Болат Назарбаев соттала ма?
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа қатысты соңғы айларда БАҚ беттерінде ақпараттар жиіледі. Ал бүгін Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелінің үстінен қылмыстық із қозғалғаны белгілі болды.
«Экс-президенттің інісі Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Оларға «Karuan» ЖШС-ға қатысты рейдерлік тартып алу бойынша айып тағылуда», - деп жазады ҚазТАГ.
Осыған дейін Нұрша Какенов дейтін кәсіпкер Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелінің үстінен «рейдерлік жасады» деп құқық қорғау органдарына арызданғаны айтылған еді.
Какенов «Karuan» ЖШС-ны құрушылардың бірі. Ал аталған серіктестік Маңғыстау облысында маргенец өндірумен айналысады. Алайда, кәсіпкер Какеновтен осы кәсібін тартып алып, ЖШС-дағы үлесінен айырған. Кәсіпкер тартқан шығын сомасы – 150 млн доллар деп есептелген.
Тергеу 17 маусымда басталған. Іспен қазір Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті айналысып жатқаны белгілі болды.
Айтпақшы, биыл шілде айында Майра Құрманғалиеваның үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны БАҚ-та жария болған еді. Алматы полициясы Майра Құрманғалиеваның үстінен осыдан 11 жыл бұрын ашылған қылмыстық істі қайта қозғағаны айтылған. Ол кезде Болат Назарбаевтың бейресми түрде екінші әйелі саналатын Құрманғалиеваға бопсалау, адам ұрлығы, заңсыз құлдыққа алу т.б. айыптар тағылған. Алайда кейін бұл іс жабылған.
Соңғы уақыттары экс-президенттің інісі Болат Назарбаев туралы БАҚ жиі жазып жүр. Жаңалықтар лентасында Болат Назарбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істер, рейдерлік әрекеттер туралы айтылуда. Ал жуырда Болат Назарбаевтың қызы әкесі туралы БАҚ-қа сұхбат беріп, жағдайы күрделі екенін, арбаға таңылып, сөйлеуден қалғанын хабарлаған.
Болат Назарбаевқа қатысты ел пікірі де екұшты. Біреулер Болат Назарбаевты Аолматы облысының қожасы деп есептесе, енді біреулері оны түріктің Сұлтан Сүлейменіне теңеп жатады.
Abai.kz