Шығармашыл тұлғаны тәрбиелеу өзекті мәселе
Жасыратыны жоқ КСРО тарағаннан кейін ТМД кеңістігіндегі, оның ішінде біздің еліміздегі білім беру процесіндегі мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту проблемасы философия, педагогика, психология, лингвистика тағы да басқа ғылым салалары мамандарының назарын өзіне аударумен келеді десек осы мәселенің төңірегінен еш алшақ кетепейміз.
Бұл қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғамның мектеп қабырғасындағы аса белсенді тұлғаларын шығармашылық жақтан жетілдіре түсудің шешімдерін табуға қатысты үнемі өсе түскен білім беру талабымен тығыз байланысты. Бүгіндері заман біздің алдымызға қойып отырған аса маңызды міндеті – білім беру процесі кезінде оқушылардың шығармашылық дарындылықтарын дамыту болып табылады. Өйткені, өмірдің барлық саласы аса зор өзгерістерге ұшырап жатыр. Ақпараттар көлемі жыл сайын орсан зор көлемде арта түсуде. Беріліп жатқан білім жылдам кәдеге жармай қалуда.
Тәуелсіз Қазақстандағы балалар шығармашылығының дамуын өткен тарихпен байланыстырмай сөз ете алмаймыз. Сондық мәдениеті дамыған әм әлем елдеріне үлгі болып отырған Еуропада балалардың шығармашылығына деген қызығушылық ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Бұл үрдіс біз құрамында болған ақ патша кейін қызыл империя кезінде қазақ елінде де балалар шығармашылығына қатысты идеологиялық тәлім берудің қайнар көздерінің біріне айналды. Әрі көп жағдайда жергілікті ұлттың бүлдіршіндерінің ұлттық болмыстық, мәдени-рухани мүддесі аяқ асты етілсе де, өз жемісін бере алды. КСРО билігі 1952 жылы пионерлер мен оқушылар үйлерін біріктіріп, көбіне ірі қалаларда Балалар шығармашылығы үйлерін құра бастады. Бұдан кеңестік Қазақстанда тыс қалған жоқ.
Темір шымылдық кезінде қазақстандағы өнерлі балалар ЮНЕСКО эгидасындағы бейнелеу өнері саласындағы - International Society for Education through Art, INSEA, музыка саласындағы - International Society for Music Education, ISME, балалар әдебиетіндегі - International Bord on Books for Young People, IBBY сынды халықаралық ұйымдардан тыс қалғаны да жасырын емес, тарихи ақиқат.
Егемндік жылдарды ұлттық ерекшелігімізді паш ететін республикалық және халықаралық балалар шығармашылығына арналған жобалар мен байқалаулар бой көрсетіп, жылдан-жылға өз жемісі мен нәтижесін беріп келе жатқаны көңілді қуантады. Енді осылардың бәріне болмаса да кейбірлеріне жеке-жеке тоқтала кеткеніміз артық емес сияқты.
«Ұлы дала ұрпағы» атты республикалық балалар шығармашылығы байқауы өлең, қарасөз, монолог, драма, ән-би, бейнелеу өнері жанрларынан тұрып, еліміздің бүкіл аймақтарында өткізіліп келеді. Бұл байқау Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және т.б. қалаларда тұрақты өткізіліп, балалар шығармашылығын дамытуға зор үлес қосуда.
2004 жылдан бастау алатын «Туған жерім» атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы музейі жыл сайын тұрақты өткізіп тұруды игі дәстүрге айналдырды.
Бұл жобаның өзгешелігі әлем балаларын Қазақстанның мәдениеті мен өнерімен таныстыруды, олардың жеке қабілеті мен шығармашылық әлеуетін тереңдетуді көздейтіндігінде. Атап айтар болсақ, кескіндеме мен мүсіннің, сәндік-қолданбалы өнердің түрлі техникасымен орындалған үміткерлердің туындылары бүгінгі көркем өнердегі балалар шығармашылығын жан-жақты ашып, қазақ оқушыларының шеберлігін көрсетеді. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент музейі қолдаған алғашқы сәттерден бастап тек балалар шығармашылығы ғана өнердің ең бір таза және ең бір шынайы түрі болатыны туралы ой бізді алға жетеледі. Дәл сол себепті де Елбасы кітапханасы балалар шығармашылығын қолдаумен айналысудан жалықпайды.
