Жұма, 13 Ақпан 2026
Абай мұрасы 6007 0 пікір 13 Ақпан, 2026 сағат 13:10

Абай мұрасына адалдық

Сурет: Abai TV арнасынан алынды.

ҚАНИПАШ МӘДІБАЕВА ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Жалпы, кез келген ғылымда сол сала мамандарының ғылыми мұрасына назар аудару, бағалау ғылым тарихын, оның аналитикалық сипаттамасын жасауға айтарлықтай септігін тигізеді. Сол сияқты, кез келген тарихи құбылыс немесе тұлға да өз уақытында еленіп, өз дәуірінің өлшемдеріне сай бағалануы тиіс. Себебі, қанша жерден «Ғалымның хаты өлмейді» десек те, ерте ме, кеш пе ұмыт қалуы мүмкін. Әйтсе де, халқымызда «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Демек, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева апайымыздың оқытушылық, ұстаздық ұлағаты ұмытылмайды. Сонау жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университінің филология факультетінде дәрісін тыңдаған зерттеуші-ұстазымыздың есімі біздің де жадымызда әрдайым сақталары анық.

Жалпы, Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның қазақ әдебиеттануындағы жетекші ғалымдардың бірі ретіндегі жетістігі екі негізгі фактормен анықталады: біріншісі – ғылыми зерттеушілік қыры болса, екіншісі – профессорлық-оқытушылық қызметі. Қанипаш Қайсақызының шығармашылық өмірбаянын сөз еткенде де, зерттеуші-ұстаздың білім беру саласына қосқан үлесін атамау мүмкін емес. Себебі талай тұлғаның бағын ашқан қарашаңырақ ҚазҰУ-дегі оқытушылық қызметі Қанипаш Қайсақызының да ғылымдағы сара жолын қалыптастырды. Осындағы З. Қабдолов, Т. Кәкішев сынды әріптес-ұстаздарының ғылымға деген қызығушылығын оятып, академиялық істерде биіктерге жетуіне дәнекер болғандығын апай өзі де жиі еске алады. «Ғылым», «Жалын», «Қайнар», «Жазушы» баспалары мен «Жалын» альманағында жауапты қызметтерді атқарғанымен, негізгі ғылыми мансабын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушы болып бастаған Қанипаш Қайсақызы білім берумен қатар «Хандық дәуір әдебиеті», «Зар заман ағымы» секілді елеулі кезеңдерді жүйелі түрде зерттеді, «ХІХ ғасыр әдебиеті» мен «Абайтану» оқулықтарын әзірлеп, аталған пәндердің академиялық негізін құруға, жоғары мектептердегі филологиялық білім берудің негізгі бағыттарына айналуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Сондай-ақ, ғалымның педагогикалық мұрасы әр жылдары жарияланған «Әдебиеттану ғылымы және білім беру», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби сыны», «Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Өрісті өнер», т.б. оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдарымен толықты. Қанипаш Қайсақызы аталған еңбектердің авторы ретінде жас зерттеушілердің ізденісіне жол ашты. Ғалым «оқыта тәрбиелеу» дейтін педагогика ғылымының негізгі ұстанымына сай білім берумен қатар, «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар клубын құрып, талантты шәкірттерінің арасында жыр мүшайраларын, әр түрлі өнер фестивальдары мен зияткерлік сайыстар ұйымдастырды. «Ай-Ару» атты әдеби-танымдық жинақ шығарып, онда дарынды шәкірттерінің тырнақалды туындыларын жариялап, сәт сапар тіледі. Сондықтан Қанипаш Қайсақызының ғалымдығымен қоса білім беру саласындағы жоғары кәсібилігі кейінгі буын үшін жарқын үлгі деуге болады. Әсіресе, ғалымның педагогикалық мұрасының бір арнасы әдебиеттану саласының іргелі бағыттарының бірі – абайтануға арналды. Ғалымның 2013 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Абайтану» оқу құралы студент жастарды уақыт ілгерілеген сайын құндылығы артқан Абай ілімімен сусындатуға және А. Байтұрсынұлынан бастап, абайтану ғылымының қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген М. Әуезов, С. Мұқанов, А. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, Қ. Өмірәлиев, А. Нұрқатов, Қ. Мұхаметқанов, М. Мырзахметұлы секілді көрнекті абайтанушы-ғалымдардың зерттеу еңбектерінің құнды жетістіктерін талдау мен түсіндіру бағытында әзірленді. Ғалымның Абай мұрасына деген қамқор көзқарасы кейінгі зерттеу мақалаларында да айқын танылады.

Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның ғылыми мұрасының жан-жақтылығы отандық әдебиеттану ғылымының әртүрлі салаларында, атап айтқанда, ХІХ ғасыр әдебиеті, абайтану, жамбылтану сияқты бірнеше бағыттарда көрінеді. Ғалымның негізгі ғылыми жұмысы ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін «зар заман» контекстінде, әсіресе, Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасын зерттеуге бағытталды. Ғалым «зар заман» ағымының қазақ әдебиетіндегі маңызын, пайда болу себептері мен көркемдік-идеялық, жанрлық ерекшеліктерін осы әдеби қозғалыстың көрнекті өкілі Шортанбай Қанайұлының шығармашылық мұрасы негізінде зерделеп, кешенді ғылыми талдаулар жасады. Қанипаш Қайсақызы осы ғылыми еңбегінде М. Әуезов негіздеген «зар заман» ағымын теориялық тұрғыдан жетілдіріп, аталмыш дәуірдің ғылыми сипаттамасы мен өзіндік спецификасын саралап көрсетті. Халқымыздың тұтас бір тарихи дәуірдегі мінез-құлық ерекшеліктерін поэтикалық шеберлікпен суреттеген Шортанбай Қанайұлының қазақ әдебиетіне жаңаша бағыт әкелген шығармашылық тұлға екендігін қисынды ғылыми пайымдауларымен дәйектеді. Сонымен қатар «қазақтың бар заманы зар заман еді, сондықтан оны жеке әдеби ағым ретінде қарастырудың ендігі жерде реті бар ма?» дейтін академиялық дискурстардағы әр түрлі гипотезалар мен көзқарастарға ғылыми фактілермен тиянақты жауаптар беріп, «зар заманның» отаршылдық кезең әдебиетінің қоғамдық-саяси сипатын ашатын ауқымды әдеби ағым екендігін дәлелдеді. Осылайша әдебиеттанудағы тарихи жадты жаңғыртып қана қоймай, ұлттық әдебиеттегі «зар заман» дәуірі мен сол кезең ақындары туралы әдеби білімді байытты.

Ал, Қанипаш Қайсақызының абайтану саласындағы кейінгі жылдардағы зерттеулері негізінен деректану сипатында жүзеге асады. Ғалым өзіне дейінгі абайтанушы ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, әсіресе, Абай шығармаларының жазылу, таралу тарихын нақтылауға, Абайдың ақындық мектебінің өз ортасы мен ізбасар шәкірттеріне әсерін талдауға ерекше ден қояды. Сондай-ақ, «Абай өлеңінің құрылысы» мақаласында ғалым өзі жазғандай, «кәнігі өлең білгірлерінің, өлеңтанушы мамандардың теориялық танымындағы мызғымас негіздерді тұғыр ете отырып» абайтану тарихында жылдар бойы қарастырылып келе жатқан Абай өлеңдерінің архитектоникасына қатысты мәселені қозғайды. Қанипаш Қайсақызы аталмыш мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы қазақ поэзиясындағы тұтас шумақты өлең түрі деп таныған Абай шығармаларының («Антпенен тарқайды», «Мәз болады болысың») жалпы саны аудармаларымен қоса алғанда 57 екендігін санамалап көрсетеді. Сонымен қатар «Әлемдік поэзия заңдылықтарын да жетік білген З. Ахметов айқындамасында да «бұл қалай» дегізетін тұстар бар» деп Абай өлеңдерінің метрикалық құрылымына қатысты академиктің кейбір пайымдауларында ілгерідегі қазақ поэзиясының әлеуеті толық ескерілмегендігіне назар аударады. Ш. Уалиханов, Қ. Өмірәлиев, Б. Кенжебаев секілді ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, бұл тұжырымын нақты мысалдармен түйіндейді. Осылайша Қанипаш Қайсақызы «Абайдың қазақ өлеңіне қосты деп танылып келген жаңалық бағытын қайта бір саралағаннан Абайдың ақындығы аласарып қалмайтынын» алға тартып, тек Абайға ғана тән делінген өлең түрлерінің ертеректегі қазақ әдебиетінде балама үлгілері бар ма, жоқ па деген сауалдың маңыздылығына мән береді.

Қанипаш Қайсақызының абайтанудағы тағы бір назар аударарлық еңбегі Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттеудегі Қ. Мұхамедхановтың ғылыми және адами ерлігіне арналады. Абай шығармаларының түпнұсқа мәтіндерінің сақталуы мен кеңестік кезеңнің идеологиялық бұрмалануларынан қорғаудағы, сондай-ақ, ел арасында сақталған ақын өлеңдерін іздеп табу, ғылыми айналымға қосу секілді Қ. Мұхамедхановтың жанкешті тарихи еңбегін «Ғалымхат» атты портрет-эссесінде жан-жақты зерделейді. Осы жинақта Әсет Найманбайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Көкбай Жанатайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Мұқа, Баймағамбет т.б. Абайдың ақын, өнерпаз шәкірттерінің өмірі мен әдеби мұрасын ғылыми кеңістікке шығарудағы Қ. Мұхамедхановтың іргелі зерттеулерін талдап, абайтанушы-ғалымның ақтаңдақ тұлғалардың есімдерін рухани мәдениетімізге қайтарудағы күш-жігерін, негізгі ғылыми аспектілерін саралайды. Осылайша, Қ. Мұхамедхановтың ғылыми мұрасын насихаттаумен қатар Қайым секілді жансебіл тұлғалардың шығармашылық портретін ашады. Автордың бұл еңбегін қайымтанудағы үлкен олжа деумен бірге, кезінде саяси қысымдардың салдарынан өрістей алмаған ұлттық әдебиеттанудың, әсіресе, абайтанудың дерекнамалық тұрғыдан дамуына қосылған сүбелі үлес деуге болады.

Негізінен, Қанипаш Қайсақызы зерттеу мақалаларында абайтану саласындағы жетістіктермен қатар бірқатар өзекті мәселелерді де қозғайды. Мәселен, Абай шығармаларын шет тілдерге аудару тәжірибесі, Абайдың ақындық кітапханасын «Абай ақындығының айналасы» негізінде қарастыру сияқты абайтанудағы өзекті әрі ауқымды міндеттер Қ. Мәдібаева зерттеулерінде сөз болады. Ғалым Абайды әлемдік рухани кеңістікте тану мен танытуда ақын өлеңдерінің сапалы аударылуын, аудармашыларға Абай ғұмыр кешкен дәуірдің тілдік ерекшеліктерін, этномәдени ұғымдар мен Абай тілінің грамматикалық сипаттамасын меңгерудің маңыздылығын айрықша атайды. Сонымен қатар тәржімашының көркем аударманың теориясын игерумен бірге Абай тілінің поэтикасына қатысты ғылыми еңбектерге жүгінуі секілді принципті мәселелерге назар аударады. «Абайдың А. Пушкинді, М. Лермонтовты аударуын М. Әуезов, І. Жансүгірұлы, З. Ахметов, Т. Әлімқұлов, Т. Шапай қалай тағына жеткізе қайырып саралайды десеңізші. Осылайша, Абайды шет тілге аудару өнерінде озық шыққан кім бар? Білеміз бе? Біле алмай келеміз бе? Әлде, біліп айта қоярлықтай, ауыз толтыратын бір тұшымды аударма нұсқасы жоқ па?», – деп ғалым Абайдың сөз айшығын дұрыс ұғып, сапалы аударған сауатты аудармашыға зәрулікпен қоса, осы бағытта жазылған құнарлы зерттеулердің жоқтығын баса айтады. Сондай-ақ, Қанипаш Қайсақызы «Абай және Шығыс» атты арналы бағытты шығыстанушы, дінтанушы мамандардың арабтілді, түріктілді, парсытілді әдебиеттер негізінде зерделеуі абайтануда әлі де терең талдау мен мәнді ұйғарымды қажет ететін күрделі мәселе екендігіне тоқталады. Абайдың ақындық кітапханасындағы ықпалды Шығыс шайырларының қысқаша ғұмырбаяндық анықтамалығын жасау, сол шығармашылық тұлғалардың дүниетаным, дінтаным, поэтикалық кеңістігінің Абайға ықпалын ғылыми танымда саралау өзектілігі де күн тәртібінде болуы тиіс деп тұжырымдайды.

Расында да, Абайды декларативті түрде ұлықтаудан гөрі ақын шығармашылығын қазақ мәдениеті мен әлемдік әдеби тәжірибе тоғысында қарастыру, аталмыш саланың зерттеу аппаратын жаңарту бүгінде абайтанудағы өзекті міндеттердің бірі десек болады. Қанипаш Қайсақызы абайтанудағы осындай қилы мәселелерді көтере отырып, бұл бағытта ізіне түсіп, індете зерттейтін мамандардың тапшылығын да жоққа шығармайды. Сондықтан да ғалым жас ізденушілерге абайтану тарихында түрлі себептермен кедергіге ұшырап, кең айналымға шықпаған концепцияларды зерттеуді құлаққағыс етеді. Бұл дегеніміз ‒ ұлттың рухани-мәдени коды ретінде қызмет ететін Абай мұрасына адалдық әрі еліміздің зияткерлік әлеуетіне деген жанашырлық деп түсінеміз. Ендеше, Қанипаш Қайсақызын 75 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтап, кәсіби біліміңізбен, адал ниетіңізбен, ар-ұжданыңызбен ұлт руханиятын өрістетуге үлес қоса беріңіз деп тілейміз.

Айдана Нышанғалиқызы Жұматаева,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану бөлімінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір