Сауалнама: Абайды жалғайтын ақын бар ма?
2020 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» деп белгіленді. «Абай күні» ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа танымал болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлы туған күн деп таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы күн күнтізбеге «Абай күні» ретінде ресми бекітілген еді.
Біз бүгін «Абай күнімен» сабақтастыра отырып, қаламгерлер арасында сауалнама жүргіздік.
Әлемдік әдебиетте Абай секілді абызға, аңызға айналған тұлғалардың аяқталмаған жауһар шығармаларын қаламгерлер түрліше жалғастырып, аяқтап жататыны белгілі. Мысалдар да аз емес. Ал Абайда аяқталмаған екі поэма бар. «Вадим» және «Әзімнің әңгімесі». Алдыңғысы – «Лермонтовтан аударма» делінеді, екіншісін хакім «Мың бір түннің» желісімен жазғанын айтады. Осы екі поэманы аяқтайтын ақын бар ма, қазір? Оны аяқтаудың қажеті жоқ па? Қаламгерлер не дейді? Мархабат...
Ақберен Елгезек, ақын:
- Абай күні – Абай ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қою - мерекелеу емес. Бір жыл бойы «Абайтану» маңайында, Абайды насихаттау жағынан жұмыстар атқарылып, ол қорытындылану керек. Соңғы саяси жағдайларға байланысты, Қаңтар оқиғасы, дүниежүзілік пандемияның болуына байланысты «Абайтану» мәселесіне ешкім көңіл аудара алмады. Болашақта 10 тамызда бір жыл бойы «Абайтануға» байланысты қандай шаруа атқарылды, Абайдың шығармашылығы қанша тілге аударылды, қалай насихатталды, «Абайтануға» қаншалықты тереңдедік деген сияқты үлкен мәселелерді қорытындылайтын күн болуы керек. Биыл да елордада, Алматыда Абай күніне арнап көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Мемлекеттік деңгейде үлкен қорытынды жасалуы керек. Сонда ғана «Абайтануда» ілгерілеу жүреді.
Ерлан Жүніс, ақын:
- «Вадим» мен «Әзімнің әңгімесі» поэмаларын аяқтау үшін Абай болып туылу керек шығар. Әлем әдебиетінде де аяқталмаған повестер, поэмалар, романдар бар ғой. Олар сол аяқталмаған күйі тұрады. Сондықтан аяқтаудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Бірақ жас ақындар эксперимент ретінде өздерін сынап, жазып көрсе болатын шығар.
Абайдың туған күні – туған күн аясынан шығып кеткен ірі атаулы күн. Абай күні қазақ үшін ойдың күні, ардың күні, қазақтың өз жанына үңіліп, өзін тану күні. Бұл, шын мәнінде, Ұлттық мереке.
Гүлбақыт Қасен, ақын:
- Дәстүр жалғастығы деген болады ғой. Кейде әдеби қазынамыз халық ауыз әдебиетінен басталады, жазба әдебиетіміз Абайдан басталады деп жатамыз. Біз әдебиетте бәрібір Абайға бас иеміз. Десе де, Абайдың салып кеткен жолы, Абайдың қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасы, бай мұрасын келесі ұрпаққа жаңғырта беруіміз керек. Егер мықты ақындар «Вадим» мен «Әзімнің әңгімесі» поэмаларын жалғастыруды қолға алса, жақсы дүние шығады деп ойлаймын. Қазір мен Мұқағалидың риторикалық жырларына жауап өлең жазған дарынды бір ақынды оқып жүрмін. Өлеңдері әдемі шыққан. Мүмкін болашақта Абайдың поэмаларын да аяқтайтын ақындар табылып қалар.
Біз Абай әлі толық түсініп болған жоқпыз. Тереңіне бойлай алмай келеміз. Абайдың айтып кеткен дүниелерін бойына сіңіре алмай жүрген ұрпақпыз. Мысалы, Абайдың жазып кеткен «Болыс болдым, мінекейі» қазіргі әкімдерге қатысты. Біз көп нәрсенің байыбына бармаймыз. Сондықтан, Абай күні дегеніміз Абайдың ескерткішіне гүл қойып, суретке түсу емес. Әр балабақша, мектептерден бастап мүмкіндігінше Абайдың өлеңдерін жас ұрпақтың санасына сіңіре беруіміз керек. Бұл бір күнге, тек Абайдың туған күніне қадалып қалмау керек. Мемлекеттік идеологияның басында отырғандар,ұстаздар, қаламгерлер, ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналар, журналистер барған жерінде Абайдың титтей де бір сөзін ұрпақ санасына сіңіруге атсалысса ғана Абайдың мұрасын толық игереміз.
Әбдірашит Бәкірұлы, философ:
- Абай заманы мен қазіргі заманның айырмашылығы жер мен көктей. Көзқарас пен дүниетаным өзгерді. Абайдың поэмаларын дәл Абай сияқты жазып шығу мүмкін емес. Жазылған күннің өзінде тек сыртқы ұқсастық күйінде қалады. Абай өлеңдерінде жазады ғой, еріншектік, жайбасарлық, өз тағдырына деген аса бір жауапкершіліктің жоқтығы деген сияқты жаман қазіргі күнгі қазақтың бойынан табылатын жаман қасиеттер ғана ұқсас болып қалады. Абайша жырлаған ақын мына бір мәселені еске ұстағаны абзал. Біз ұлттық тәрбие жүйесіне қайта оралуымыз керек. Бұрынғы қазақтың ұлттық тәрбиесінде ел басқару, көш басқару деген тұлғалық тәлім болған. «Балам көш бастайды», «балам жігіт болады» деп айтып отырған. Бұл бүкіл қазақтың мақал-мәтелінде де тұнып тұр. Ал, қазір біз «жемқорларды» тәрбиелейміз. Қазақы тәрбие абстрактілі ұғым болып қалды. Мектептерде қазақтың дәстүрлі мәдениеті оқытылады, бірақ тұлға тәрбиелеу тұрғысындағы тәлім беру жағы әлсіз.
Қазіргі кезеңде Абайды түйіндеп беру өте қиын шаруа. Бірақ оны аяқтаймын деген ақын не жазушы халықтың ұлттық болмысын Абайдай түсінетін деңгейде болуы керек. Қалада «мерседес» мініп жүрген ақын-жазушы сонау заманда түйе қомында жүрген Абайды түсіне ала ма? Абайды жалғастыратын адам ақын-жазушы ғана емес, ол психолог, социолог, философ болуы керек. Бізде ондай адамдардың қарасы бар. Бірақ олар батылы жетіп, Абайды жалғастыра ала ма? Өйткені, бастаса төпелеген сынның астында қалары анық. Сондықтан, менің ойымша, бұл бір адамның ғана қолынан келетін шаруа емес. Бұл ұжым болып атқарылатын шаруа.
Абай мұрасын тануда көптеген жұмыстар істелуі керек. Мысалы, Абайдың қара сөздерін шынайы философиялық іліммен ұсташтырып зерттеген дұрыс деп ойлаймын. Абайдың даналығы сонда ғана көрінеді. Философияда түрлі бағыттар бар ғой. Солар Абайдың қара сөздерінде кесек-кесегімен кездеседі. Қара сөздерді бірсыдырып оқып шыққан адам байқамауы мүмкін. Соны философиялық талдау жасап, әр сөзіндегі даналықты алып шықса, бұл Абайды қазаққа қайта таныстыру болар еді. Осылайша, Абайды әлемге асқақтата көретуге болады. Осы бағытта асықпай жұмыс атқарылғаны жөн. Абайдың туған күні деп тойлатып, мерекелеткеннен келіп-кетер пайда жоқ.
Абай біздің интеллектуалдық символымыз. Біз Абайды даналықтың форматы ретінде қабылдауымыз керек.
Дайындаған Айжан Темірхан
Abai.kz