Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 11183 0 пікір 28 Желтоқсан, 2012 сағат 17:01

Мәлік-Асқар Хантемірұлы. ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ ХАҚЫНДА

Биыл Алашорда ұлттық үкіметіне 95 жыл. Осы айтулы датаға байланысты Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік.» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Айтулы шараға алаштанушы ғалымдар қатысып, өзекті мәселе көтерілген болатын. Аталған конференцияда баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік-Асқар Хантемірұлының баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз.

«АЛАШ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЛИДЕРІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ ХАҚЫНДА

1. Біздің заманауи түсінігімізде, қазақ ұлттық интелегенциясының қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде болды. Бұл процесс бірқатар әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси факторлардың кері ықпалынан әлсіз жүрді. Олардың ішінде ең елеулісі Қазақстанның экономикалық артта қалуы, яғни көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық, артта қалған егін шаруашылығы, өндіріс, көлік, сауда салаларының кем дамуы,  халқы 50 мыңан асатын тұрғыны бар қалалардың жоқтығы және т.б. Дегенмен, темір жолдар салынды, тау-кен өнеркәсібі, қалаларда кішігірім тамақ және жеңіл кәсіп орындар пайда болды.        

Биыл Алашорда ұлттық үкіметіне 95 жыл. Осы айтулы датаға байланысты Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік.» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Айтулы шараға алаштанушы ғалымдар қатысып, өзекті мәселе көтерілген болатын. Аталған конференцияда баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік-Асқар Хантемірұлының баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз.

«АЛАШ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЛИДЕРІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ ХАҚЫНДА

1. Біздің заманауи түсінігімізде, қазақ ұлттық интелегенциясының қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде болды. Бұл процесс бірқатар әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси факторлардың кері ықпалынан әлсіз жүрді. Олардың ішінде ең елеулісі Қазақстанның экономикалық артта қалуы, яғни көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық, артта қалған егін шаруашылығы, өндіріс, көлік, сауда салаларының кем дамуы,  халқы 50 мыңан асатын тұрғыны бар қалалардың жоқтығы және т.б. Дегенмен, темір жолдар салынды, тау-кен өнеркәсібі, қалаларда кішігірім тамақ және жеңіл кәсіп орындар пайда болды.        
Бұл жағдай өз кезегінде Қазақстанның мәдени арта қалушылығына да әсерін тигізді. 1897 ж. санақ мәліметтеріне жүгінсек, Орта Азия мен Қазақстан халқының сауаттылық деңгейі тек 6%-ды (еркектерде - 10%, әйелдерде - 3%) ал мұсылман халқында - 6,7%. Қазақтар арасында бұл көрсеткіш одан да төмен - 2,7%-ды болды, оның ішінде Орал облысында - 4,9%, Ақмола - 3,4%, Торғай - 3,2%,  Семей - 2,9%, Жетісу - 1,8%, Сырдария - 1,3%-ды құрады [1].
Қазақстандағы әлеуметтік қатынастарда қазақ шаруалары, қоныс аударған шаруалар мен казактар басым болды.  Қазақтардың басым көпшілігі мал шаруашылығының артта қалған түрлерімен айналысты олар бай, орта және кедей жарлы - батрактарға жіктелген-ді. 1917 ж. Қазан революциясына дейін қалыптасып үлгермеген ұлттық буржуазия әлжуаз және жалтақ әлеуметтік күш болды, оның өкілдері  негізінен отаршылдық әкімшілікте қызметтегі шенеуніктер, мұғалімдер және т.б. болды. Капиталистік қатынастардың ене бастауы нәтижесінде жұмысшы кадрлар қалыптаса бастады, олардың саны 100 мыңға жуық болды, бірақ ұлттық жұмысшы кадрлары аз болды, олар негізінен тау-кен кәсіпорындары мен темір жолда істеді.
Белгілі ғалым П.Г. Галузоның пайымдауынша, Ресейдің отары - Қазақстан капитализмнің өзінен емес, оның аймақтарда әлсіз, нашар дамымауынан зардап шекті, ол патшалық Ресейдің тауар өткізу рыногі және метрополияның өнеркәсібі дамыған орталықтарының шикізат көздеріне айналды. Осыдан ұлттық, саяси және әлеуметтік езгіге қарсы азат ету күресінің әлсіздігі туындады. Мұнын бәрі қазақ халқының саяси артта қалуына, өз құқықтары мен ұлттық - азаттық күресте,  әлеуметтік-экономикалық және саяси прогресс үшін күресте еңжарлық танытуына алып келді. Ал қазақ таптары, әлеуметтік топтары мен қабаттары 1905 ж. дейін саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, кәсіподақтар және т.б.құра алмады.
