуір болады.» Тағы да маңдайын кереуеттің қырына соғып алды Әрине, жас сәби құлындай шырқырап жылайды. Оған қосылып анасы еңірейді. Сәбиін бауырына басып, Алладан көмек сұрайды. Алғашында, кешікпей тәуір болып кететін шығар деп үміттенген. Жоқ. Дәрігерлер үміт отын біржола өшірді.
Осылай күн өтті, ай өтті...Үйден береке қашты. Отағасының да қабағы ашылмайды. Жас күнінде балалардың бәрі дерлік ауыратын қызылша осылай ойламаған жерден Ақтөбе облысының Шалқар ауданы аумағындағы 71 разъезде тұратын Жүребековтер отбасын есеңгіретіп кетті. Көмегі тиер деп, Алматыға, бір шеті Орынборға дейін, дәрігерлерге шапқылады. Олардан да қайыр болған жоқ. Бәрінің айтатыны бір ақ сөз: «баланың жанарын қайтару мүмкін емес.»
Жарық дүниеге келіп көзін ашқаны жаңа ғана сияқты еді, бәрі бір сәтте жалп етіп сөнді. Өшті. Бұл үшін таң атпай, күн шықпай қалды. Түн. Қою қараңғылық сейілер емес. Төрт жасар бала не түсінеді. Қолды - аяққа тұрмайды, ойнағысы, жүгіргісі келеді. Үй ішінде тарсыл - гүрсіл көбейді. Алтын асықтай асыр салып ойнап жүрген балаларының бір сәтте мүсәпір күйге түсіп, бір уыс болып қалғанын көру ата - анаға оңай ма. Әке - шеше есеңгіреп қалды. Шыбын жандарын қоярға жер таппай қиналды. Сенгілері келмейді. Құлыншақтары дәл қазір көздерін ашып жүгіріп кететіндей көрінеді. «Қызылшамен кім ауырмай жатыр. Ертең - ақ тәуір болады.» Тағы да маңдайын кереуеттің қырына соғып алды Әрине, жас сәби құлындай шырқырап жылайды. Оған қосылып анасы еңірейді. Сәбиін бауырына басып, Алладан көмек сұрайды. Алғашында, кешікпей тәуір болып кететін шығар деп үміттенген. Жоқ. Дәрігерлер үміт отын біржола өшірді.
Осылай күн өтті, ай өтті...Үйден береке қашты. Отағасының да қабағы ашылмайды. Жас күнінде балалардың бәрі дерлік ауыратын қызылша осылай ойламаған жерден Ақтөбе облысының Шалқар ауданы аумағындағы 71 разъезде тұратын Жүребековтер отбасын есеңгіретіп кетті. Көмегі тиер деп, Алматыға, бір шеті Орынборға дейін, дәрігерлерге шапқылады. Олардан да қайыр болған жоқ. Бәрінің айтатыны бір ақ сөз: «баланың жанарын қайтару мүмкін емес.»
Осылай күндер өтіп жатты. Қаратүнек тұмшалаған түннен айырғысыз күндер. Тағдыр басқа салған соң, не амал, бәріне де көндігесің. Ол көрмесе де, шешесінің жанары жасқа толып, кемсеңдеп отырғанын сезеді. «Апа неге жылайсың?» «Құдай жылатып қойса, жыламағанда не істеймін, өзің сияқты жұрттың балалары мектепке барып жатыр.» Апасы одан сайын егіледі. Алты жыл әжептәуір уақыт қой, онға аяқ басқан бала біраз нәрсені түсіне бастады. Әкесі үйде болған кезінде оны алдынан түсірмейді, бауырына басып: «Өле - өлгенше құлынымды жылатпаймын, ешкіңмнен кемқылмаймын, қор болмайды!»-дейді. «Сосын...Сосын бұл бейбақтың күні не болады!?.» Шешесінің үнінде үрей бар. Осындай сөздерді құлағы шалған мұның да жүрегі мұздап кетеді.
Әке мен бала оңаша қалған бір сәтте Құланбай тұтқиылдан сұрақ қойған. «Әке, мен осылай жүре беремін бе?» Тосын сұрақ әкесін тұйыққа тіреген сияқты. Ол үн-түнсіз көп отырды. Не десін, баласының жайын ойламай жүрген жоқ. Талай түнді кірпік ілмей өткізгенін кімге айтады.Уақыт болса зырылдап өтіп барады. «Он бірге толады. Ертең ер жетіп есейеді. Сондағы күні не болмақ? Өздері де мәңгілік емес қой, көздері жұмыла қалса, Құланбайды кім асырайды, кім сақтайды?!» Осыларды ойласа, жүрегі езіліп, жанын қоярға жер таппайды. Жан - жаққа сұрау салған. Қарағандыда осындай зағип балаларды оқытып, тәрбиелейтін интернат бар көрінеді. Бірақ, көзін жәудіретіп апарып тастауға қимайды. Қорқады. Қанша дегенмен, үйдегідей болмайды ғой. Жай да тағдырдың тәлкегіне түскен баласының мойнына тірі жетімнің қамытын өз қолымен қалай ілмек?! Ол осындай көп сауалдың жауабын таба алмай қиналады. «Өзің қалай ойлайсың?» Құланбайдың жауабы дайын екен. «Оқуым керек»,- деді бірден. «Жақын жерде тұрған оқу жоқ қой.» « Алысқа апар!» Баласының сенімді үні әкенің дұрыс суарылмаған пышақтың жүзіндей жасып қалған қайратын бір жанып өтті. Соның өзінде Қарағандаға бармасақ деген үні әзер шықты.
