Дихан Қамзабекұлы: «АЛАШ – ЕЛШІЛДІК АРҚАУЫ»
13 желтоқсан Алаш автономиясы құрылған күн
Әр жылдың 5-13 желтоқсаны - Қазақ елі үшін әрқашан тарихи күндер. Осыдан 95 жыл бұрын Орынборда І жалпықазақ съезі шақырылып, нәтижесінде Алашорда - Ұлт кеңесі құрылған болатын. Алаш мұраты және оның бүгінгі таным-түсінігі туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Дихан Қамзабекұлынан сұраған едік. Төмендегі сұхбат осы мәселе төңірегінде.
- Алаш идеясы қазақ руханиятындағы ең биік, ең берік идеялардың бірі болды. Жалпы, сіздің ғалым ретіндегі көзқарасыңыз бойынша, Алаш ұғымы қазақ халқына не берді?
13 желтоқсан Алаш автономиясы құрылған күн
Әр жылдың 5-13 желтоқсаны - Қазақ елі үшін әрқашан тарихи күндер. Осыдан 95 жыл бұрын Орынборда І жалпықазақ съезі шақырылып, нәтижесінде Алашорда - Ұлт кеңесі құрылған болатын. Алаш мұраты және оның бүгінгі таным-түсінігі туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Дихан Қамзабекұлынан сұраған едік. Төмендегі сұхбат осы мәселе төңірегінде.
- Алаш идеясы қазақ руханиятындағы ең биік, ең берік идеялардың бірі болды. Жалпы, сіздің ғалым ретіндегі көзқарасыңыз бойынша, Алаш ұғымы қазақ халқына не берді?
- Кез-келген елдің жүріп өтетін тарихи жолы бар. Барша мемлекеттің тарихи сүрлеу-соқпағында аса күрделі, тіпті сол елдің мемлекеттілігіне қауіп төндіретін жолдар да кездеседі. Кей мемлекет тарихи бір кезеңде мемлекеттігінен айырылып жатады. Сол сияқты Қазақ елі де күрделі жолдардан өтті. Ел тарихындағы үлкен кезеңді қазақ хандығы десек, оны арғы-бергі тарихымыздағы мемлекетшілдік үлкен бір кезең деп айқындауға тиіспіз. Қазақ хандығы - мемлекетшілдіктің алтын көпірі. Кейіннен барып қазақ хандығы жойылды. Ресми түрде, хатталып-құжатталып жойылған соң, билікке ешкім шығарылмады. Ал енді қазақ елі өзінің мемлекеттік өзегін, мемлекеттік арқауын әрі қарай қандай күшпен жалғады?! Осы тұрғыдан қарағанда, Алашорда, Алаш үкіметі, Ұлттық кеңес сынды ұғымдардың мемлекетшілдік арқау болғанын түсінеміз. Алашорда бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, қазақ тарихындағы мемлекетшілдік арқауды жалғастырған, ресми тілмен айтқанда, мемлекетшілдік тәжірибені көрсеткен билік құбылысы һәм құрылымы ретінде тарихтан өз орнын алды.
- Алаш қайраткерлерінің ең ұлы арманы қазақ елінің азаттығы еді. Ал енді тәуелсіз Қазақстан үшін Алаш мұраты қаншалықты маңызды?
- Алаш идеясы, Алаш мұраты дейміз, бұл - қазақтың құқығын қорғау еді. Қазақтың құқығын қорғау дегенде айтарымыз, ұлтымыз ол кезде Ресей империясының ішінде отырды. Әрине, зиялыларымыз тәуелсіздікке әп-сәтте қол жеткіземіз деп ойлаған жоқ. Ресей империясының қоластындағы сансыз ұлттың өкілдері секілді олар да орыс және басқа да жұрттардың зиялыларымен бас біріктіріп, бастапқы кезеңде федерация бағытындағы, құқықты қорғау тепе-теңдігіне кепіл, өздерінің тілімен айтқанда, «құрдас мемлекеттердің бірлігін» құрамыз деп шешті, ал екінші кезеңді - тәуелсіздік деп ойлады. Ал енді «Алаш мұраты тәуелсіз Қазақстанға не береді?» дегенге келсек, әрине, біз сол Алаш зиялыларының ақыл-ойы арқылы, пікірлері арқылы бүгінгі елдік иммунитетті, елдің болмыс-бітімін тіктеуді үйрендік. Қазір де көп жауапты істе Алаштың айнасына қараймыз. Өйткені бұл азаматтар батысшыл десеңіз - батысшыл, әрі білімді, әрі дәстүрден қол үзбеген, тамыр үзбеген тұлғалар ретінде эталон болып қалады. Алаш зиялылары үлгі ретінде әрқашан тарихымызда лайықты бағасын алады.
