Ресей енді Димашты қаралай бастады
Қазақтың Димаш Құдайбергені, мен ұмытпасам, ең алғаш рет орыстың «Славян базары» сыйлығын «Берсең - қолыңнан, бермесең - жолыңнан» деп, тартып алды...
Сол кезде «Той қазына» журналын басқарған менің Мыңжан досым Димашқа орыстардың біраз қысастық жасағанын айтып еді... Содан кейін Димаш Күншығыс елі - Қытайды бағындырды. «Қытайға танылу деген - дүниенің төрт бұрышы білу» деген сөз.
Сосын, сол кездегі орыстарды қазақ елшісі Иманғали Тасмағамбетов ағамыз Димаш інісі мен орыс композиторы Игорь Крутойдың ынтымақтастығына ықпал еткен сияқты. Несі бар, өнер адамдарының арасындағы ынтымақтастық - композитордың ән жазуы мен әншінің әнді орындауы кез келген елдегі қалыпты, табиғи дүние.
Бірақ, озбыр орыс - ешқашан өзінің сасып-бүксуін қоймайды. Міне, тағы да орыс әртістері Димаш Құдайбергенді «сатқын» деп айыптауға тырысып, сандалып жатқан көрінеді...
Бұл – қазақтың мықтылығын, Димаштың талантын көреалмаушылық.
Әйтпесе, Димашқа барлық зәулім сахналары мен телеарналарын беріп, әлемге танылуына бірден-бір еңбегі сіңген Қытай жұрты «ләм-мим» деп, бір ауыз артық сөз айтқан емес! Міне, Шығыстың даналығы! Өйткені, Димаштың танылуына бірінші себеп – өзінің табиғи зор таланты! Көреген Конфуцийдің көргенді елі - мұны терең түсінеді...
Ал, ресейлік БАҚ-тың «ресейлік жұлдыздар Димаш Құдайбергеннен бас тартты» деп мәлімдеуі - көргенсіздіктің көрінісі ғана. Көргенсіздердің қатарында Филипп Киркоров, Николай Басков, Лариса Долина, Стас Пиеха, Юлия Савичева, Полина Гагарина, Доминик Джокер және т.б. бар екен.
Меніңше, Игорь Крутой - Димашты сүйреген жоқ, керісінше, жасы кәрілікке жақындап, сахнадан алыстап бара жатқан Крутойды Димаш алға тартып, тірілтті. Демек, Димаш - Крутойға емес, керісінше, Крутой Димашқа алғысын айтуы керек.
Димаштың Крутоймен қарым-қатынасының бұзылуы туралы қауесеттер шығысымен, Димашқа табынып, мақтауға сөз таппай жүрген орыстың белгілі әншілерінің - 180 градусқа өзгеріп шыға келуі - олардың надандықтары мен сатқындықтарының ғана дәлелі бола алады. Тіпті, «Келесі концерттік турына Димаш - Ресейдің бірде бір қаласын қоспады. Ол «арнайы әскери операция» (Украиндағы соғыс) туралы ешқандай пікір білдірмеді. Бірақ, бұл - русофобия (орыстарды жек көрушілік) болып саналады» деген продюсер Дмитрий Ашуров сөзі - қазіргі орыс әншілердің бәрі - жауыз Путлердің табанының астында жатқанын көрсетеді.
Ал, аса талантты қазақ бұлбұлы Димаш Құдайберген - бейбітшілік әншісі, бақыттың жаршысы. Мен Димашқа келесі концерттік турын «РЕСЕЙСІЗ - РЕСПЕКТ!» («Respect - without Russia!») деп атауға ұсыныс жасаймын.
Қажымұқан Ғабдолла
Abai.kz