Құланбай Қарағандының қайда екенін қайдан білсін. Құдай сездірді ме екен, әйтеуір, сол күндері ол қайда болса да бәрібір баруым керек, білім алуым керек деген ойға бекіп, әкесіне «Мені Қарағандыға апар», -деді. Қазір айтуға жеңіл ғой, әйтпесе, екі көзі көрмейтін баланы бөтен ортаға апарып тастап кету әке- шешеге оңай ма. Бала болса да Құланбай іштей тағдырына мойын ұсынып, белді бекем буған секілді. Жол бойы әкесін кәдімгі үлкен кісідей әңгімеге тартып,біраз жайдың басын шалды. «Маған алаңдамаңдар, оқып, мамандық аламын,ертең сендерге көмектесемін»,- деп қояды. Осы сөздерді естігенде әкесінің көңілі босап, көзіне жас үйірілді. Оны Құланбайға сездіргісі келмейді, ақырын ғана қалтасынан қол орамалын ала бергені сол еді, Құланбай: «Әке, жылама, бәрі жақсы болады»,-деді. «Тәуба, Алла баласының жанарын алса да жүрегіне сәуле құйған секілді. Осыған дейін ешкімге міндетін артқан емес, бәрін біледі, бәрін түсінеді. «Өмір бойы мені жетелеп жүрмейсіңдер» деп жалғыз жүруді үйренді. Сүрінді.Құлады. Жылады... Бірақ, алған бетінен қайтқан жоқ. Бір естігенін қағып алады. Әсіресе, нәрсенің түр-түсін қайталауға құмар. Сонысымен айналасындарға өзінің көзі көрмейтінін ұмыттырып жіберетіні де бар...»
Құланбай қоштасарда да жасыған жоқ. «Апама сәлем айт, демалыста келемін»,-деді. Интернатта өзі сияқты балалар көп екен, өздері келіп танысып жатыр. Кейбіреуі мүлде көрмесе, кейбіреулері табан астын ажырата алатын сияқты. Тәрбиешілер де жаңа қосылған мұны шет қаққан жоқ. Әрине, ол алғашқы күндері алыстағы ауылын, сонда қалған анасын, бауырларын сағынды. Сағыныш меңдеп, ештеңеге көңілі соқпай қиналған кездері де болды. «Үйге қайтсам қайтеді?» деген ой да нақ осы кезде қылаң берген. Жоқ дейтін ол сәлден соң өз ойынан өзі шошып. «Үйде не бітіремін, қайткен күнде де тағдырды жеңуім, білім алуым керек. Алда үлкен өмір күтіп тұр. Қиындықтардың да аттаған сайын аяқтан шалары анық. Сонда білім ғана көмекке келеді. Білім ғана алға жетелейді. Білімнен құралақан қалса,нағыз соқырлық сол. Басқа таңдау, басқа жол жоқ.» Осылай өзін қайрап - қайрап алып кітапханаға жөнеледі. Мұндағылыар кітапты саусақпен сипалап отырып оқиды екен, сол әдісті тез меңгеріп алды. «Сау болса да, соқыр болса да баланың аты бала ғой, көпке дейін жаңа ортаға көндіге алмадым, не істерімді білмей көп қиналдым.Бар бітіретінім- торыққанда , тамақ ішпей жатып аламын. Осының бәрінен мені құтқарған кітап.Кітап оқи алатын болғаннан кейін өмірім күрт өзгерді. Әсіресе, Николай Островский деген автордың «Құрыш қалай шынықты» деген кітабы қатты әсер етті, оны мұндағылардың бәрі кезектесіп оқиды екен. Мен бір емес, бірнеше рет оқып шықтым. Үйге кетіп қоймағаныма қуандым. Кітаптан бас алмайтын болдым, өзімді өзім аямай білімнің соңына түстім. Бұл міндетті ойдағыдай шештім ғой деймін. Мектепті бітіргеннен кейін көппен бірге университетке түсуге ұйғардым. Өзіме деген сенімім сондай күшті болды»,- деп сол күндерді еске алады ол.
Құланбайдың таңдауы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түскенде, оны білетіндер таңданған жоқ. Ауызша емтихандардан сүрінбей өткен ол көппен бірге шығарма жазуға отырды. Ол ол ма, бөлінген уақыт аяқталмай жатып - ақ, «мен болдым» деп шығармасын тексеруге ұсынған. Осы арада емтихан алып отырған ұстаздар аңтарылып қалды. Олардың арасында Құланбайдың жазуын оқи алатын оқытушы жоқ болып шықты. Құланбай сезіп отыр. Қалай тексереміз дегендей олар біріне-бірі қарайды. Оның жолын Құланбайдың өзі айтып берді. «Мен жазғанымды сіздерге үтір-нүктесін қалдырмай оқып берейін, сіздер көшіріп алыңыздар да оқып шығыңыздар», -деді. Бұл ұсынысқа емтихан алушылар қарсы болған жоқ. Олар Құланбайдың еңбегіне бес деген баға қойды. Кешікпей студент куәлігін қалтасына салды, көппен бірге жатақханаға орналасты. Оқуға түсуін түскенмен қатардан қалмау оңайға соқпасын ол алғашқы күндері - ақ сезінген.Өйткені, бұған дейін мұнда екі көзі мүлде көрмейтін адам оқымаған болуы керек, Брайль тіліне түсірілген оқулықтар жоқ болып шықты. Жады мықты. Лекцияда ауыздан шыққан сөздің бәрін қағып алады. Бірақ, жақсы оқу, жан-жақты білім алу үшін бұл аз. Не істеу керек? Осы арада оған өзімен бір топта оқитын балалар көмекке келді. Олар кітапханаға барғанда Құланбайды қалдырмай сабаққа бірге дайындалды, оған қажетті әдебиеттерді оқып беріп отырды. Осының бәрін айтқызбай істеді. Тіпті өздері бұған айтпай кезек те құрып алыпты.