Аталған байқауға «Өткен шақ, осы шақ, келер шақ», «Туған өлкем», «Ұлтымның дәстүрлері», «Ермегім», «Мен суретшімін» тақырыбында ұсынылған ТМД елдері, оның ішінде Ресей, Татарстан, Башқортстан, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан, Беларусь елдерінің өрендерінің шығармашылық туындылары қатысып, тамашалаушы қауымының көзайымына айналуда. Жас қатысушылардың жұмыстарына қолдау жасалынып, олардың осы шығармашылық жолда тоқтап қалмай, оны жыл сайын жалғастыра беруіне шабыт сыйлайды.
Таңы бір тың үрдіс «BILGEN-DARA BOL» шығармашылық байқауы болып табылады. Бұл байқау жыл сайын ұйымдастырлып келеді. «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры мен «Bilgen» ұлттық авторлық методика және бағалау» орталығы тарапынан ортақ серіктестік негізінде «Serpin» білім және инновация ұлттық палатасының» қолдауымен, Қазақстандағы және шет елдердегі мектеп оқушыларының шығармашылық қарымын күшейту және оларды ынталандыру мақсатында өткізілетін «BILGEN-DARA BOL» шығармашылық байқауының балалар мен жасөспірімдер және жастар шығармашылығын қолдау мен демеудегі орны бөлек екендігінде.
«Нұрлы Жастар» Республикалық көркем сөз, ән-би байқауы да ел ішіндегі танылмай жүрген таланттарды ашуда зор жұмыстар жасап келеді. Аталған байқауға көркем сөз оқу шеберлігін игерген, әншілік және бишілік қабілеттері бар, дәстүрлі ән орындауға икемденген, қандай да бір аспапта ойнауды меңгерген, ақындық дарындылыққа ие 3-22 жас аралығындағы балабақша мен білім беру мекемелерінің оқушылары мен жасөспірімдер қатысып өз талант-дарынын ел алдында танытып үлгерді.
Кезінде Ш. Айманов «Театр-адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы, сахна өнері-тіл жетпес құдыретті өмір шындығын білу, яғни адамның сахнаны сүймеуі мүмкін емес» - деген ұлғатты сөзін ұлтына аманаттаған еді. Сурет өнері болсын, музыка болсын, театр болсын әр балаға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайтындығы жасрын емес. Еліміздегі балалардың эстетикалық талғамын, қиялын дамыту жолында байқаулардың алатын орны ерекше.
Балалар шығармашылығын дамытуда, олардың өмірге деген көркемдік көзқарастарын қалыптастыруда театрландырылған қойылымдар ерекше рөл атқарады. Өнерге бейімі бар балалар кейіпкерлерді ойнай отырып, олардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарын береді және ойын арқылы тілдерін дамыта отырып, адамгершілік жақсы қасиеттеріді өз бойына қалыптастыра біледі. Сол себепті, театр қойылымдары дарындарды тәрбиелеуде маңызын еш уақытта жойған емес.
Осылайша, шығармашылық қабілетті дамыту қазіргі заманалық білім беруде негізгі міндеттердің біріне айналып отыр. Өйткені, білім берудің басты мақсаты – өскелең ұрпақты болашақ өмірге кемелденген тұлға ретінде дайындап шығу. Шығармашылық дегеніміз бұл – алға қойған мақсатты тиімділікпен іске асырудың төте жолы. Шығармашыл тұлғаны тәрбилеу эстетикалық және адамгершілік тәлім-тәрбие проблемаларына қатысты кешенді амал-тәсілдердің өзекті мәселерін қамтиды. Идеялық-дүниетанымдық, рухани және көркем тәрбие берудің біртұтастығы өскелең ұрпақ тұлғасын жан-жақты әрі үйлесімді дамуына қол жеткізудің басты кепілі болып табылады. Шығармашылық және оның атқаратын қызметтерінің құндылығы тек қол жеткізетін табыстардың нәтижелерінен ғана емес, шығармашылық процестің өзінен де тұрады.
Соңғы кезде көптеген ересектер (педагогтар мен ата-аналар) баланың креативтік қабілетінің дамуына зор ынта таныта бастады. Бұрынғы санамызда берік орныққан «шығармашылық» терминін оның синонимдік сыңары «креативтік» ұғым-түсінігі алмастырды десекте болады. Түйіндей айтқанда балалар мен жастардың креативтік тұлғасын дамыту үшін шәкірт пен ұстаз қарым-қатынасын өзара ұшастыра білу керек.
Дайындаған Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz