Баку сапары: Ресейді айналып өтетін жол...
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Қазақстан басшысын Баку әуежайында Әзербайжан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов күтіп алды.
Сапар аясында Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері жоспарланған. Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы мәселелерін қарастырып, бірқатар келісімге қол қояды.
Қазақстан президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
«Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтау туралы Жарлыққа қол қойды.
Әзірбайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков қазақ мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау туралы былай деп пікір білдірді:
«Егер тасымалдау Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы өтетін болса, онда қазақ мұнайы Әзірбайжан мұнайымен қосылып өтетін болады, бұл оның сапасын арттырады. Қазақстан осы қоспаның неғұрлым жоғары бағасының есебінен қосымша сыйлықақы алатын болады және әзірбайжандық құбыр жүйесі арқылы айдауға байланысты шығындарды азайта алады».
«Қазақстан Ресейге деген транзиттік тәуелділіктен құтылса, Путиннің бізге батырар ықпалы жоғалады. Одан кейін, елдегі Ресей телеарналарын өшіріп тастауға толық мүмкіндік аламыз»,- деп жазды «Dala Inside» телеграм арнасы.
Арнаның жазуынша, Қазақстан президенті Әзірбайжан астанасы Бакуға екі ел арасындағы транзитті толық жолға қою үшін бара жатыр. Оның Қазақстанның болашағы үшін және Ресейдің транзиттік диктатынан құтылудағы маңызы зор. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий арқылы байланыс Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) бөлігі болып табылады. ТМТМ - Қытайды Еуропамен байланыстыратын маршрут және соңғы жылдары тым ұзақ жүретін мұхит арқылы су тасымалына балама ретінде қарастырылып жүр.
Қазір TMTM-ның жалпы өткізу қуаты жылына шамамен 6 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 80 мың контейнер (TEU) тасымалданады. Бұл бағыт Қазақстан үшін транзиттік тығырықтан шығуға мүмкіндік береді.
Қандай проблемалар бар?
ТМТМ-ге біз тек Ақтау мен Құрық порттары арқылы қатысамыз. Ақтаудың өткізу қуаты жылына 15 миллион тоннаны құрайды. Ал Құрықта - жылына 6 миллион тонна ғана өткізу қабілеті бар. Олар Әзірбайжанның Алят портымен қатынасады. Сонда біздің порттар арқылы өткізу қуатымыз бар болғаны жылына 21 миллион тонна ғана болып отыр. Қазақстан осы жерде ТМТМ үшін «тар тесік» саналады. Тесікті тез арада кеңейту қажет.
Порттардан басқа, бізде Достық – Мойынты, Алматы торабы бойынша темір жолдардың өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал Каспий теңізінде сауда флотымыз өте шағын, яғни паромдар, контейнерлік кемелер жетпей жатыр.
Әзірбайжанда да осындай «тар тесіктер» бар. Оларда порттағы ауыстырып тиеу инфрақұрылымы тым кішкентай. Сонымен бірге фитингтік платформалар дефициті байқалады.
Тоқаев пен Әлиев осы кептеліс проблемасын шеше ала ма? Қазақстан Президент бұған аса мүдделі. 2022 жылдың бес айында ғана ТМТМ бағыты бойынша 732,5 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, 2021 жылға қарағанда 2,5 есе өсім бар. Биыл жоспар бойынша 3,2 миллион тонна өтеді деп жоспарланған. Егер тарифтік бірыңғай кеңістік қалыптасса, осы көрсеткішті 10 есеге арттыруға болады.
Транскаспий бағыты Қара теңіз бассейніндегі Поти порттары мен Батумиге шығады. Ал теміржол вагондары Баку-Тбилиси-Карс тж жүйесі арқылы Түркияның Мерсин және Стамбул порттарына барады. Ол жерден жүктер Еуропаға әрі қарай таралады.
Сонда ТМТМ Қытай - Қазақстан (Алтынкөл – Ақтау) – Әзірбайжан (Баку) – Грузия (Батуми/Поти) арқылы Еуропаға небары 4 479 шақырым жол жүріп, тіке шыға алады.
Abai.kz