-Менің бағыма қарай біздің топқа кілең сабақты үздік оқыған балалар ілігіпті. Бәрі суырылып тұр, бірінен бірі өтеді. Семинар сабақтарында біреуі бір пікір айтып жатса, екіншісі тұрып «мен пәлен деген ғалымның еңбегін оқыдым, ол кісі былай дейді»- деп курстасына қарсы уәж айтады. Мен де олардан қалыспауға ұйғардым,- дейді Құланбай.- Қатар жүрген балалар қанша көмектессе де, оларға ғана қарап отыра алмайтынымды түсіндім. Сосын өзіме керек кітаптарды магнитофонға жаздырып алатын болдым. Соларды қайта-қайта тыңдап, көптен қалмадым.
Уақытта тоқтау жоқ қой. Әр күні қарбаласқа, қиындыққа толы болғаны соншалық, ол төрт жылдың қалай өте шыққанын аңғармай да қалды. Алда- практика, дипломдық жұмыс... Осылай өз өмірінің тағы бір белесі жайлы ойланып - толғанып жүргенде ол күтпеген жайға тар болды. Өткен жылы 8 - наурыз мерекесі кешінде танысқан қыз жатақханаға келуін жиілетіп кетті. Жетелеп анда да апарады, мында да апарады,кереке кітаптарын оқып береді. Әйтеуір қасынан шықпайды. Дәл осы кезде ол жүрек түкпірінде бір сезімнің тұтанғанын сезген. Сол сәтте өз ойынан өзі шошып, тұтанбаған сезімді тұншықтыруға тырысқан. «Ол кім, мен кіммін?» Мейірханның Құланбайға жиі келетінін балалар да байқаса керек, бәрі де жақсы қыз деп мақтайды. Орта бойлы, аққұба өңді,дөңгелек жүзді қыз бәріне де ұнаған. Өзі ақжарқын, бірде көрмесем сағынып қаламын деп Құланбайдың жүрегін тағы бір дір еткізген. Құланбай тіпті ойлауға қорқады. «Жай балалық шығар, бәрі де уақыт өте ұмытылады. Алла тағала маңдайыма не жазса соны көрермін» деп іштей өзін өзі қайрай түседі. Осы күнге дейін ол өзіне өзі сеніп келді. Алда өзін талай сын күтіп тұрғанын түсінеді.Соларға дайын болуы керек. Осындай ойлар меңдеген ол өзін ешқашан аяп көрген емес. Соның арқасында біраз нәтижелерге қол жеткізді. Ең бастысы ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі жүріп-тұра алатын болды, ешкімге салмақ салмақ емес, бәрін өзі істейді. Жасынан спортпен айналысқанының да пайдасын көріп жүр. Денесі жеңіл, жүрісі ширақ. Жалғыздыққа да үйреніп келеді. Әттең...әттең!!! Оған мойып жатқан бұл жоқ. Алла салды, бұл көнді. Тәубе, бүгінге дейін біраз жерді аралады. Зағиптар арасында велосипеттен Белоруссияда өткен халықаралық жарыста төртінші орын алды. Бішкекте шахматшылар арасында топ жарды. Спорттық гимнастикадан екінші разрядтың нормасын орындады.
Осылармен айналыса жүріп ол музыкаға ерекше ден қойды.Бұл баян мен гитараға қосылып ән салғанда жұрт ұйып тыңдайды. Соңғы жылдары университет қабырғасындағы бір де бір концерт мұның қатысуынсыз өткен емес. Іші сезеді, қыздың жүрегіне шоқ салып жүрген де осы өнері болуы керек. Бірде гитарада қалай жақсы ойнасыз деп Мейрамханның өзі де сездіріп қойған. Құланбай музыкаға кездейсоқ келген жоқ. «Суға кеткен тал қармайды дегендей, алдағы өмір жайлы жиі ойланамын ғой, қалай нан тауып жеймін, немен айналыссам жұрттан кем болмаймын. Осындай сауалдар жиі мазалайтын. Ақыры музыкамен шындап айналысуға ұйғардым.» Осы іске шындап кірісті, Бетховен, Бах, Глинка, Шопен, Чайковский, Беккер сынды классик композиторлардың шығармаларын орындайтын деңгейге жетті. Тыңдарман оған Абайдың әндерін де қайта-қайта айтқызатын. Алматыға келгеннен кейін Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шықты.
