Геращенко: Бұл Ресей үшін «атом бомбасы» болады
Украиналық саясаткер Антон Геращенко Тоқаевтың Қазақстанды түбегейлі демократияландыру туралы шешімі көршілес Ресейлік саясаткерлер үшін «атом бомбасы» болатынын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде кезектен тыс президент сайлауын 2022 жылдың күзінде өткізуді, елдегі президенттік билік жүйесін айтарлықтай өзгертуді ұсынды. Қазақстан Президенті өмірінде бір рет қана қызмет атқара алады. Өкілеттік мерзімі – 7 жыл. Егер ұсыныс қабылданса, Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау жариялап, оған баруға дайын.
Келесі президенттік сайлау 2024 жылы, ал парламент сайлауы 2025 жылы өтуі тиіс. Ұсынылған бастамалар мақұлданса, келесі президент биыл күзде сайланады. Ал 2023 жылдың бірінші жартысында парламенттік сайлау өтеді. Қазіргі президент Тоқаев бірден бірнеше реформалық бастама көтерді.
Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жарияланды. Әйелдер үшін зейнет жасы 63-тен 61-ге дейін төмендетілді. Қазақстан Ұлттық қорының жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын жылына бір мәрте әрбір кәмелетке толмаған азаматтың шотына аударып ұсынды.
Украина Ішкі істер министрлігі басшысының кеңесшісі Антон Геращенко өзінің Телеграм арнасында ұсынылған саяси бастамалар мемлекетті демократияландырудың қайтарымсыз процесі екенін және көршілес Ресейлік саясаткерлер үшін «атом бомбасына» айналатынын атап өтті.
«Тоқаев айтқан идеялар Ресейлік саясаткерлер үшін атом бомбасы болып табылады. Қазақстан Президенті Путиндік Ресеймен емес, өркениетті әлеммен бірге болатынын көрсетті. Қазақстанда демократияландырудың қайтымсыз процестері басталды», - деді Геращенко.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz