Жұма, 26 Сәуір 2024
Өзгелер 2357 5 пікір 16 Тамыз, 2022 сағат 12:56

Ким Чен Ын Путиннен де беделдірек болмақ

Украина аумағында соғыс бастағаннан кейін Ресейдің болашағы бұлыңғыр белгісіздікке тап болды. Оған дейін керемет болмаса да, халықаралық қатынас орнатылған, саудасы жүріп жатқан ел еді.

Бірақ, қазір бәрі кері кетіп, жағдай түбегейлі өзгерді. Бүгінде Ресейде халықаралық байланыстар іс жүзінде үзілді. НАТО-ға мүше елдердің саны көп ұзамай көбейеді, ал альянсқа әлі кірмегендер бұл туралы ойланып, тиісті қадамдар жасайтын болады. Жыл соңына дейін Украинаға шапқыншылығын тоқтатпаса әлемде Ресейдің жаулары әлдеқайда арта түседі.

Тіпті, Қырғызстанның да Ресей ықпалынан шығуға тырысатынын жоққа шығаруға болмайды. Қырғыз елінің ақпаратына қарағанда, Ресейге қарсы көзқарас ұстанатындар бар. Ресей саясатына қарсылардың алдағы уақытта күшеюі мүмкін.

Шетелдің Ресейге қарсы экономикалық санкциялары тоқтамайды. Шектеулер мұнай мен газға әсер етіп, нәтижесінде Ресейде қаражат азаяды. Қаржының тапшылығынан Ресей Ұлттық әл-ауқат қорын әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсап, сарқып бітеді.

Жыл аяғында кескілескен ұрыс аяқталмаса, Путиндік Ресей әлемде Солтүстік Кореядан өткен «жексұрынға» айналады. Ким Чен Ын Путиннің қасында беделдірек болмақ.

Бұл айтылғандардың бәрі Ресей экономикасына барынша кері әсерін тигізіп қана қоймайды. Ресейдің соғыстағы сәтсіздіктерімен қоса алғанда, теледидардағы үгіт-насихатты тыңдайтын халықтың өзі билікке сенім артуын тоқтатуы мүмкін. Ал бұл Путинге ядролық соғыстан да қатты тиеді. Әзірге соғыстың Ресей үшін сәтті аяқталатынына болжам жоқ.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

5 пікір