Бірде олар Алматының көшесінде қол ұстасып келе жатты. Екеуі де өте көңілді. Құланбай бүгін өзін көптен мазалап жүрген ойдың шетін шығармақ. Бәрінен де сезім күшті екен, ақыл да, сабыр да оның алдында бас иген. Дәл қазір оған Мейрамхансыз өмір қызық емес. Бір ойы бүгін айт, ертең кеш болады дейді. Үркітіп аламын ба, бір жола айырылып қаламын ба деп те қорқады. «Жоқ, айту керек, бүгін айту керек!» «Мейрамхан, бірдеңе айтсам ренжімейсің бе?» «Айтсаң айта бермейсің бе, қашаннан бері менен рұхсат сұрайтын болғансың?! Айт,айт! Ренжіп қауымда мүмкін, әуелі сөзіңді естиік,сосын көре жатармыз?!» Қыздың даусы сыңғыр- сыңғыр етеді. Ол үндемей қалды. Іштегі арпалыс аузын буып тұр. Оны қыз қайдан білсін. «Айтатын болсаң, бұлданбай айтсайшы»,- дейді назданып. «Маңайда орындық бар ма? Отырайықшы.» Жүр деп қыз мұны жетелей жөнелді. Бақтың іші болуы керек, құстар ән салады, гүлдердің жұпар исі мұрныңды қытықтайды. Бұлар жалғыз емес сияқты. Ана жерден, мына жерден жастардың жамырай күлген дауыстары естіледі. Күннің ыстығы ма, әлде ішкі толғанысы буып бара ма, маңдайы шып-шып терледі. Сірә да, өмірде бұлай толқымаған шығар, қазір айтады, бәрі бүлінеді. Тағы да жалғыз қалады. Ол бәріне үйренді. Тек қорқатыны жалғыздық қана. Жолдастары көп.Мұның көмегіне зәрулер аз емес. Дегенмен солардың бәрі Мейрамханға жетпейді. Онымен танысқалы өмірі өзгерді.
- Құланбай не айтаын деп едің?
- Алла жазса, оқуым бітеді ғой.
- Иә, сосын ауылға тартып кетпексің бе!? Қыз тағы да сылқ-сылқ күлді.
- Ауылды да сағынамын. Бірақ ол жаққа барғанда не бітіремін. Әке- шешеме масыл болып үйде отырғым келмейді. Неде болса осында қалып бағымды сынағым келеді.
- Дұрыс айтасың.Сына, оған кім бөгет болады?!
- Айтайын дегенім ол емес.
- Енді айтатын болсаң айтсайшы, жұмбақтай бермей.
- Ренжімейсің бе?
- Ренжімеймін дедім ғой, неше рет қайталау керек.
- Менің өзіңді сүйетінімді білесің ғой...
- Сан рет айтқансың! Менің жауабымды да білесің, сан мәрте естігесің!
- Ендеше маған тұрмысқа шықсаң қайтеді?!
Қыз үнсіз қалды. Демін ішінен алып бұл отыр. Уақыт өтер емес, секунттың өзі ұзарып кеткен сияқты. Жүрегі аузына тығылып, дүрсілі жиілеп барады.
- Мейрамхан!
Қыз үнсіз.
-Мейрамхан!!!
- Не болды сонша?
Дауысында өзгеріс жоқ сияқты. Демек, ренжіген жоқ. Оған керегі осы.Қалғаны маңызды емес, Мейрамханы ренжімесе болғаны.Иығынан бір ауыр жүк түскендей, бойы жеңілдеп сала берді. Еңбастысы -айтылатын сөз айтылды. Енді асықтырмайды. Қанша күт десе де күтеді. Өзі қойған сауалдың жауабы оңай шешілмейтінін ол да түсінеді. Өзі де оның төңірегінде мың ойланып, мың толғанған. Айтудың ретін таба алмай қиналған, бірақ, жүрегі қояр да қоймады, айтқызып тынды. Осыған дейін сапырылысып, тайталасып маза бермеген сан түрлі ойлар зым- зия жоқ болды. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Бойына өзі де айтып түсіндіре алмайтын бір сенім пайда болды.
-Жүр , күн кешкіріп барады, үйге қайтайық ,- деді Мейрамхан оның қолын алып. Алақаны күйіп тұр екен. Бұл сол сәтте аласұрған қыз жүрегінің дүрсілін естігендей болды. «Қазір...қазір өз шешімін айтады. Мейрамхан- ашық қыз, көңіліңе қарамайды, ойындағысын бүкпесіз ақтара салады...» Жатақханаға жеткенше Мейрамхан тіс жарған жоқ. Тек қоштасарда ғана:
-Ойлануға уақыт бересің бе? деді. Үні жұмсақ.
- Әрине, әрине! деді ол қуанышын жасыра алмай. Үзілудің аз-ақ алдында тұрған үміт жібі қайта жалғанған сияқты. Ол енді көп бөгелген жоқ, басқа сөзді естігісі келмегендей, тез - тез басып бөлмесіне бет алды.
Ол сол түнді ұйқысыз өткізді. «Әрине Мейрамхан әке-шешесімен, туыстарымен ақылдасады. Өзі де ойланады. Шешім қабылдау оған оңай соқпасы анық.» Бұл да бір тоқтамға келе алмай көп қиналған. Көзі көрмесе де ешкімнен кем емес. Оқуын үздік бағамен тәмамдағалы отыр. Қолынан бәрі келеді. Осыған дейін өзі оқыған кітаптардан көңілге түйгендері көп. Бала күнінің өзінде-ақ басына түскен ауыртпалықты дұрыс бағалап, болған іске бекемдік танытты. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермей - ақ қойсын. Қос жанары бір сәтте сөнген, табан астын көрмей қалған адамның қандай күйде болатыны түсінікті. Бойын үрей билейді. Аласұрып, басын тауға да, тасқа да ұрады.Жанұшырады. Беймаза күй кешеді. Ол мұның бірін де істеген жоқ. Өйткені, ол қос жанарынан айрылғанда әлі оңы мен солын танып үлгермеген сәби еді. Өмірдің тәтті дәмі таңдайына татымаған, ерніндегі ана сүті кеппеген ол есейе келе де сасқалақтап біреудің етегінен ұстауды ойлаған жоқ, өзін алда күтіп тұрған қиын өмірге дайындады. Екі көзі көрмейді демесең қолынан бәрі келеді, өз міндеті өзінде. Киімдерін өзі жуады, өтектеуді де үйреніп алды. Негізінде ол жалғыздықтан қорықса да, өзін жалғыздыққа, қиындықтармен жалғыз күресуге дайындады. Оның бәрі оңайға соққан жоқ. Құлады,сүрінді. Қайта тұрды. Қазір басқалар сияқты біреудің жетегінде жүрмегені- соның арқасы.Ол өзін мүгедекпін деп сезінбейді. «Мейрамхан! Мейрамхан! Қазір қандай күйде екен?! Оған да оңай болмады-ау!?» Ол бір сәт осы мен шектен шығып кеткен жоқпын ба, деп өзін кінәлай бастады. «Мен кіммін?! Ол кім? Он екі де бір гүлі ашылмаған бойжеткен тағдырын мұнымен неге байланыстыруға тиіс, біреудің бағын неге байлауым керек?!» Осы сәтте ол өзін тұңғиыққа батып бара жатқандай сезінді. Жан дәрмен басқа бір ойдың тізгініне жармасты. «Мейрамханнан айырылу бұл үшін өліммен тең. Мейлі, кім не десе, о десін ,Мейрамхансыз бұған өмір жоқ!»
Осылай түні бойы өң мен түстің арасында жатқан ол таң алдында ғана көз ілгендей еді. Дәліздегі абыр- сабыр жүріс оятып жіберді. Дегенмен, ол әдеттегідей орнынан сергек көтеріліп, дене жаттығуларын жасай бастады. Бүгін сабақ жоқ, диплом жұмысын аяқтауы керек. Әлгі әзірде Мейрамханды бір сәтке жайына қалдырғандай еді, қайтадан көз алдына келіп тұра қалды. «Қайда екен? Не істеп жүр?»
Танысқаннан бері күнде кездесіп, бос уақыттарын бірге өткізетін Мейрамхан бір жылдың ішінде бірінші рет келмей қалды. Құланбайдың кешеден бері өрекпіген көңілі саябыр тапқандай. «Түсінікті болды. Тең теңімен, тезек қабымен дегенді ұмытып, аспандағы айға қолымды созған екенмін ғой. Әлде... Ата-анасы қарсы болып, үйден шығармай қойды ма екен?!.» Үмітін үзгісі келмейді. Уақыт тоқтап қалған секілді. Бәріне қолды бір-ақ сілтеп, кітапханаға да бармай, тамақ та ішпей жатып алғысы келді. «Жоқ, олай болмайды» дейді тағы бір ойы. «Бұл алғашқы ауыр соққы. Әлі талайын көресің. Алла тағала сенің маңдайыңа осыны жазған. Босама! Беліңді бу! Жігеріңді жаны, қайратыңа мін!!!»
Ол кітапханада ұзақ отырды. Қайда асығады. Тамаққа да зауқы жоқ. Бір кезде ол оқу залында жалғыз қалғанын сезді. Жұмыс аяғы таялған болуы керек. Бұл да жайлап орнынан тұрып, кітаптарын жинастыра бастады. Кенет ... «Иә, өзі! Қателесуі мүмкін емес! Тық -тық басып жақындап келеді...» Бұл жүрісті ол жүз адамның, тіпті мың адамның арасынан ажыратуға бар. Жүрегі дүрсілдей жөнелді, кеудесіне сыймай барады. «Жатақханаға бардым, баққа соқтым, еш жерде жоқсың! Өзім де ойлап едім дәуде болса кітапханада ғой деп, қателеспеппін! Жүр кеттік!» Мейрамхан әдеттегідей бетінен шөп еткізді. Бұл біреу қазыққа байлап қойғандай қозғала алар емес. «Жүр сыртқа шығайық, бәрін сосын айтамын!» Мейрамхан бүгін ерекше көңілді. Өңі ме, түсі ме, түк түсіне алар емес.
Екеуі қолтықтасып сыртқа шықты. Көшедегі абыр- сабыр біршама бәсеңдеген секілді. Құланбай күнде өзі жүретін көшеге беттей берген еді, Мейрамхан: «Машинаға отырайық», -деді. Бұл болса, «Көліктің не қажеті бар еді. Осы тұрған жер емес пе, жаяу-ақ бармаймыз ба, әлде сен бір жаққа асығып тұрсың ба?» деп дегбірсіздене бастады. «Жүр деген соң, жүр, бәрін кейін айтамын.»
Құланбайдың жатақханасы кітапханадан алыс емес, тиіп тұр десе де болады. Такси тез-ақ алып келді. Мейрамхан: «Ағай, бізді азырақ күте тұрыңыз, қазір шығамыз»,- деді. «Түкке түсінсе бұйырмасын. Бұл не жұмбақ?» Манағы уайымның бәрі ұмытылды. Бір тылсым күш Құланбайды үйіріп әкетіп бара жатқан сияқты. Ол қарсыласқан жоқ, аяғын тез -тез басып, Мейрамханға ерді.
Құланбайдың бөлмесі екінші қабатта. Бір кілтті мен жоқта келіп қалсаң есік алдында тұрма деп Мейрамханға беріп қойған. Есікті Мейрамхан ашты. Табалдырықтан аттаған Құланбай таяғымен алдында тұрған чемоданды түртіп: «Мынау неге есік алдына келіп қалған?»- деді. «Біреуін ұста, кеттік, такси күтіп қалады.» Мейрамхан алды-артына қаратар емес,бір чемоданды бұған ұстатты да, екіншісін өзі алып, сыртқа беттеді.
Құланбайдың басы тіпті қатты. Такси ирелең-ирелең қала көшелерімен зырылдап келеді. «Не де болса аяғына дейін шыдайын, жас балаша қыңқылдай бергенім дұрыс болмас» деп ойы он саққа жүгіріп, іші астан-кестен болса да,әліптің артын бағып, шыдап отыр. Шамасы жарты сағаттай жүрді ғой деймін, машина бір үйдің алдына келіп тоқтады да, бұлар түсіп қалды. Мейрамхан чемоданның бірін бұған ұстатып жатып: «Екінші қабатқа көтерілеміз»,- деді. Бұл үн-түнсіз еріп келеді. Жайшылықта аузы жабылмаушы еді, дәл қазір тілі байланып, Мейрамханға ергеннен басқа амалы қалмағандай. «Қайда келді? Кімнің үйі?..» Осы сияқты сауалдар мазаласа да, жауабын табуға асыққан жоқ.Бұл үйдің де есігін Мейрамханның өзі ашты. «Оң аяғыңмен атта»,- деді.
Үйге кіргеннен кейін Мейрамхан мұның сыртқы киімдерін шешіндіріп, қолыңды жу деп бір бөлмеге бастады, сосын столдың басына әкеліп отырғызды. «Тамақ ішеміз»,- деді. Құланбайда үн жоқ. Не болғанын түсіне алмай отыр. «Неде болса артын күтейін, Мейрамханның бір білгені бар шығар...» Сонда да мына жайдың мәнісін білгісі келіп өліп отыр. «Мейрамхан, дүние не болып кетті өзі, қинай бермей түсіндірсейші?!.» Мейрамхан сылқ -сылқ күлсін келіп. «Қорқайын дедің бе, осы әңгімені бастаған өзің емессің бе? Тұрмыс құрайық дедің бе, дедің! Мен сол ұсынысыңды қабыл алдым. Бар болғаны осы ғана. Үрейленетін ештеңе жоқ!» Мейрамхан мұны ту сыртынан келіп құшақтап, аймалай бастады.
Құланбай осылай бақыттың бір сәтте өз басына үйіріле кеткенініе сене алмай отыр. «Айтсайшы, шының ба, ойының ба?! Ата -анаң не деді?» Осыдан кейін Мейрамхан бүгінгі күннің оқиғаларын рет -ретімен айта бастады. «Таңертең ерте тұрып пәтер іздедім. Жайшылықта білмейді екенбіз, пәтер табу бір қиын іс екен. Содан үшке дейін жүрдім ғой. Әйтеуір табылды. Басқаларға қарағанда арзандау. Содан кейін келіп саған айтайын десем, үйде жоқсың. Заттарыңды жинастырып, екі чемоданға салдым. Сосын базарға барып тамақ алдым, өзің жақсы көретін кеспе дайындадым. Сөйткенше кеш те болды. Сосын такси алып өзіңді іздедім.» Осының бәрі Құланбай үшін түс сияқты. Сенерін де сенбесін де білмейді. «Бәрімен ақылдасқан боларсың», деді ақырын ғана. «Ақылдастым, ақылдастым! Олардың не айтатыны белгілі ғой. «Асықпаңдар»,- дейді. Бірақ мен енді сені бір күн де жалғыз қалдырғым келмеді. Оған қарсы емес шығарсың?!» Мейрамханның күлкісі тиылар емес. Оқиғаның дәл осылай болғаны рас еді. Бірақ ол жеңгесімен екі арада болған әңгімені бүгіп қалды. Кеше кешкісін Құланбайдың не дегенін жеңгесіне жеткізген. Ол бірден шоршып түсті. «Еркем -ау, не дегенің, не айтып тұрғаныңды түсінесің бе?! Екі көзі көрмейтін адамның етегінен ұстайтындай саған не көрінді!? Ай десе аузың, күн десе көзің бар. Тіпті тұрмысқа шығуға асығатын да кезің емес қой. Ондай сөзді айтпа! Болашағыңды ойла. Ақылды бол»,- деген жеңгесіне Мейрамхан да өз шешімін түйіп айтты: «Жеңеше, өзіңіз жүрекке әмір жүрмейді демеуші ме едіңіз. Құланбайды таңдадым. Бағым ба, сорым ба, оны аладғы өмір көрсетеді. Мен бұған дейін де көп ойланғанмын. Құланбайдың ондай сөзді ерте ме, кеш пе бір айтатынын жүрегім сезетін. Мен оны жауабымды күткізіп, сарылтып қоя алмаймын. Сөйтіп, тағдырдың оған артқан жүгіне бүгіннен бастап иығымды тосамын. Сіз де мені түсініңіз. Ата - анама айтарсыз. Кейін өзім бәрін түсіндіремін.»