2. Қазақстандағы ұлттық интеллигенциясының қалыптасуы осындай жағдайда жүрді, оның әлеуметтік құрамы мен саяси көзқарастары біркелкі болмады.  Бұл проблема бүгінгі «Алаш» қозғалысының 95 жылдығына арналған халықаралық конференцияға байланысты өзекті болып тұр,  сол себептен біз осы «Алаш» қозғалысы басшыларының, ең бастысы Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастарына байланысты өз пікірлерімізді білдіргіміз келіп отыр.  Өйткені,  «Алаш» тарихының көптеген басты мәселелері Мәскеудегі Д.А. Аманжолова, біздің жерлестеріміз марқұм академик, т.ғ.д., профессор К.Н. Нүрпейіс, т.ғ.д., профессор Қойгелдиев және олардың шәкіртері мен ізбасарларының арқасында кең түрде баяндалып жүр [2].  «Алаш» басшыларының саяси көзқарастары бұрындары да қарастырылғанымен, менің ойымша, әлі де толық, жеке зерттеуді талап етеді.  Ал біздің бүгінгі баяндамамыз - ХХ ғасырдың басындағы  Қазақстан ұлттық интеллигенциясының тарихын қарастыруға өз үлесімізді қосуға деген талпыныс қана болып табылады.
Осыған байланысты «Алаш» қозғалысының көрнекті зерттеушісі Мәмбет Қойгелдиев ХХ ғ. басындағы ұлттық демократиялық интеллегенцияның тарихи көзқарасының қалыптасуына ерекше назар аударғанын айтқан жөн. Мысалы: «олар өткен тарихты қызықтаудан, оны әсірелеуден алыс, керісінше оған шындық тұрғыдан дәл баға беруге тырысты», - деп жазды. Қисыны келгенде айта кетейік: біздің жас тарихшыларға осы жетпейді, көбінесе олар бір жақты, әсірелеп, не «әшкерелеп», объекті көзқарастан алыс кетіп қалады. Сондықтан М. Қойгелдиев: «Қазақ тарихын терең білген, оған байланысты өз пікірі, бағасы болған Бөкейхан ұлттық мешеуліктің түп тамырын халықты билеушілердің надандығы мен ел бірлігінің жоқтығынан көрді», - деді. Ә. Бөкейхан: «Бұрынғы хан болсын, би болсын, әділдіктен жырақ болған, дәл осы күнгі атқа мінген өздеріңдей», - деп, қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктелістің барын да, әлеуметтік әділеттіліктің жоғын да басып көрсеткен [3].
3. Қазақстан ұлттық интеллигенциясы топтары өкілдерінің саяси көзқарастары мен қызметтерін зерттегенде, тарих пен мәдениеттің жалпы адамзаттық үдерістеріне талдау жасауда, тиімді қолданылуы мүмкін өркениеттік методологиялық принциптерге ғана емес, сондай-ақ, әлем сияқты көне, бірақ әркезде жаңа, таптық, партиялық принципке де сүйену қажет, деп ойлаймыз.  Өйткені белгілі бір саяси партияның немесе қоғамдық, ұлттық және басқа да қозғалыстардың, белгілі бір саяси, мемлекеттік, болмаса қоғамдық қайраткердің кімдердің әлеуметтік-экономикалық, саяси және ұлттық мүдделерін білдіріп, қорғағанын анықтау өте маңызды.  Бірақ, бұл жерде объективтілікті сақтап, тұлға  ретінде оларды бір-біріне қарсы қоймай, керісінше олардың ортақ тарихи даму жолындағы еңбегін, ал біздің проблемамызға талдау жасауда, әрқайсысының қазақ халқының әлеуметтік, саяси және мәдени-экономикалық прогресіне қосқан үлестерін ашу қажет.
4. Жоғарыда атап өткендей, ХХ ғасырдың басында Қазақстанның ұлттық интеллигенциясы біртекті болмады, біздің пікірімізше, ол өзінің саяси бағыттары мен әлеуметтік негіздері бойынша үш топқа бөлінді: демократиялық - Алаш қозғалысының белгілі зерттеушісі - т.ғ.д., профессор Д.А. Аманжолов бұл топты либералдық-демократиялық деп анықтайды [4].  Бұл пікірге де қосылуға болады - оның өкілдері Санкт-Петербург, Мәскеу және Ресейдің басқа да орталықтарында жоғары білім алған, көпшілігінде отаршылық әкімшілікте қызмет еткен және дәрігер, мұғалім, адвокат және т.б. ретінде жұмыс істеген, сұлтан, би, бай және ауқатты қазақ шаруалары отбасыларынан шыққандар болды.  Ресей демократиялық идеалдары және Батыс еуропалық прогрессивті ойларының ықпалымен тәрбиеленген, басқа топтарға қарағанда, саны жағынан көп және жақсы ұйымдасқан бұл топ «Алаш» партиясының негізін құрады.  Бұл топты Ә. Бөкейхан «Батысшылдар» деп атайды.