- Алаш қайраткерлерінен кейінгі буыннан бастап бүгінгі күннің ұрпақтарына дейін Алаш рухында тәрбиелене алды ма?
- Кеңестік ХХ ғасыр өте күрделі ғасыр болды. Бір жағынан большевизм Алашқа қиғаш көзқараста еді, яғни оны мойындаған жоқ. Ең қиын кезең -большевизм Алашты сынады. Қазір большевизм қара бояумен, күрделі бояумен сипатталады, дегенмен большевизм арқылы біз Алаштың биік мақсатын, Алашты шыңдаған жолды байқадық. Адамның адамдығынан - адамшылығы, шайтанның шайтандығынан - шайтандығы, періштенің періштелігінен періштелігі көрінеді ғой. Бұл жерде біз осындай құбылысты аңғаруымыз керек. Ал енді большевизм сойқанынан кейін де Алаштың мұраты ешқашан өлген жоқ. Себебі елдік мұрат ешқашан өлмейді. Қандай күрделі заманда болса да. Бізде қарасаңыз, қызық дүниені көресіз: 20-жылдардан кейін Алашорда мүшелерінің көбісі большевиктік платформаға шықты. Біразы коммунистік партияға өтті. Яғни партияның ішінде жүріп, большевизмнің сөзін сөйлеп жүріп елге қызмет ету болды. Бір-ақ жол бар еді олардың алдында: не елден кетуің керек, әйтпесе өміріңмен қоштасуың керек. Бұлар іште жүріп күресті. Ал енді 1920 жылдан 1929 жылға дейінгі тоғыз жыл ішінде Алаш зиялылары көптеген азаматты тәрбиелеп үлгерді. Олардың біразы 1937 жылы атылды, біразы айдалды. Дегенмен түгелдей өшкен жоқ. Мысал үшін айтайық, солардың ішінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Қайым Мұхамедханұлы, Бүркіт Ысқақұлы және басқа азаматтардан Алаш рухының өшпегендігі, кеңес кезеңінің өзінде түрлі салада көрініс тауып отырғандығы байқалды. Тіпті 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басындағы «советтік жылымықта» көптеген тұлғалар Алаш зиялыларымен рухтас екендігін көрсетті. Кейінгі «ЕСЕП», «Жас тұлпар», тағы да басқа ұйымдардан Алаш идеясының көрініс тапқанын бағамдаймыз.
- Осы күнге дейін біз Алаш қайраткерлерін толық танып біте алдық па, Алаш зиялылары уақыттан өздерінің лайықты бағаларын алды ма?!.
- Біріншіден, ұлттық тарихты жақсы білетін азаматтар тарапынан Алаш қайраткерлерінің тарихи еңбегі лайықты бағасын алды. Ал енді зиялылар, ғалымдар қоғамның барлық жігін, барлық бөлігін анықтай алмайды ғой. Кейбір үлкен тұлғалардың қоғамның барлық бөлігіне танылатын кезеңдері болады. Ондай кезеңге біз әлі жеткен жоқпыз. Атқарушы биліктегі көптеген азаматтар, жалпы қарапайым азаматтар Алаш қайраткерлерінің еңбегін, олардың тарихи орнын біле қоймайды. Бірақ ендігі міндет - соларды насихаттау және тану бағытында болуы керек. Ең бастысы, бұлар не қажет етті, осыдан тоқсан, жүз жыл бұрын олар нені армандады деген ой, егер сол ой, сол арман бүгінге жалғасып жатса, кейбір мәселелер әлі күнге дейін шешілмесе, Алаштың көтерген идеясы әлі де құнын жоймағандығын, көкейкесті екенін аңғартады. Мысалы, бұл тіл мен рухқа байланысты, бұл ұлтқа байланысты жерден көрінеді, бұл дінге байланысты мәселелерден көрінеді. Қазір рухани мәселелер буырқанып тұр. Оны сабаға түсіруде және жүйелеуде бізге Алаштың парасаты мен өлшемі өте қажет.
- Сіз басқарған делегация Мәскеу үкіметінің шешіміне сәйкес Алаштың біртуар ұлы Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін Қазақстанға алып келді. Енді сол қайраткердің сүйегінің күлінің тағдыры не болды?!.
- Ол енді мынандай жағдай. Смағұл Сәдуақасұлы кеңестік өкіметте жүріп Алаштың рухын жалғастырған, өзі Алашорда кезеңінде жастар буыны - «Жас азаматта» қызмет еткен, газет-журнал шығарған тарихи тұлға. 1933 жылы Кремль билігі тарапынан өлтірілді. 30-жылдардың басында арнайы ұйымдар болған, уландыру секілді апаттармен талай тұлғаларды ажал құштырған. Смағұл жаппай репрессияға дейін өлтірілгендіктен, кремациядан кейінгі сүйегінің күлі арнайы орында сақталғандықтан осы күнге дейін нақты қалпында жетті. Ал кейін жаппай репрессияда жасырын кремацияға түскендердің сүйегінің күлі сақталған жоқ, мидай араластырылып әр шұңқырға көмілді. Олардың қайда тасталғанын бір Алла біледі. Қазір кейбірі «Коммунарка» секілді Ресейдің басқа да зираттарынан табылып жатыр. Дон зиратханасында да күлдердің бейберекет тасталған жері бар. Смағұлдың тағдыры өте күрделі болғандықтан, ақытық сапары мұсылман дәстүріне қиғаш болғандықтан, әлі жер қойнына берілмегендіктен біз өткен жылы оны Қазақстанға алып келдік. Бұл идеяны жүзеге асырудың басында Сабыр Қасымов ныспылы экс-сенатор азамат тұрды. Мұны көптеген мықты азаматтар қолдады. Ал делегацияны мен басқарып бардым. Бірақ Смағұлдың сүйегін қазақ топырағына жерлеуге біздің қоғам дайын емес екен. Делегацияның өзі де «ұят болмасын» деген көзқараспен құрылған еді. Қазақ үшін, Қазақстанның жері үшін күрескен азаматты жерлеуге екі метр жердің реті келмей, өз дәрежесінде жер қойнына беру мәселесі күн тәртібінде тұрып қалды. Ақыры төрт айға созылды. Кейіннен депутаттардың Елбасына тікелей жазған хаты себепші болып, Елбасының араласуымен, Астана қаласының әкімінің қатысуымен Смағұл сүйегінің күлі қазіргі мұсылмандар қорымына жерленді. Бірақ басы әлі қарайтылған жоқ. Бұл мәселеге байланысты қоғамдық ұйымдар, Смағұлдың мұрасын қадірлейтін ғалымдар, зиялылар бас біріктіріп шамасы жеткенше бір белгі қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің парызымыз, келер ұрпақ Смағұлды өз дәрежесінде танып алар деген үмітіміз бар. Егер күні ертең Кенесарының бас сүйегі табылып жатса, Петербордағы Кейкі батырдың сүйегі әкелінсе, оларды қалай шығарып салу керек деген мәселеде қоғам дәстүрге сай бір ортақ пікірге келмеген екен. Өлікті шығарып салу деген үлкен елдерде биік дәстүрге ие. Біздегі дәстүр үлкені 1941-1945 жылдары майданда қайтыс болғандардың сүйегі табыла қалса, соны әскери тәртіппен, аспанға мылтық атып жерлеу болып тұр. Мұсылман заңында оққа ұшқан адамның бір саусағы қалса да жерленеді. Кешегі большевизмге қарсы күрес кезеңінде Түркиядан келіп, Орта Азияда (бүгінгі Тәжікстан жерінде) шәйіт болған Әнуар пашаның сүйегін түрік бауырлар 1992 жылы Түркияға қайтып апарып, Ыстамбұлдың тарихи даңғылдарымен алып өтіп, үлкен бір қорымға қойған тәжірибесін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан да біз мұндай мәселелерде пікір алмасып, қоғамдық ойды ортаға салып, зиялылардың ойын ақылмен сараптап барып ортақ шешімге келіп отыруымыз керек. Елдік іс тек қана бүгінгі күнмен есептелмейді, сондықтан екі дүниенің обал-сауабын ойлап жүргеніміз дұрыс.
- Дон зиратханасы демекші, сонда үш бауырластар зираты бар көрінеді. Сол жерде Әлихан Бөкейхан, Нығмет Нұрмақов секілді Алаш қайраткерлері жатыр дейді. Алдағы уақытта сол тұлғалардың сүйегінің күлін туған жерге жеткізу ойларыңызда бар ма?!.
- Бұлардың сүйегінің қайда тасталғаны белгісіз. Өртелген де шұқырға араластырылып тасталған. Сондықтан ол жерден адам сүйегінің күлін табу, тағы да басқа нәрселерді анықтау мүмкін емес нәрсе. Ал Смағұлдың жағдайы басқаша. Оған аса қауіпті ауру деп қараған да, сүйегін артынша өртеп жіберген. Кремациядан кейін сүйек күлі құтыға салынып, оның сыртына әйелі Елизавета Әлиханқызы граниттен аты-жөнін жазып белгі-табыт орнатқан. Большевиктер ғылымның дамитынын, ДНК-дан анықтауға болатынын (неден өлгенін) білген. Бір құпия сонда. Дон зиратханасына кімдердің сүйегі өртелді деген тізім ғана бар. Бұл да кейін НКВД қоырынан алған тізім. Қазақстан сол жерге бір ескерткіш қоюды жоспарлап отыр, ол ой жүзеге асса дұрыс болар еді. Себебі кәрістер, поляктар, жапондар әрқайсысы өздерінің аруақтарына арнап ескерткіш қойған. Сондықтан елдікке тән ескерткішті біз де орнатуымыз қажет. Ол жерде Әлихан мен Нығмет сияқты тұлғалар ғана емес, жүздеген қазақтың сүйегі жатыр. Сол үшін Қазақстан Республикасының атынан саяси құрбандарға арналған символдық-рәміздік ескерткіш қойылу керек деп есептеймін.
- Осы күнге дейін есімі көпке белгісіздеу Хайретдин Болғанбай деген Алаш қайраткері туралы айтып беріңізші...
- Қазақ өлкелерінің қай-қайсысы да - тарихи тамыры бар, кешегі қилы кезеңдермен сабақтасып жатқан өлкелер. Қазіргі елордамыз кешегі Ақмола жеріне табан тіреді, орнықты, әлемге танылды. Ақмола өңірінің ең бір қазағы көп жері - Қорғалжын. Қорғалжын арқылы кезінде «Хан жолы» өткен. ХХ ғасырда сол өңірден шыққан бір тұлға - Хайретдин Болғанбай. Өзі Орынборда Медресе Хұсаинида оқыған, бала күнінен «Қазақ» газетімен байланыста болған. Қазақта Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар деген екі үлкен тұлға бар. Бірі сауатты қаламгер болып, репресия шеңгеліне іліккен, екіншісі де қудаланып, әдебиет пен фольклор тарихын зерттеген. Ілгеріде қазақтың байлары оқып жүрген шәкірттерді елге шақырып, балаларын оқытады екен. Ал Хайретдин Ақмоладан - Орынборға, ол жерден Ақмешіт жеріне барып сол Қоңыратбаевтарды бала күнінде оқытқан. Кейіннен Ташкентте тұрақтаған. Сонда Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов секілді қайраткерлермен бірігіп «Бірлік туы» атты газет шығарған. Ал, Түркістан автономиясы Қоқанда жарияланған кезде соны құрысушылардың қатарында болған. 64 күннен кейін Түркістан автономиясы (Түркістан мұхтарияты) күшпен талқандалып, жойылғанда, соның трагедиясын қағазға түсіріп кеткен азамат. Репрессия құрбаны ретінде біз оны елге танытып, мұрасын жариялап, соның атына мектеп, көше беру туралы 90-жылдардың аяғынан жұмыс істей бастағанымызда, өте күрделі жағдайлар тап болдық. Астанадан жүз шақырым жердегі Қорғалжынның оқыған дейтін азаматтары әлі күнге дейін Мұстафа Шоқайды «халық жауы, фашистермен сыбайлас» деп есептейді екен. Хайретдинді де «жаудың жанында жүрген жау» деп ойлайды екен. Сондай көзқарасқа ұшырастық. Оған енді күлесіз бе, жылайсыз ба? Қорғалжын зиялыларының барлығына кінә қоюға болмас, саналы азаматтары да бар, бірақ арасында халықтың алдына шығып сөйлейтін азаматтардың аз екендігіне көзіміз жетті. Бұл енді заманымыздың күрделі жағдайымен түсіндірілетін нәрсе. Бірте-бірте Хайретдин Болғанбайға байланысты көзқарас түзеледі ғой деп ойлаймын. Мағжанның өзі оны «бір кемі жоқ, бір теңі жоқ Болғанбай» деп бағалаған. Оның атына Астана қаласында берілген көшенің өзі бір орам. Үш-төрт үйден аспайтын көше. Сол үшін қалалық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде жаңа басшылықпен, жанашыр азаматтар көмегімен Астана қаласының бір лайықты көшесі мен бір мектебіне Хайретдин атын беруді ақылдасып жатырмыз. Бұл мәселеде тарихи әділеттілік үстем шығар деп ойлаймыз.
- Мұстафа Шоқай туралы фильм түсірілді. Енді Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді тарихи тұлғаларға фильм түсіруге бастама болу ойыңызда жоқ па?
- Кино саласы - қазақ өнеріндегі ең кенже сала. Дамуы да күрделі болып тұр. Мұнда маманданған азаматтардың көбісі Батыстың талғамымен дүниелер шығарып жатыр. Ал енді ұлтқа байланысты фильмдер де жоқ емес. Бірақ тарихи тұлғалар арқылы ұлтты тәрбиелеу - үлкен маңызды іс. «Мұстафа Шоқайға» сын көп айтылды. Бірақ бұл көркем туынды ретінде Мұстафа туралы шығарылған кино. Әрі қарай да Мұстафа туралы фильмдер шығаруға болады. Ал енді жеке-жеке алсақ, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан, Смағұл туралы фильмдер өте қажет. Осы мәселеге байланысты кеңесші ретінде жұмысқа тартып жатса, қарсылық білдірмес едік. Бірақ бұған үлкен даярлық пен кәсіби біліктілік те керек. Мысалы, біздің көп азаматтар деректі фильм жағын жиі айтады. Бірінші деректі фильм шығарып, халыққа түсіндіріп алармыз деген бағытта жұмыс істейді. Мен осы пікірді қолдаймын. Тұлғалар туралы деректі фильм аз. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс деректі фильм жағына ойысса дұрыс болар еді.
- Алаш қайраткерлері еңбектерінің жас ғалымдардың тарапынан зерттелу жағы қалай. Көңіліңізден шыға ма?
- Бұл үрдіс 90-жылдары жақсы жүрді. Екі мыңыншы жылдары саябырсып қалды. Мұны бірыңғай қаржылық-экономикалық қиындықтарға да тіреуге болмас. Дегенмен де олардың мұраларын жинау, әлі де табылмаған мұраларын іздестіру деген мәселе кемшін. Сол салада жүрген маман ретінде көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі көп кемшілігіміз бар. Мысалы жүйелі жинау деген бар. Мемлекеттің қаржысы бар, мәдени мұра мен басқа да түрлі гранттар жариялап жатқан жағдайлар бар. Бірақ соның өзінде де үлкен бір кемшілік жіберіп алып жүрміз. Біріншіден, бұрын не зерттелді, қандай мәселелерді зерттеу қажет, яғни, нақты зерттеу нысаны керек бізге. Екіншіден, мемлекет тарапынан, министрлік тарапынан түрлі жобалар жарияланған кезде Алаш зәрулігіне байланысты мәселелер айқын көрініс тапса, жақсы зерттеулердің тууына себепші болар еді. Жақында 12 жылдық мектеп біліміне байланысты бір шараны байқап қуанып қалдым. Оған «Абайтану» мен «Алаштану» атты курстар енгізілетін түрі бар. Соған байланысты біз «Алаштану» курсының негіздемесін жасадық. Болашақта бұл мәселе оқулық түрінде кезең-кезеңімен жүруі керек. Егер осылай жүріп жатса, табысты боламыз ғой деп ойлаймын.
- Ұлттық қабірстан мәселесін жиі көтеріп жүргеніңізді білеміз. Сіздің осы идеяңыз жүзеге асатындай ма?
