Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ақмылтық 3686 7 пікір 6 Қыркүйек, 2022 сағат 13:10

Қытай төрағасы Қазақстанға не үшін келе жатыр?

14 қыркүйекте Қытай төрағасы Ши Жипиң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Сапар аясында мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

СІМ өкілінің айтуынша, сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Бұған дейін соңғы бір жыл ішінде Қазақстанға Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван И, Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэн келіп кеткен.

Қытай Сыртқы істер министрімен кездесу барысында Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы күзде елімізге жоспарланған мемлекеттік сапары барын айтқан болатын. Президент сапардың екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін береді деп үміттенетінін жеткізді.

«Биыл – өте маңызды жыл. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Қытайда коммунистік партияның ХХ съезін өткізу жоспарланған. Алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер біздің стратегиялық серіктестігіміздің жылнамасына ерекше оқиға ретінде жазылады», – деген еді Президент.

Араға біраз жыл салып Қазақстанға сапарлатқалы отырған Қытай Төрағасының бұл жолғы келісі нені білдіреді?

Омарәлі Әділбекұлы:

- Қытай төрағасы Ши Жипиң пандемия басталғалы Орта Азияға бірінші рет келе жатыр. Ол 14 қыркүйек күні Елордаға келеді, одан кейін 15-16 қыркүйекте Самарқанда өтетін «Шанхай» ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Саммитке Ресей Президенті келеді деп күтіліп отыр. Ши Жипиңнің алдымен біздің елімізге келуі Қытай мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың біршама жақсы екенін білдіреді.

Өздеріңіз білесіздер, пандемия басталғалы Қытай мен Қазақстанның шекарасы жабылып қалды. Дегенмен Қазақстан ТМД елдері, Еуроодақ елдерімен, Түрік елімен, Ислам елдерімен шекарасын жапқан жоқ. Қытаймен шекараның жабылуы Қазақстан тарапынан жасалған өтініш деп айтылып жүр. Сол уақытта Қытаймен арадағы темір жол жабылып, көптеген тауар таситын вагондар жол ортасында тұрып қалды. Тауар діттеген жеріне жетпеді. Кейін Қытай Премьер-министрінің орынбасары Қазақстанға келіп, мәселе шешілген. Қазір екі елдің тауар айналымында қиындық жоқ.

Шілденің бірінен бастап екі ел арасындағы әуе қатынасы реттелді. Аптасына екі рет рейс бар. Бірақ, билет құны өте қымбат. Қазір Қазақстанда Қытайдан келген 20 мыңдай адам қайта алмай отыр. Оның 90 пайызы өзіміздің қандастар.

Одан кейін, Қытаймен шекарада Ертіс, Іле өзендері ағады. Осы төңіректегі жылдар бойы қордаланған мәселелер бар. Мінекей, осы айтылған мәселелер Қытай Төрағасымен кездесуден кейін біржақты болатын шығар деп ойлаймын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

7 пікір