Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 2178 10 пікір 15 Тамыз, 2022 сағат 13:51

Бізге зомбилар тәрбиелейтін “инкубатор” керек емес!

Бізге зомбилар тәрбиелейтін “инкубатор” керек емес! Кешеден бері Нұр-Сұлтандағы зәулім мешіт көкейімнен кетпеді. Сол мешіт қаншама зомбиланған ұрпақты өсіретін, тәрбиелейтін “инкубаторға” айналар екен?

Қазаққа аптасына бір күн ғана жұмыс істейтін (жұма күні), қалған күндері қаңырап тұратын мешіт маңызды ма, аптаның алты күні жұмыс істейтін, болашағымызды қалыптастыратын мектеп маңызды ма? Назарбаев дәуірінде ұры-қарылардың бәрі өз күнәларын мешіт салу арқылы жуып-шайғысы келді. Мүмкін Арабиядағы инвесторларына солай жағынуды ойлады ма, әлде солай қаржы игеріп есеп берді ме, кім білсін?
Мектептердің жағдайы бойынша біз білетін деректер төмендегідей:
“Елімізде 169 мектеп - үш ауысымды, онда 301.4 мың бала оқиды, 5068 мектеп екі ауысымды (дамыған елдерде екі ауысымда оқу деген ұғым атымен жоқ, тек бір ауысымды мектептер бар);
35 мектеп апаттық жағдайда;
60 ауылдық, 9 қалалық мектептің әжетханасы далада орналасқан;
5414 мектептің жылыту жүйесі орталықтандырылмаған."

Мектебі жоқ ауылдарда бір емес, екі мешіт салынғанын көзбен де көрген едік. Ескі мешітті менсінбеген жұрт жаңасына барады, оның өзінде аптаның бір күні ғана. Ол ауылда тіпті ауыз сц мәселесі де шешілмеген.
Ендігі өзгерістер кезеңінде ғылым-білімге, технологияға ұмтылмасақ, бәрі кеш болмақ.

Біздің ғылым саласына бөлінетін қаржыны естісеңіз, жүрегіңіз ауырады. Еліміздің жалпы ішкі өнімінің 0, 17 пайызы ғана. Шамамен солай. Өзгерсе, шамалы ғана өзгерген шығар. Әлемде кез келген мемлекеттің болашағы ғылымға бөлінетін қаражатпен өлшенетін дәстүр бар. Ғылымға қаржыны аямайтын мемлекеттердің көш басында ЖІӨ есебі бойынша Израиль (3,9%), Финляндия (3,5%), Швеция (3,4%), Дания (3,0%), Германия (2,9%) мемлекеттері тұр. Ал қаржының көлемі бойынша АҚШ көш бастайды ( $511,1 млрд), сосын Қытай ( $451,2 млрд), үшінші орында Жапония ( $168,6 млрд), төртінші Германия ( $168,6 млрд). Бұлардың ғылымдағы жетістіктерін мен айтпасам да белгілі. Қазақстанда ғылым саласы өте қатты құлдырап кеткен. Ғылыми институттарда ғалымдардың үміттері өше бастаған. Ғылымға қабілетті жастар не кәсіпке бет бұрған немесе шетел асып кеткен. Оларды елге қайтару, қолайлы жағдай жасау жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігіне де оңай болмасы анық.

Қысқасы, бізге заманауи зертханалар, ғылыми орталықтар, білім ошақтары, өз білікті мамандарымыз жұмыс істейтін өндіріс орындары көбірек керек. Ғылыми және кәсіптік жобаларына қолдау таппай жүрген жастар жетіп-артылады. Олардың жалындап тұрған жігерлі уақыттарын ел игілігіне жұмсайтындай жоғары жақтан да қолдаулар қажет. Әйтпесе, оларды топырлатып тобыр сияқты мешіттерге “қамағаннан” ешнәрсе ұтпаймыз…

Арман Әубәкір

Abai.kz

 

10 пікір