Көзі көрмейтін адамнан шошитын жалғыз жеңгесі ғана емес екен. Пәтер іздеп бармаған жері жоқ. Келісіп тұрған адам күйеуінің екі көзі көрмейтінін естігеннен кейін айнып шыға келеді. Осылай бірнеше үйдің есігін қақты. Оны елеген Мейрамхан жоқ. Жүрегі алып ұшып, түскі тамағын ішпегенін де ұмытып, зыр жүгірді, Енді Құланбайы қасында, уһ деп отыр. Құланбай сірә да мәселе осылай шешіледі деп күтпесе керек, бір түрлі ойланып қалды. «Осыным қалай болды? Мейрамханды сүйетінім рас. Ол да сүйетінін дәлелдеп отыр. Дегенмен алдағы күндердің сындарына шыдай алар ма екенбіз? Біреудің обалына қалып жүрмеймін бе?» Ол осындай дүдамал ойларды қуып тастап, « Мейрамхан, мен екі көзім көрмесе де ешкімге ауыртпалығымды салмаймын. Мен бала кезімнен басыма түскен жайды дұрыс бағалап, өзімді толыққанды өмір сүруге дайындаған адаммын.Менің қолымнан бәрі де келеді. Оны өзің де көріп жүрсің. Маған сенгеніңе, жетегіңе алғаныңа айтар алғысым шексіз. Қарыздармын! Ертең оқуымды бітіремін, жұмысқа орналасамын. Ешкімнен кем болмаймыз, көр де тұр»,- деді нық сеніммен. «Антыңды қабылдаймын. Тек, жетегіңе алғаныңа деме, жетегіме ергеніңе де,» Мейрамхан тағы да сылқ-сылқ күлді.
Шыны сол, Құланбай мен Мейрамханның өміріндегі осындай күрт өзгерісті өздері араласып жүрген құрбы -құрдастары дұрыс бағалап, қуанышпен қабылдады. Бұл қалай болды деген бірі жоқ. Олар бұлардың арасындағы достықтың махаббатқа ұласып кеткенін көріп, сезіп жүретін. Содан да жастар емес пе, басқа жұмыстардың бәрін сырып тастап, дуылдасып той қамына кірісіп кетті. Алдымен улап - шулап Құланбайдың ата - анасына, Шалқарға барды. Бұл өмірде өте сирек кездесетін жағдай ғой, балаларының екі көзі көрмейтінін ойлағанда жүректері қайғыдан қарс айырылатын ата - ананың сондағы қуанышын тілмен айтқызып жеткізу қиын. Құланбай қос жанары мөлдіреген киіктің лағындай сұлу қызды ертіп келеді деп кім ойлаған. Осы сәтте олар өздерін бақытты сезінді.Басына түскен ауыртпалықтарға мойымай өмір баспалдақтарымен жоғары өрлеп келе жатқан Құланбай ата - анасына қуаныш сыйлады, өткен күндердің қайғысын ұмыттырды.
Олар туған елдің топырағында аунап - қунап біраз дем алғаннан кейін Алматыға оралды. Мұнда да оларды қуаныш күтіп тұр еді. Жеңгесі Мейрамханға хат жазып, ата - анасының мұның шешіміне қарсы емес екендерін, бұларды күтіп отырғандарын хабарлапты. Жазғы демалыстың уақыты болса да, Құланбай жолдастарын жинап енді Мейрамханның ауылына тартты. Мұнда да жақсы қарсы алды,той болды, жиналғандар екі жасқа бақыт тіледі. «Ата - анаң қандай жақсы адамдар еді!» деп Құланбай көпке дейін сүйінішін қайталаумен болды. Мұндайда уақыт тез өтеді ғой. Құланбай мен Мейрамхан күздің қалай келгенін де аңғармай қалды. Университетте сабақ басталды. Іле Құланбай практикаға шығып, диплом жұмысын жазуға кірісті. Қайда барса да Мейрамхан қасынан қалмайды. Құланбайға да қанат біткен сияқты, ұшып жүр. Осылай бақыттан басы айналып жүргенде Мейрамхан оған тағы бір қуанышты хабар жеткізді, таяуда кішкентайлы болатындарын хабарлады. Осыдан кейін Құланбай «Алла тағала, сол күнге тезірек жеткізе гөр», деп тілейтін болды.
Сөйтіп, 1977 жыл Жөребековтердің отбасына қос қуаныш ала келді. Құланбай оқуын бітіріп Алматыдағы Қазақ соқырлар қоғамына қарасты үлкен мекемеге жұмысқа орналасты. Кешікпей тұңғыштары Марат өмірге келді. Арада екі жыл өткеннен кейін Арман туды. Бұл кезде Құланбайдың қызметі өсіп, кәсіпорынның заң бөлімін басқарып жүрген-ді. Біраз жыл пәтер жалдаудың бейнетін тартқан олар жаңа үйге түскенде тіпті қуанды.
Құланбайға қоғам басшылары кәсіпорынды басқаруды тапсырғанда, ол көп ойланбастан келісімін берген. Өйткені, ол мұндағы жағдайды, өзімен қатар жүрген адамдарды жақсы біледі, бәрімен көптен бері қоян - қолтық араласып жүр. Жалпы, Құланбайға адамдар үйір. Интернатта, университетте солай болған, кейін де олардың қатары қалыңдамаса, сиреген жоқ. Көбі Құланбайға қиналғанда көмек сұрап келеді. Құланбай ештеңесін бөліп бермесе де, солардың мәселесін шешіп риза қылып шығарып салады. «Мен жас кезімде адамның мінез- құлқына қатысты әдебиеттерді көп оқыдым, журналдарды Мәскеуден, Ленинградтан жаздырып алатынмын. Көмек сұрап келген адамды жылы қабылдаймын, алдымен оның басындағы қиыншылық басқаларда да бар екенін, оны шешуге болатынын, ол үшін бірінші кезекте өзің күресуің керек екенін айтып түсіндіремін. Олар менің сөздеріме сенеді. Ал сенім бар жерде жұмыс жақсы жүреді»,-дейді ол.
