Байқоңыр өз билігімізге өтпек
Бұдан ұтарымыз не?
«Қазкосмос» төрағасы Талғат Мұсабаевтың 10 желтоқсандағы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Байқоңыр қаласы және ғарыш айлағына байланысты мәлімдемесі бүгінде біраз әңгіменің көрігін қыздыруда. Соның ең бастыларының бірі - Байқоңыр қаласының Қазақстан билігіне қайта өтуі және ғарыш айлағын пайдалануда қазақтардың өз үлесінің болуы. Бұл аралықта жарияланған мақалаларға көз жүгіртсеңіз, Ресей тарапы - «Байқоңырдан Ресейдің кетуі - оның құлауына әкеп соғады» деген байбаламды көбірек көлденең тартса, Қазақстан тарапы ғарыш саласын Ресейсіз де игерудің басқа жолдарын табуға сенімді екендіктерін айтады.
Бұдан ұтарымыз не?
«Қазкосмос» төрағасы Талғат Мұсабаевтың 10 желтоқсандағы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Байқоңыр қаласы және ғарыш айлағына байланысты мәлімдемесі бүгінде біраз әңгіменің көрігін қыздыруда. Соның ең бастыларының бірі - Байқоңыр қаласының Қазақстан билігіне қайта өтуі және ғарыш айлағын пайдалануда қазақтардың өз үлесінің болуы. Бұл аралықта жарияланған мақалаларға көз жүгіртсеңіз, Ресей тарапы - «Байқоңырдан Ресейдің кетуі - оның құлауына әкеп соғады» деген байбаламды көбірек көлденең тартса, Қазақстан тарапы ғарыш саласын Ресейсіз де игерудің басқа жолдарын табуға сенімді екендіктерін айтады.
ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШТЫ
ШЫНДАП ҚОЛҒА АЛМАҚ
«Қазкосмос» басшысы Талғат Мұсабаевтың мәлімдемесі әуелі Ресей мен Қазақстан арасындағы Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға беру жайлы келісімшарттың бұзылуы мүмкіндігі жайында болып отыр:
- Біздің мемлекет басшымыз бізге осындай міндет жүктеп отыр. Бұған дейін бұл мәселе бойынша Байқоңыр кешені жайында жаңа жалпы келісім-шартты жасау жөнінде Ресей президенті Путинмен келіскен болатын. Жаңа келісімшарт бойынша Байқоңырды жалдау мәселесі қаралатын болады, - деген еді ол Мәжілісте өткен Үкімет сағатында. - Біз жалға беруді бірден тоқтатамыз деп айта алмаймыз. Оны біртіндеп, кезең-кезеңдермен жүзеге асыратын боламыз. Бірінші кезең - «Зенит» ғарыш кемесін ұшыратын кешенге қатысты. Егер біз ғарыш айлағының оң қанатын жалға беруді тоқтатып, оған толыққанды мүше ретінде кіре алатын болсақ - бұл Қазақстан үшін алға басқан ірі бір қадам болар еді.
Ресейлік www.lenta.ru сайтында «ГудБайконур» атты мақала жарияланған. Талғат Мұсабаевтың мәлімдемесін талқыға салған мақала авторы: «Биыл жазда ғана Амур облысында «Восточный» атты өз ғарыш айлағының құрылысын бастаған Ресей үшін Байқоңырда рөлдерді тең бөлісу артқа бір адым шегінгенмен бірдей», - деп жазады.
Талғат Мұсабаевтың мәлімдемесіне бірден қитыға жауап берген ресейлік саяси басылым «КоммерсантЪ» бұл мәселенің «Қазкосмос» төрағасы деңгейінде шешілмейтінін, ол жақында ғана құрылған екі елдің вице-премьерлері басқарып отырған мемлекетаралық комиссияның ісі екендігін айта отырып, бұл мәлімдемесі арқылы Талғат Мұсабаев өзіне ұпай жинап отыр, Мәжіліс депутаттары алдында өз абыройын биіктеткісі келді деген пікір айтады.
Дегенмен, www.lenta.ru сайты Мұсабаевтың мәлімдемесіне сүйене отырып, Қазақстанның Байқоңырды Ресейге жалға беру ісінің тоқтатылуы туралы мәселе шешілді деп есептейді. Тек оның қандай келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылуы ғана қалды делінген онда.
- Алайда, - дейді ресейлік сарапшылар, - Қазақстан өз бетінше ғарышты игеруге қауқарсыз. Біріншіден, соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанда ғарыш саласын жақсы меңгерген мамандар даярланбай отыр. Екіншіден, егер Байқоңыр Қазақстанның иелігіне өтетін болса, ол жақтан ресейлік мамандардың барлығы кетіп қалады, осы салада жұмыс істейтін инженерлік құрамның өзі қазірдің өзінде тапшы. Үшіншіден, Ресейдің орнын басуға АҚШ та, Еуропа да мүдделі бола қоймайды. Өйткені Байқоңыр ғарыш айлағындағы техниканың көбі ескі, жаңа технологиялардың біразын Ресей тарапы енгізгенімен онда әлі күнге қазақ даласын улап жатқан улы отынды пайдаланатын «Протондар» ұшырылады, сол себептен де технологиясы дамыған елдер Байқоңырды игеруді қолға алса, оған салынатын инвестиция өте мол қаржыны талап ететін болады, ал ғарышты игеру өте қымбатқа түспек.
Дәл осы пікірді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев «Хэдлайнер» сайтына берген сұхбатында да қайталапты.
- Ғарыш саласы ақша ғана талап етпейді, сонымен бірге мол тәжірибе мен мамандарды да қажетсінеді. Өкініштісі сол, бізде оның екеуі де жоқ. Ресей оқу орындарында ғарыш технологиялары мамандығында біздің болашақ мамандарымыз білім алғанымен, біз қажетті мамандар тобын бәрібір даярлай алмадық, -деген екен ол.
Қазақстандық мамандар Ресейдің Байқоңырды жалға алуда мойнына алған бір міндеті ретінде - ғарыш саласының білгір мамандарын даярлау болғандығын айтады. Алайда, бұл міндет те өз деңгейінде орындалмағаны байқалады.
Ал www.bnews.kz сайтына сұхбат берген «Қазкосмос» басшысы Талғат Мұсабаев Ресей Байқоңырдан кеткенімен, ондағы ғарышты зерттеу және игеру ісі жалғасын табатындығын сөз еткен. Әзірге «Қазақкосмостың» тығырықтан шығу жайлы жоспарларының бірі - Ресейдің орнына басқа жалға алушы тарапты табу болып отырған көрінеді.
«РОСКОСМОС» БІЗДІ
САЗҒА ОТЫРҒЫЗДЫ
Қиыр Шығыста, Амур облысында «Восточный» ғарыш айлағының жұмысын бастағалы біраз уақыт болды. 2050 жылға дейін Байқоңырды жалға беріп, арқаны кеңге салған қазақ билігі үшін бұл да етек-жеңін жинауға себеп болып отыр. 2004 жылғы келісім бойынша, Байқоңырда «Бәйтерек» кешені салынуы тиіс еді. Ол үшін Қазақстан тарапынан 223 миллион теңге бөліну көзделген, қазір бұл шығынның көлемі - 1,7 миллиард долларға жетіп отыр. Басында бұл кешенді Ресей мен Қазақстан бірлесіп салу көзделген. Алайда, Ресей кешенге кететін шығындардың 50 па-йызын төлеуден бас тартқан. «Егер, Ресей өз ғарыш айлағын салатын болса, Қазақстанда «Бәйтерек» кешенін тұрғызудың маңызы да қалмақ емес», - дейді ресейлік сарапшылар.
- «Бәйтерек» кешеніне қатысты жоба түу бастан-ақ жөнді болмады. Оның кешіктірілуіне Ресей ғана емес, сонымен бірге Қазақстан да кінәлі. Қазақстан тарапынан бұл мәселені ғарыш зымыран кешенін аз білетін адамдар жасады. Кешенді пайдаға берудің уақыты да, оның бағасы да келісілмеді. Ресей тарапы ешқандай тәуекелділікті мойнына алмады, барлық тәуекел - Қазақстан мойнына жүктелді. Ол кездегі жоба құны - 223 миллион болса, қазір ол - 1,7 миллиард долларға дейін жетті, - деді Т. Мұсабаев бұл жөнінде.
Ресей мамандары 2030 жылға қарай ғарышқа ұшыратын зымырандардың 90 пайызын өзінің - Плесецк және Восточный ғарыш айлақтарынан ұшырады деген сенімде. Бұдан бұрын «Роскосмос» Ресей мен Қазақстанның ғарыш зымыран кешені «Бәйтеректің» 2013 жылдың жаз айларында сынау көзделген ресейлік «Ангара-5» зымыран тасығышын ұшырғаннан кейін салынады деп мәлімдеген болатын. «Қазкосмос» «Бәйтерек» кешенін 2015 жылы пайдаға беруді мақсат еткен.
Дегенмен, биыл жыл басында Қазақстан мен РФ арасында «Бәйтерек» ғарыш кешенін салуға байланысты, оның ішінде қаржыландыруға орай келіспеушіліктер болды.
- «Бәйтерек» ғарыш кешенін қаржыландыруға Ресей тарапы қатыспаса және «Ангара» зымыранын «Байқоңырдан» ұшыруға кепіл бермесе, «Бәйтерек» кешенін бұдан былай салудың қажеттілігі жоқ, - деген еді «Қазкосмос» басшысы биыл қаңтар айында.
Есенгүл Кәпқызы
"Түркістан" газеті