Ұлттық интеллигенцияның демократиялық тобының танылған көсемі сөзсіз ірі ғалым (экономист, орман маманы), қазақ өмірі, тұрмысының, мәдениеті мен тарихының білгірі, төре-Шыңғыс нәсілінен тарайтын Бөкей ханның ұрпағы болып табылады, ол Санкт-Петербургте білім алған - сол жерде Императорлық Орман институтын 1894 ж. бітірген [5]. Одан бөлек ұлттық-демократиялық зиялылар қауымы ақын, жазушы А. Байтұрсынов, жол қатынастары инженері М. Тынышпаев, заңгерлер - М. Шоқай мен Ж. Ақпаев, ақын М. Дулатов, дәрігер Х. Досмұхамедов және басқаларынан тұрды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ұлттық интеллигенцияның екінші тобы Түркияны бағыт еткен мұсылмандық қозғалыс өкілдерінен тұрды, осы үшін оларды Ә. Бөкейханов түркіфилдер деп атады [6]. Бұл топқа тек молдалар, имам, қожалар ғана емес, демократиялық бостандық үшін, бірінші кезекте ар бостандығы және патшалық Ресейдің отарлық езгісіне, оның қазақтарды орыстандыру мен күштеп шоқындыру саясатына қарсы күрескен ұлттық интеллигенция өкілдері де кірді. 1897 ж. халық санағы мәліметі бойынша, христиандықты (православие) қабылдаған қазақтардың саны барлығы 660, ал 1911 ж. - 2659 адамды құраған [7].
Аталған екі топ та Ресей империясының отарлық саясатына қарсы күресте, демократиялық бостандық, қазақтарды ұлттық езгіден азат ету үшін күресте тығыз байланыста болды. Бұл топтар 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң ерекше белсенділік танытты.
ХХ ғ. басында ұлттық интеллигенция арасында осы екі топтың (үшіншісі туралы төменде айтамыз) болғандығы Алаш лидері Әлихан Бөкейханның да, сонымен қатар белгілі тарихшылар мен сол жылдардағы саяси оқиғалардың белсенді қатысушыларының, большевитер С. Асфендияров пен Т. Рысқұловтың сөздерімен де расталады.
Осы кезеңде (ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ. басы) қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, соның ішінде қазақ ұлттық интеллигенциясының қызметі өзінше үлкен саяси бағытқа айнала бастады. Мұның үстіне, Ә. Бөкейханның пікірінше, қазақ зиялы қауымының ортасында саяси көзқарастар біртекті болмаған. Бір жағынан, бұл «еуропалық мәдениетке сенетін, бақытқа жетуді Батыс мәдениетінің жемістерін жүзеге асырудан көретін және діни мәселелерді басты емес дей санайтын интеллигенция болып табылды... Екінші жағынан, шығыстық ортодоксия мен ұлттық-діни ерекшелік рухында айқындықта тәрбиеленген интеллигенция да жарыққа шықты». Орыс зиялы қауымымен салыстыра отырып, Ә. Бөкейхан бірінші бағытты «Батыстықтар» деп, екіншісін «Түркіфилдер мен панисламизмді жақтаушылар» деп атады. Қазақ қоғамындағы түркіфилдік көңіл-күйлердің басым ықпалын ол қазақтардың патша өкіметі отарлық саясатына теріс қарауының салдары, соның нәтижесінде Батыс білімі мен мәдениетіне деген күдігі мен бұқарасының саяси мәселелерге деген енжарлығынан, - деп түсінді.
Әлихан Бөкейханның пікірінше, жақын уақытта қазақ интеллигенциясында екі негізгі саяси бағытты ұстанған саяси партиялар пайда болады. Оның бірі, мұсылман-татар партиясы, екіншісі - оппозициялық орыс партиялары, оның ішінде халық бостандығы (кадеттер) партиясы [8].
Қазақ интелленгенциясының ұлт-азаттық қозғалыстардағы рөлін, оның қалыптасуы мен Қазан революциясына дейінгі және онан кейінгі іс-әрекетін анықтаудың бүгінгі таңда өзектілігі артып отырғаны сөзсіз. Қазақстан тарих ғылымында көпке дейін мына төмендегі пікір үстем болды: Қазан революциясына дейін ұлттық интелегенцияның саны жағынан аз болды, ол «орыс патшалығы мен жергілікті жартылай-феодалдардың қазақ еңбекшілерін езуіне көмектесті... басым көпшілігінде халықтың қалың бұқарасына жат және жау еді», ұлттық интеллегенцияның қалыптасуының басталуы мен даму процесі ХХ ғ. басындағы революциялық оқиғалар кезінде болған-ды [9].
Алайда, бұл көзқарас жалғыз емес еді, әсіресе Қазақстан тарих ғылымының алғашқы қалыптасу кезеңдерінде әртүрлі көзқарастар пайда бола бастады. Мәселен, әйгілі мемлекет қайраткері және ғалым Т. Рысқұлов: ұлттық интеллигенцияның өкілдері «Қазақстанды патша өкіметі басқарған кезде пайда болып, орыс және мұсылман мәдениеттері оң ықпалымен қалыптасты», - деп баса айтты. Ол Ш. Уәлиханов пен Ы. Алтынсаринді ерекше атап көрсетті. Көрнекті қазақ тарихшы-ғалымы С. Асфендияровтың еңбектерінде ұлттық интеллигенцияның қалыптасуының басталуы ХІХ ғ. деп көрсеттіледі [10]. С. Асфендияров өзінің еңбегінде саяси көзқарасы бойынша қазақ интеллигенциясы бір лагерге жатпады. Оның бір бөлігі, негізінен мұғалімдер, көпшілікпен байланысты болған жәдидтік және пантүрік қозғалысына қосылды. Келесі бөлігі, зиялылардың беткі қаймағы, орыс мектебін бітіргендер, орыс буржуазиясы мен орыс буржуазиясының интеллигенциясына бет бұрды  [11].
С. Асфендияров Қазақ интелегенциясының ХІХ ғасырдың соңымен ХХ ғасырдың басында прогрессивті рөлін мойындаған еді. Дегенмен, бұл интелегенцияның бойына тән ерекшелігі ретінде, оның саяси әлсіздігін, қалың бұқарадан алыстығын, байланысы жоқтығын атап көрсетті, бұл интеллегенцияның ұстанымын ұлттық-реформашыл, - деп бағалады.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Үшінші, әлсіз, әрі аз ұлттық зиялылар тобын, көбінесе қазақ кедей шаруаларынан шыққандар құрады және олар социалистік бағыттағы көзқараста болды. Бұл топтың өкілдеріне: Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов, Көлбай Төгісов, Сәкен Сейфуллин және тағы басқалар жатты, 1917 ж. ақпаннан кейін өздерінің ұйымдарын, баспа органдарын және т.б. құра бастады. Бұл топ 1917 ж. Қазаннан кейін Орталықтан, Кеңес үкіметінің, оның әскерлерінің қолдауымен «Алаш» қозғалысына қарсы күресті күшейтті, сонымен қатар, бұл топты Ташкент, Орынбор, Омбы және Қазақстанға жақын орналасқан басқа ірі қалаларда орнаған жергілікті кеңестері мен әскери күштері де батыл қолдады [12].
5. Ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы демократиялық зиялыларының көсемі, «Алаш» партиясы шиеленіскен саяси жағдайда жетекшісі - Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастары осындай орта мен шиеленіскен жағдайда қалыптасып, өзгеріп, дамып отырды. Біз Ә. Бөкейханның саяси көзқарастары ішінен анағұрлым ірі мәселелерге қысқаша талдау жасаумен шектелеміз, атап айтқанда: қазақ халқының өзін-өзі билеуі, яғни саяси билік туралы (қазақ халқын басқару); аграрлық мәселе туралы; шіркеудің мемлекеттен бөлінуі және т.б. Біз бұл жерде Ә. Бөкейханның массондық қозғалысқа мүше болуы туралы мәселені әдейі аттап өтеміз, бірақ осы мәселемен арнайы айналысқан ғалымдардың оның бұл қозғалысқа қатысқаны жөнінде біраз дәйекті мәліметтері бар екенін де жоққа шығармаймыз [13].
6. Ә. Бөкейханның саяси көзқарастары қазақ халқының ұлттық мүдделеріне, Ресей мен оның отары - Қазақстандағы саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, ресейлік саяси өлшемдермен қарағанда, біршама эволюцияға ұшырағанын айрықша атап өту қажет, оның өз сеніміне берік марксшіл - социал-демократтан (1905 ж. дейін) конституциялық-демократиялық партия арқылы (1905 ж. бастап 1917 ж. дейін) социал-революциялық (эсерлік) ұстанымдарға дейін жүріп өтуін айқын көреміз. Осы орайда В.И. Лениннің «24 сағат ішінде кез келген арнайы мәселе бойынша үгіт тәсілін өзгертуге болады..., ал 24 сағатта ғана емес, 24 айда болса да өз көзқарастарын... тек ешқандай да тірегі жоқ адамдар ғана өзгерте алады», -  деген сөздерін еске түсіру орынды [14]. Санкт-Петербургте оқыған жылдары (1894-1898) жас Ә. Бөкейхан студенттік қозғалысқа белсенді қатысып, «Казахи о русских до 1917 года» кітапта жазылғандай, «радикалды революционер және социалист», - болып табылды [15]. Кадеттік «Наша жизнь» газеті 1906 ж. Ә. Бөкейханның Мемлекеттік Дума мүшелігіне өтуінен соң, ол туралы: «Орман институтының студенті кезінде ол әрқашанда әсіре солшылдарға қосылатын» және «марксизм туралы таластардың қызған шақтарында экономикалық материализм тезистерін өте табанды түрде қорғайтын», - деп жазды [16]. Астаналық орталарда ол марксизм теориясының тамаша білгірі ретінде танылды. Бұл жөнінде Ә. Бөкейханның Омбы қаласында халықшылдардың, эсерлердің және марксистердің қатысуымен шыққан «Степной край» газетінің редакциясында жұмыс істеуі де куәлік етеді. Ә. Бөкейхан газетте «марксистік бағытты ұстанды және сөзсіз оның жарқын, тіпті бірден-бір, жарқын дем берушісі болды», - деп жазды С.П. Швецов [17].