Жалпы, Құланбай мен Мейрамханның өмірі, отбасы, ортасы, араласып жүрген жолдас-жоралары жайлы том - том роман жазуға болар еді. Біздің қазіргі мақсатымыз басқа. Оларды жастарға үлгі ету, солардың өнегелі өмін сөз ете отырып басқаларға ой салу. Қоғамда мұндай қажеттілік бар. Жасыратыны жоқ ,көптеген жастарымыз болмашы қиындықтарға шыдай алмай, қосылмай жатып айырылысып жатады. Өз басым осындай жағдайды- он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткеннің екі көзі су қараңғы жігітке тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүргенін, бала-шаға қуанышына бөленгенін бұрын-соңды кездестірмеппін, естіген де емеспін. Бұл нағыз ерлік!
Қазір Жөребековтер Астанада тұрады. Мараты мен Арманы ержеткен, қызмет істейді.Немерелері бар. Олар атасы мен әжесіне жан теңгермейді. Ата - ана үшін бұдан асқан қандай бақыт бар.
Осындай жайларды тілге тиек ете отырып, Құланбай мен Мейрамханның өмірі жеңіл болды, олар ешқандай қиындық көрген жоқ десек, қателесер едік. Біздің ұғымызда екі көзі көрмейтін адаммен өмір сүрудің өзі азап. Жоқ. Мейрамхан бұлай ойламайды. «Біздің араласатын адамдарымыз, достарымыз көп. Солар кейде қалай тұрасыңдар деп таңғалып сұрап жатады. Қалай тұрамыз? Жұрт сияқты өмір сүріп жатырмыз. Құланбай ерекше жаралған адам. Алла тағала оның жанарын алғанмен жүрегіндегі сәулені өшірмеген. Оның өнері бір басына жетіп жатыр. Мен алғаш оның әніне, даусына ғашық болдым. Мен ғана емес, оны төңіректегендер көп болатын, әйтеуір маған бұйырды ғой (күледі). Ол осы күнге дейі спортпен айналысып келеді. Қыста шаңғы тепсе, жазда велосипедтен түспейді. Үйде де өзінің спорттық жабдықтары бар. Көшеде ешкімнің көмегінсіз жалғыз жүре береді. Өмірде болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар. Компьютерді де бір адамдай меңгеріп алды. Әрине, қиындықтар да кездеседі. Қиындық кімнің өмірінде жоқ. Біз түгілі сау адамның өзі кейде қиналып, тұйыққа тіреліп жатпай ма?!. » Ол рас. өмір сүрудің өзі қиындықтармен күресу ғой. Осылар жайында Құланбайдың өзі не ойлайды екен?
«Соқыр дегенде жұрттың бәрі қара түнекте жүрген адамды елестетеді. Жоқ, олай емес. Мен көшеде жалғыз жүре беремін.Баратын жеріме өзім барамын. Тіпті шетелге де шығып жүрмін. Өйткені мен кезінде басыма қандай ауырпалық түскенін түсініп, өзімді күрделі жағдайда өмір сүруге дайындадым. Мақтанғаным емес, кебіреулер сияқты жылап -сықтап жеңілдің астымен,ауырдың үстімен жүруге тырысқан жоқпын. Қиналдым бәріне шыдадым. Сөйтіп, өмір дағдым қалыптасты. Шыны керек, мен өзімді жалғыз тұруға дайындадым. Ес кіріп есейген кезде мен сияқты табан астын көрмейтін жанда басқа өмір болуы мүмкін емес сияқты көрінетін. Құдай салды, мен көндім деп мемлекеттің көмегіне ғана арқа сүйеп, қоңырқай өмір кешуге де болатын еді. Мен ондай жолды қаламадым. Мені тұйықтан білім ғана алып шығатынын түсіндім. Бұл жолда да жеңілдік іздеген жоқпын. Жалғыздық кімге жарасқан. Бағыма қарай Мейрамханға кездестім. Менің ойларымның жүзеге асуына жол ашқан сол. Жалпы, өмірде мұндай адамдар көп деп ойламаймын. Сол санаулылырдың біреуін аллла маған бұйыртса, мені де аяғаны ғой. Мен сол бағымды бағалай білдім.»
Айтса айтқандай, Құланбайдың қолынан бәрі келеді екен. Өз киімін (әрине қажет болып жатса) өзі өтектейді, тіпті ине де сабақтайды, ыдыс жуады, картоп аршиды, дүкенге бару керек болса , ешкімнің көмегінсіз оған да барып келеді. Біздің көз алдымызда компьютерді ашып жіберіп, неше түрлі сайттарға енгенде таңғалғанымызды жасыра алмадық. Ең бастысы, ол- болашаққа үмітпен қарайтын адам. Жақында ғана Мейрамхан екеуі Оңтүстік Кореяға барып келді. «Дәрігерге көріндік, қазір не нәрсенің болсын, дамыған заманы ғой, жүрек, бауыр өзімізде де ауыстырылып жатыр. Бір шипасы бола ма, өмірлік серігім- Мейрамханымның ай дидарын, балаларым мен немерелерімді бір көрсем деп едім, мамандар ондай мүмкіндік жоқ екенін айтты, -дейді ол. - Ренжімеймін. Алла тағалаға, тағдырыма ризамын!»
Ол міне, осындай жан!
«Abai.kz»