Қазақстанда заң бәріне бірдей болуы тиіс!
29 шілдеде Астанада орын алған бір оқиға қоғамда орынды сұрақтар туғызды.
Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Чернышенко митрополит Александрға II дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» орденін табыстау мақсатында Қазақстанға келді. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының аумағында, Орыс православ шіркеуінің ғибадатханасында өтті.
Сырт көзге бұл әдеттегі протоколдық шара сияқты көрінгенімен, мұнда бір маңызды заңнамалық нюанс бар.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 5-бабы, 3-тармағында былай деп айқын көрсетілген: Қазақстан Республикасының аумағында шетел мемлекетінің туы пайдаланылған кезде ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен біржола орналастырылады (заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда).
Рәсімнен түсірілген фотосуреттерден Ресейдің мемлекеттік туын көруге болады, ал Қазақстанның Мемлекеттік Туы жоқ.
Қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов дәл осы мәселеге назар аудартқан еді.
Орыс православ шіркеуінің Қазақстан митрополиттік округінің өкілдері жағдайды сабырмен түсіндірудің немесе белгілі бір құқықтық нормаларға сілтеме жасаудың орнына, Қазақстан туының ол жерде тұруы «оғаш» көрінетінін және «халықаралық хаттаманы» бұзатынын алға тартты.
Бұл ретте қарапайым сурақ туындайды: Нақты қай халықаралық хаттама туралы сөз болып отыр? Бұл қай заңнамалық құжатта жазылған? Бұл жағдайда Қазақстан заңнамасынан жоғары тұратын норма бар болса, қоғам оны көруге әбден құқылы.
Өкінішке қарай, заңды уәждердің орнына мүлдем басқа сипаттағы әрекеттер басталды. Заңның сақталуын талап еткен адамның дарегіне айыптаулар мен балағаттар жауды, оның парақшаларына шағым түсіруге шақырулар жасалып, «араздық тудырды» деген сөздер айтыла бастады.
Бұған қарап, бұл мәселенің құқықтық алаңнан алыстап кеткенін ұғуға болады. Бұл — мәселенің мән-жайын талқылаудан қашып, жеке басына тиісу әрекеті.
Менорамша, мұнда әлеуметтік желілердегі жауаптар емес, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ресми позиция білдірілуі тиіс:
- Не заң бұзылған жоқ — олай болса, бұған ресми құқықтық түсініктеме берілуі қажет.
- Не заң талаптары бұзылды — олай болса, заң мемлекеттік құрылым болсын, қоғамдық ұйым немесе діни бірлестік болсын, барлығына бірдей қолданылуы шарт.
Құқықтық мемлекеттің негізі мен заң үстемдігі дәл осындай, алғашқы қарағанда ұсақ болып көрінетін жағдайлардан басталады.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — эмоцияның немесе саяси көзқарастардың мәселесі емес. Бұл — мемлекетке және оның заңдарына деген құрмет.
Егер біз шынымен де құқықтық мемлекет құрып жатсақ, онда Заң бәріне бірдей болуы тиіс.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz