Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5901 0 пікір 3 Тамыз, 2009 сағат 07:30

Әбиірбек ТІНӘЛИЕВ: «Желтоқсан желінің» тұсауы Азаттық радиосында кесілген еді...

«Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әттең-ай», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ас-суың ба еді, атаңнан қалған?» сияқты әндері тыңдарманның жүрегінен өз орнын тапқан сазгер Әбиірбек Тінәлиев Азаттыққа арнайы сұхбат берді.

 

ЖЕТІСУ ӨҢІРІНЕ ҚОНЫС АУДАРДЫМ...

 

- Мен қазір Талдықорғанның тұрғынымын. 2001 жылдың желтоқсан айында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілген кезде мен Жетісу өңіріне қоныс аудардым. Әрине, көшпей-қонбай бір жерде тұрақты жұмыс істеген жақсы ғой, бірақ өнер адамы үшін халықтың ортасында жүрген, ел аралап, жер көрген тіптен қызық.

Туып-өскен Жамбыл облысында 12 жыл, Алматы қаласында 15 жыл қызмет атқардым. Талдықорғанға келгеніме де 8 жыл болыпты, Алматы облыстық Бикен Римова атындағы қазақ драма театрында 7 жыл музыка бөлімін басқардым, қазір үш айдың шамасы болды, облыстық Жетісу телеарнасына қызметке ауыстым.

Мұндағы жұмысым телеарнадан берілетін түрік, жапон, корей сериялдары мен мультфильмдерінің кейіпкерлерін «қазақша сөйлету», аударманы дыбыстау, яғни дубляж саласында қызмет атқарамын. Өзімнің әу бастағы оқыған мамандығым актерлік еді, бұл менің өзіме ұнайтын, мамандығыма да, жаныма да жақын жұмыс болып тұр.

- Шығармашылығыңызда тыңдарманмен бөлісер жағымды жаңалықтар бар ма?

«Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әттең-ай», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ас-суың ба еді, атаңнан қалған?» сияқты әндері тыңдарманның жүрегінен өз орнын тапқан сазгер Әбиірбек Тінәлиев Азаттыққа арнайы сұхбат берді.

 

ЖЕТІСУ ӨҢІРІНЕ ҚОНЫС АУДАРДЫМ...

 

- Мен қазір Талдықорғанның тұрғынымын. 2001 жылдың желтоқсан айында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілген кезде мен Жетісу өңіріне қоныс аудардым. Әрине, көшпей-қонбай бір жерде тұрақты жұмыс істеген жақсы ғой, бірақ өнер адамы үшін халықтың ортасында жүрген, ел аралап, жер көрген тіптен қызық.

Туып-өскен Жамбыл облысында 12 жыл, Алматы қаласында 15 жыл қызмет атқардым. Талдықорғанға келгеніме де 8 жыл болыпты, Алматы облыстық Бикен Римова атындағы қазақ драма театрында 7 жыл музыка бөлімін басқардым, қазір үш айдың шамасы болды, облыстық Жетісу телеарнасына қызметке ауыстым.

Мұндағы жұмысым телеарнадан берілетін түрік, жапон, корей сериялдары мен мультфильмдерінің кейіпкерлерін «қазақша сөйлету», аударманы дыбыстау, яғни дубляж саласында қызмет атқарамын. Өзімнің әу бастағы оқыған мамандығым актерлік еді, бұл менің өзіме ұнайтын, мамандығыма да, жаныма да жақын жұмыс болып тұр.

- Шығармашылығыңызда тыңдарманмен бөлісер жағымды жаңалықтар бар ма?

- Осыдан 5-6 жыл бұрын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» деген ән жазып едім, бірнеше жыл жүріп оның сөзін жаздым, жақында осы әнге бейнебаян түсірдім, ең үлкен жаңалығым осы.

Жамбыл облыстық драма театрының актері болып жұмыс істеп жүрген кезімде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қойылымындағы Қарабайдың рөлін ойнадым. Кейін бұл спектакль Талдықорғанда қойылғанда да ерекше бір сүйсініспен тамашаладым. Осы қойылымда Қозы мен Баянның бір-біріне атастырылғаннан бері, 17 жылдан кейін кездесетін тұсы бар.

Сондағы бір-біріне ынтыққан екі жастың үнсіз, сезімдерін тек көзбен білдіретін кезі, адамға берілген адал сезімнің алғашқы сезілуі сияқты мөлдір шақтың көрерменге әсер етпеуі мүмкін емес қой.

Осы қойылымнан әсерленіп, оның үстіне жастарымыз адасып, «Әулие Валентиннің» күнін махаббат мерекесіне айналдырып жүргенін көргеннен туған дүние еді бұл, әрі-беріден кейін махаббат туралы әннің төресі күллі түркі әлемінің «Қозы Көрпеш -Баян сұлуына» арналуы керек қой.

Қазір әннің бәрі махаббаттың төңірегінде шырқалатын болды ғой, одан басқа ештеңе айта алмайтын болып қалдық. Бұл жағынан қазақтың әндері үндінің киносынан да озып кетті. Сол махаббатты да дұрыстап шырқай алмай отырмыз, бір ән болса да, шынайы сезімді жырлаған дүние болсын деген оймен жазылған шығарма еді, жұбайым Майра екеуміз екі дауыста орындап жүрміз.