- Өмір болған соң өлім бар. Кез-келген мемлекеттің Астанасы бар, сол астананың зиратханасы болуы керек. Бұл - түсінікті нәрсе. Мысалы Астанада қайтыс болған адамды Алматыға апарып жерлеп жатсақ, болмаса туған жеріне апарсақ елдікке, дәстүрге сүйкімді көріне ме? Егер марқұмның өсиеті солай болса, оны қолдауға болады. Егер біз Астананы «суық, жері батпақ» деген тұрғыдан келсек, неге қала салдық , неге елорда сайладық? Ал енді қабірстан мәселесі үлкен азаматтар тарапынан қолдау тапқан, Елбасының да бұл мәселеде қолдау пікірі бар. Мен екі мәрте Елбасына үміткерлерден мемлекеттік тілден емтихан алуға қатынастым. Сонда орайына қарай осы мәселе сөз болғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Астанадағы пантеонды қолдайтынын айтқан-ды. Астананың Қосшы бағытында Қабанбай батырдың бейіті бар, болашақ зиратханаға сол жерден жер беріліп жатқандығынан хабардармын. Ал енді бұл мәселеде үлкен ұстаным керек. Бұл - кешенді іс. Егер біз зиратхананы діни ұстанымға қарап бөлсек, ол күрделілікке апаруы мүмкін. Себебі, 72 пайыз мұсылманбыз. Біреулер «оны діни ұстанымға қарай бөлейік» дегенді айтыпты. Сонда мына мұсылмандардың және христиандардың көшесі деп айтамыз ба?.. Сондықтан мұнда үлкен ұстаным керек. Ал енді біздің айтып жүргеніміз мынау: біздегі үлкен тарихи қабірстан Түркістан еді. Ол жерде хандар, батырлар мен билер жатыр. Кеңес заманында ұлттық қабірстанның орнын Алматыдағы Кеңсай атқарды. Бірақ қабірстан өлгендер үшін қажет емес. Ол жаңа ұрпақты тәрбиелеу үшін керек. Қазақта қандай білікті азаматтардың болғанын білсің. Мұның да мәдени, рухани, тәлімдік орны бар. Мысалы Әзірбайжан мемлекетінде болғанымда көрдім, онда екі қабірстан бар екен. Бірінші ұлттық қабірстанында Гейдар Әлиевтен бастап, мәдениет және мемлекет қайраткерлері жатыр. Екіншісі армян - әзірбайжан соғысындағы шаһиттердің қабірстаны екен. Шаһиттердің рухын қадірлеу үшін Бакудың қақ ортасынан жарқабақтан жер таңдаған. Осы сияқты нәрселер бізге де керек. Біз Смағұлды, тарихи басқа тұлғаларды нақты қадірлеу арқылы ұлттық қабірстанның негізін қалыптастыру керек деген ойды айттық. Ол көптеген зиялылар тарапынан қолдау тапты. Біздің де оппоненттеріміз бар. Олар «сонда дүние жүзінде қайтыс болған бар қазақтың сүйегін жинаймыз ба?» дейді. Әрине, ондай мәселе жоқ. Егер тек сүйек жинауды басшылыққа алсақ, мақсат орындалмайды. Мысалы, Мұстафа Шоқай өзінің қилы тағдырымен қазіргі Герман жерінде жатыр. Оны алып келіп қайта жерлеуді мен қажет деп есептемеймін. Мұстафаның Берлинде жатқандығы сол тұлғаның тағдырымен қоса, қазақтың да күрделі тағдырын көрсетіп тұр. Егер біз ондай тағдыр болмаған деп ысырып тастасақ, тарихқа атүсті қараған болып шығамыз. Төле би - Ташкентте, Әйтеке би - Нұратада жатыр. Олар өздерінің тарихи орнымен жатыр. Тіпті кімнің жері екендігін, онда не үшін дамылдағанын да дәлелдеп жатқан да жағдайлары бар. Сондықтан да бізге бұл мәселеде талқыланған, әбден сарапқа түскен пікірлер керек. Ал енді Астанада орнайтын қабірстан мәселесі танымал ғалымдардың, ғылыми топтың ғана пікірі болмауы тиіс, ол - ұлт болып талқылайтын нәрсе. Бұл туралы «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан» секілді ұлттық-рухани басылымдарда жылдап талқылау жүруі керек. Оған байланысты үлкен азаматтар пікірін айтуы керек. Өйткені елдік деген дүние солай ақылға салынып атқарылады. Қабірстан да - елдік мәселе, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Хамит ЕСАМАН
«Abai.kz»
1-сурет: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы
2-сурет: 1913-1917 жылдары жарық көрген "Қазақ" газетінің мұқаба беті
3-сурет: Смағұл Сәдуақасов
4-сурет Мәскеудегі Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлі тұрған жердегі құлыптас
5- Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Омарханұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Әлкей Марғұлан, Халел Ғаббасов, Абдулла Байтасов