1905-1907 жж. революция қарсаңында Ә. Бөкейхан бұрынғы көзқарастарын қайта сараптап, жаңа бағытқа көшті. Табанды марксист, Ресейдің байтақ далаларында социализм құру ойына шын берілгенімен, бұл саяси бағыттың қазақтар үшін утопия-қиял екеніне көзі жетті. Өз халқының өткен тарихын, мәдениетін, тұрмысын, саяси, әлеуметтік-экономикалық құрылысын зерделей келіп, ол «социализмді жеке бір алынған елде құру» жалпы мүмкін, бірақ тек қазақ даласында емес», - деген шешімге келеді. «Киргизы» еңбегінде ол: «қазақтардың шаруашылық өмірі қазіргі тұрақ орнын үнемі ауыстырып, өз малдарымен тебіндік пен суат іздеу үшін өзгертіп отыратын жартылай жабайы көшпелінің жұпыны экономикасының қарапайым түріне сыймайды. Бұрынғы таза бақташылық шаруашылық бірте-бірте аралас егіншілік-бақташылық түріне орын беруде», - деп жазды. Ә. Бөкейхан қазақ халқы біртіндеп аралас малшылық-егіншілік шаруашылық түріне өтетінін болжады. Бұл жағдайда, отырықшылыққа өту, оның пікірінше, «егіншіліктің дамуы үшін қолайлы табиғи-тарихи жағдайлары мен экономикалық конъюнктурасы» бар жерлерде анағұрлым тез орын алады, және, сәйкесінше, «топырағы нашар, жауын-шашын тапшы және рынок орталықтарынан алыс, егіншіліктің едәуір дәрежеде дамуы мүмкін емес» жерлерде, отырықшылыққа өту орын ала алмайды, - деп санады. Осы және басқа да маңызды факторларды (дәстүрлі өмір салты, мәдениет деңгейі және т.б.) ескере отырып, ол қазақтар капитализмнің осы кезеңін интенсивсіз, сырттан күштеп араласусыз, табиғи, эволюция жолымен өтуі керек, олай болмаса, бұл қазақтар үшін қасіретті болуы мүмкін, - деген шешімге келеді. Ағылшын ғалымдарының пікірінше, осы себепті ол «қызу және сөзсіз ұлтшыл» болып қала отырып, «оңшыл опортунистерге келді және тіпті орыс конституциялық демократтарға қосылды» [18]. Ә. Бөкейханның оңшыл опортунистерге өтуі туралы қосымша мәліметтер жоқ. Оның орыс кадеттеріне өтуіне байланысты айтсақ, ол өздері пайда болған алғашқы күндерден бастап, Ресейдің ықпалды саяси ұйымына айналған орыс конституциялық демократтарына тек қосылып қана қойған жоқ, оның аз санды қоғамдық қайраткерлерінің бірі болды, ресейлік түкпірде осы партияның негізін жасап, оның Орталық комитетінің мүшелігіне дейін көтеріле алды.
Ресейдің кадет партиясы жетекшілерінің бірі бола отырып, өзінің саяси қызметінде, әлеуметтік әділеттік, еңбекші халықтың мүдделерін қорғау идеалдарына адалдығын сақтады, отарлық езгінің жойылуы, демократиялық бостандық салтанаты үшін күресті. Оның марксизмге, социал-демократияға деген іш тартуы әлі де сақталды, бұл жөнінде Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетінде жариялаған (1913, № 26) герман социал-демократиялық партиясының жетекшісі Август Бебельге арнаған некрологы айқын көрсетеді. Онда ол А. Бебельдің жұмысшы табының мүдделерін қорғаудағы қызметіне ерекше сүйсінеді, оның Германияның социал-демократтық партиясының көсемі ретінде істеген еңбегін күмәнсіз жоғары бағалап келіп, өз сөзін былай аяқтайды: «Егер дүниеге келсең, Бебель сияқты бол, Бебель сияқты өмір сүр!». Бұның бәрі Ә. Бөкейханның оның ой-өрісінің және саяси ұстанымының кеңдігін көрсетеді, сондықтан оған, тіпті констициялық деократ болса да, қатаң шектеу қоюға болмайды. Ол үшін ең маңызды мақсат - демократиялық бостандық қана емес, ең бастысы -қазақ халқын отарлау саясатынан азат ету болды. Бұл оның ізгілікті ұстанымы, ол мұндай қасиетті Омск техникалық училищесінде оқып жүргенде (1886-1890 жж.)  бойына сіңірді, болыстық биліктің жалқаулығы мен сараңдығын және халықтың мүддесіне немқұрайлылығын, молданың - білімсіздігін өмір бойы қатаң сынап өтті, бұл оның - саяси қызметін өзгелерден ерекшеледі [19]. Міне сондықтан, Ә. Бөкейхан кадет партиясында шамамен 12 жыл болғанымен, көптеген мәселелерде оның көзқарастары бұл партияның ұстанымымен сәйкес келмей, тіпті қайшы болды. Кадеттер жерге жеке меншік болуын қолдады, езілген халықтарға автономия берілуіне, діннің мемлекеттен бөлек болуына қарсы болды. Міне сондықтан Ә. Бөкейхан 1917 ж. шілдеде кадет партиясынан шықты, ұлттық-демократиялық - «Алаш» партиясын құруға кірісті. Партия бағдарламасының негізіне 1917 ж. 21-28 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезд қарарлары алынды [20]. «Қазақ» газеті «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды, оған Ә. Бөкейхан бастаған жеті партия басшылары қол қойды [21]. Партия бағдарламасының жобасын кадеттерден ерекше болып, көп ұстанымы эсерлерге, біраз жері социал-демократтарға, оның ішінде меньшевиктерге жақын болды. Түптеп келгенде, «Алаштың» бағдарламалық бағыттары жалпыдемократиялық шеңберден әлдеқайда әрі шығып, қазақ халқының қалың бұқарасы мүдделеріне сай, ұлтты өзін-өзі билеуі, әлеуметтік және саяси прогрес мақсаттарын көздеген-ді.    
7. Ә. Бөкейхан бүкіл ұлт-азаттық қозғалыстың басты міндеттерінің бірі - Ресей Федеративтик демократиялық Республикасының құрамындағы Ұлттық-территориялық автономия құрып, қазақтардың өзін-өзі басқару құқығын қамтамасыз ету, - деп санады. Ол бұл автономияны құруда жергілікті жерлердегі үлкен қиыншылықтарды бастан кешірді. Атап айтқанда, Қазан революциясы, кеңес үкіметінің орнауы, көп ұзамай азаматтық соғысының басталуы, сонымен қатар қазақ халқының кең және бір-бірінен алшақ жатқан территорияда шашыраңқы орналасуы кедергі келтірді. Отырықшы жерлерде казактар және қоныс аударған шаруалар, олардың поселкелері, село-деревнялары, станицалары және қалалары болды. Бұл жағдай көптеген территориялық-әкімшілік бөлініске алып келді. Қазақстан территориясы үш генерал губернатырлыққа бөлінген-ді (Дала, Түркістан және Орынбор), ал Бөкей Ордасы (немесе Ішкі орда) Астрахань губернаторлығына, ал Маңғысшы уезі - Каспий бойы облысына бағынды. Ұлттық - территориялық автономияны құру қажеттілігін дәлелдей келіп, Ә. Бөкейхан мұндай жер жағдайына қарап, жеке-жеке автономиялар құрылуы мүмкін, - деп ойлады. 1) Ішкі Ордада; 2) Түркістан өлкесіндегі қазақтар үшін; 3) Далалық өлкедегі қазақтар үшін.   Түркістан өлкесіндегі қазақтардың Далалық өлкедегі қазақтармен бірігуі қиынға түсетіндігін өзінше, алдын-ала болжап білген жөн, - деп санады, себебі: түркістандықтар діншіл, мәдениеті артта қалған және кадрлары аз, тіпті жоқтың қасы, Түркістан өлкесінің Далалық облыстармен салыстырғанда, ұлттық мамандардың жетіспеуі автономияны басқаруда көптеген қиындықтар туғызатындығын атап көрсетті. «Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?» - деп еді ол [22].
Ә. Бөкейханның Алаш-Орда үкіметінің басшысы ретінде мәжбүрсізден, Сібір автономияшыларынан, Самарадағы Комуч, Уфадағы Директория, «біріңғай және бөлінбейтін Ресей үшін» күрескен Колчактан да демеу іздеді, оның негізгі себебі: әсіресе саяси және әлеуметтік жағынан жіктеліп кеткен қазақтардың басы бірікпей, бытыраңқы болуы; соның нәтижесінде ұлт-азаттық қозғалыстың әлсіздігі; Кеңес үкіметінің күшті әскерінің қарама-қарсы тұруы болды [23]. Қазақтардың ұлттық-территориялық автономиясы құрылуына большевиктер қарсы болған жоқ, бірақ олар ұлттық автономия тек Кеңес өкіметі негізінде болуы керек, - деп санады. «Алаш» қозғалысына қатысушы Ә. Бөкейхан өзі: «Кеңес үкіметін мойындаймын, бірақ сүймеймін», - деді.
Маркс ілімін жақсы игерген Ә. Бөкейхан қазақ қоғамындағы әлеуметік жіктелуді, соның нәтижесінде жүретін таптар тартысын түсіне де, көре де білген. Мысалы, ол «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы арасында отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты жүрген пікір таласқа қарай былай деген: «Баймын, мықтымын деп атқа мінген жақсылар шөп шабатын жерге, егін жайға, жаз қонысқа, қыс тебінге зорлық қылады, кемшілікте жүрген бейшара сорлы жұрт бұл жақсылардың тепкісінде қор болғанша, орыс беретін он бес десятина болса да алайық деп, мұжық болатындай сұрап отыр», - деп жазған еді. Міне сондықтан ол: «Байлықты... жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзаларды» «қысты күні үңгірде жатып аз аяғын сорған аюға» теңегені де рас. Дегенмен Ә. Бөкейхан Ақпан төңкерісінен кейін болшевиктерше таптық күресті күн тәртібіне қойған жоқ, қазақ ұлт-азаттық қозғалысы алдына бүкіл ұлтты біріктіретін жалпы демогратиялық мақсаттарға сай нақтылы міндеттерді алға тартты [24]. Бірақ ол қазақ қоғамының, оның ұлт-азаттық қозғалысының әлсіздігін көргендіктен, оның себептерін де  алдын ала болжап, біліп отырды, бұл жағдайдың бастысы деп, ол: «Жұрттың берекесі кетуге түптен себеп болған нәрсе - қазақта бірліктің жоқтығы», - деп басып корсетті [25].
8. Ә. Бөкейханның саяси көзқарасы да аграр мәселесіне шын мәнінде ерекше  көңіл бөлінді, ол жерге жеке меншікті жойып, қауымдық пайдалануға беруді, мемлекет  меншігі деп жариялауды ұсынды. Қазақстандағы Ресейдің ішкі аймақтарынан шаруалардың көші-қоны өрістегеніне, әсіресе Оңтүстік Орал мен Қиыр Шығысты байланыстырған Ұлы Сібір магистралі салынған соң, бұл қоныс аудару күшейе түсуіне байланысты, Ә. Бөкейхан былай деп жазды: «Жерді ата-бабасының қанымен келген өз жеке меншігі санайтын қазақтар, орыс билігіне өткенде, мемлекет олардың жеке меншігіндегі жерлерді тартып алдады, - деп ойламаған да еді. Бірақ орыс үкіметі ешбір себепсіз, күштінің құқығына сай, барлық қазақ жерлерін патша мемлекетінің меншігі деп жариялай салған заңдар қабылдады.  Осының нәтижесінде Қазақ даласына қоныс аудару күшейді, Құнарлы жер телімдері сол келгендерге берілді, ал жарамсыз жерлер қазақтарға қалды. Бюрократиялық жолмен енгізілген Дала ережесі халықтың шынайы мүдделерін ескерген де жоқ, билік өзінің заңды құрметтемейтінін көрсетті, заңның орнына өзім білетіндікті, жеке тұлғаның құқығын менсінбеуді, әкімгершілік зорлықты пайдаланды... Қазақтардың рухани және экономикалық мүдделерін кемсітіп қарады, бұқараның надандығын әдейі, жасанды түрде қолдап, сақтай түсті - осының бәрі халықты кедейленуге..., оның мәдениетін тоқырауға ұшыратты», - деп жазды [26].
Ә. Бөкейхан мынаған ерекше ден қойды, қазаққа жерді жеке меншікке бөліп берсе, башқұр шаруалары секілді орыс мұжықтарына жерді сатып, жерсіз қалып, кедей-жарлы-батрак болады. Ә. Бөкейхан қазақтың жеріне қоныс аударушыларды орналастыруды тоқтату керектігін және сондай-ақ қазақтардың әлі келмеген қоныс аударушылардың жеріне  орналасуын ұсынды [27]. Сондай-ақ, Ә. Бөкейхан аграрлық мәселеде кадеттерден алыс тұрды және де эсерлермен бірге, ерекше социал-демократтарға жақын болды.
9. Ә. Бөкейханның саяси көзқарасы жалпы демократиялық бостандықтың қамтамасыз етілуді, әсіресе жиналыс, митингілер өткізуді, қоғамдастықтар ұйымдастыру, сөз, баспасөз бостандығы, жариялылық, жеке тұлғалар дербестігіне қол сұғушылықтың болмауы, олардың құқықтарының тапталмауы, жергілікті өзін-өзі басқарушылықты (земство) енгізу, сот реформаларын жүргізу, шіркеудің мемлекеттен бөлек болуы, әйел теңдігі және т.б. сынды ұстанымдарды қамтыды. Ә. Бөкейхан білім және ғылымды дамытуға, жұмысшылар мәселесіне ерекше назар аударды. Ол, «Алаш» партиясы жұмысшылар мәселесі бойынша социал-демократ-меншевиктердің ұстанымдарын құптайды, - деді және әділ заңдардың негізінде жұмысшылар мүддесін қорғайтындығын ерекше атап көрсетті. Ә. Бөкейхан тегін білім беру, ана тілінде оқыту, қазақ тілінде мектептер және университеттер ашу, оқу орындарының өзін-өзі билеп, автономиялы болуын қолдады және биліктің араласуына қарсы болды, ал оқытушы-профессорларды сайлау және т.б. ұсыныстар жасады.  
Сонымен, Ә. Бөкейханның саяси көзқарастардың жасалған қысқаша талдау көрсетіп отырғандай, Алаш партиясының жетекшісі, «Алаш-Орда» үкіметінің басшысы және ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Ә. Бөкейхан кең дүниетанымдық көзқарасқа ие болғанын көреміз, оның саяси көзқарастары социал-демократтардың да, әсерлердің де, тіпті кадеттердің де шектеулі ұстанымдарынан партиялық көзқарастарының тар шеңберінен асып түсіп, өзіне тән ерекшеліктеріне ие екенін көреміз. Оның саяси көзқарасы мен бағдарламасы  қазақ халқының ұлттық мүдделерін терең көрсетті, шын мәнінде халықтың қалың топтарының көсемі, шынайы демократ бола білді. Туған халқының Ұлы перзенті, оның арман еткен кокейкесті мәселелері үшін жан аямай күрескен көшбасшы еді.
«Abai.kz»

1. Асылбеков М.Х., Жаркенова А.М. Население Казахстана в конце ХІХ - начале ХХ вв. (1897-1917 гг.). Алматы, 2001, 26 б.
2. Аманжолова Д.А. Движение Алаш в 1917 году. М., 1992; Бұл да сонікі. Партия Алаш: история и историография. Семипалатинск, 1993; Бұл да сонікі. Казахский автономизм и Россия. М., 1994; және т.б. Нурпеис К. Алаш һәм Алаш Орда. Алматы, 1994; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1994. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994. (автор және құрастырушы) және т.б.
3. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. 2004, 151 б.
4. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. 4 б.
5. Асылбеков М.Х., Сейтов Э.Т. Алихан Букейхан - общественно-политический деятель и ученый. Алматы, 2003, 33 б.
6. Казахи о русских до 1917 года. Общество исследования Средней Азии. Оксфорд, 1985, 53-54 бб.
7. Асылбеков М.Х., Жаркенова А.М. Көрсетілген еңбек. 23 б.
8. Казахи о русских до 1917 года... 58 б.
9. Карагусов Ж. Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем. Алма-Ата, 1960, 7 б.; Тастанов Ш.Ю. Казахская советская интеллигенция (проблемы становления и развития). Алма-Ата, 1982.
10. Рыскулов Т. Избранные труды. Алма-Ата, 1984, 189 б.
11. Асфендияров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). 2-ое изд. Алматы, 1993, 240 б.
12. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. В пяти  томах. Т.3, 618-620, 665-667 және т.б. бб.
13. Аккулулы. Алихан Букейхан и русское масонство. Казахстанская правда. 1993, 28 октября; Простор, 1994, №3, 130-142 бб.
14. Ленин В.И. Полное собрание сочинений, т.5, 6 б.
15. Казахи о русских до 1917 года... 15 б.
16. Наша жизнь, 1906, 24 июнь, № 477.
17 Северная Азия. М.1930, №1, 112 б.
18. Беннигсон А.Ш., Лемарсье - Келькежей. Пресса и национальное движение среди мусульман России до 1920 года. Париж. Сабонна. 1964.
19. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994, 285-286 бб.
20. Асылбеков М.Х., Сеитов Э.Т. Көрсетілген еңбек, 28 б.
21. Алаш Орда. Сборник документов. Составитель Н. Мартыненко. Алма-Ата, 1992, 46-53 бб.
22. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994, 259-262 бб.
23. Бұл да сонда, 263-264 бб.
24. Асылбеков М.Х., Сеитов Э.Т. Көрсетілген еңбек, 100 б.
24. 1. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Алматы, «Жалын баспасы», 2004, 150-151 бб.
25. Бұл да сонда
26. Казахи о русских до 1917 года... 55-56 бб.
27. Алаш Орда. Сборник документов. 46-53 бб.; Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994, 259-262 бб.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068