 

 

«ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ» АЛҒАШ РЕТ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНАН ШЫРҚАЛДЫ

 

 

- Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған санаулы әннің бірі - «Желтоқсан желі» атты әніңіздің қалай жазылғанын айтып беріңізші?

- «Желтоқсан желі» Алматының қақ ортасындағы алаңдағы қанды қырғын болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылдың 17 желтоқсаны күні жазылды. Ол кезде мен Жамбылда тұратын едім, сол себепті алаңда бола алмадым.

Бізді Алматыға жібермеді, ол кезде еш рұқсат болмады, сол себепті біз қапалы күйде үйімізде отырдық, сол үшін әлдекімдерге ренжідік... сол кезде туған ән еді бұл, ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық.

Содан кейін Алматыға келіп, әнімізді Қазақ радиосының студиясында жазғыздық, бірақ әуе толқынынан беруге рұқсат етілмеді. Сол жылдарда «Желтоқсан желі» әні ең алғаш Азаттық радиосы арқылы халыққа жетіп еді.

Қазақ радиосы Колбин «көкеміз» кеткенше бұл әнді эфирге шығарған жоқ, ал Азаттық радиосы бұл әннің тұсауын кесіп, тыңдарманға ұсынған болатын. Қазір бұл ән ешқандай эфирден беріліп жүрген жоқ, бірақ күні кеше ғана осы әнге бейнебаян түсіріп біттім.

Сол 86-дағы оқиғаның көріністері, тарихи құжаттар, сонымен бірге қызғалдағы құлпырған дала, сол далада еркін ойнап жүрген жас балалар..., осындай кадрлары алмасып келіп отыратын бір дүние болып шықты. Қанды оқиға болған соң, уақыты да қаһарлы қыс кезі болғандықтан, үйлесімді болсын деп, өмірдің жалғасы ретінде балалар мен гүлге оранған даланы, құлпырған көктемді әдейі қостым.

- Әндеріңіздің қайсысы көп орындалып жүр?

- Менің балабақшадан бастап ауыздан түспейтін, ылғи орындалатын әнім - «Ананың тілі». Бұл менің 17-18 жасымда ең алғаш жазған, 1976 жылы дүниеге әкелген әнім еді. Сөзін Шона Смаханұлы жазған. Талай-талай мектептегі мерекелерде орындалып жүр.

Жыл сайынғы Желтоқсан оқиғасы атап өтілер кезде орындалатын ән де менің «Желтоқсан желі» әнім, эфирден берілмесе де, көп кештерде айтылып жүр. Исрайыл Сапарбай ағамыздың сөзіне жазылған «Әттең-ай» да көп орындалатын әндердің бірі.

Алматы облысының кейбір мектептерінде менің әндерімді сабақ ретінде де оқытады екен, осыдан біраз уақыт бұрын өзім куә болдым. Аллаға тәубе, 2-3 ән болса да елдің аузында жүрсе, халыққа тарап кетсе, мен оған шын көңілден ризамын.

Осыдан 3 жыл бұрын «Қайран өмір» деген ән жазып едім, сөзі Исрайыл ағамыздікі, осы ән Таңат Мамырханұлы деген әншінің орындауында Қазақ радиосында өткен «Алтын дауыс» радиофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды.

Қазір енді өнердің жолында жүру дегеннің өзін біреулер сәнге айналдырып жіберді. Не өзіне, не халыққа пайдасы жоқ шикі дүниелерді компьютер арқылы жасап алып, теледидардан клиптерін бергізіп жүрген әншілер бар.

Ән айтпасын деген шектеу ешкімге қойылмайды, бірақ айтып тұрған әнінің мәні, мағынасы, айтар ойы болса екен деп тілейсің ғой, осы саланың адамы болған соң өнерге жаның ашиды. Бірақ оның бәрін демократияға апарып сүйеп қоятын болдық, қазір ешкім ешкімге мынауың дұрыс емес, мына дүниең эфирге жарамайды деп айта алмайды, себебі бәріне ақша төленеді емес пе?

Адамға Алла ақыл-ой, сана берген соң, айтқан сөзіңде, әніңде сол ақылдың, жүрек пен талғамның көрінісі болса керек-ті, әйтпесе ит те өз даусында үріп, есек те өз дауысында ақыра береді емес пе, адамның артықшылығы сананың жемісі арқылы көрініп тұруы керек қой.

«Ұят деген - иманның жартысы» дейді, мұның бәрі рухани бай адамнан талап етілетін жағдай ғой, рухани жұтаңдығымыздан сахнадан не болса соны әнім бар деп айтатын, халықтың алдына не болса соны киіп шығатын дәрежеге жеттік. Ел боламыз десек, ар-ұят, намыс дегенді ұмытпағанымыз абзал ғой.

 

ИСЛАМҒА БЕТ БҰРДЫМ...

 

- Сөздеріңізге қарағанда исламға бет бұрған сияқтысыз ғой, ниет қабыл болсын!

- Алланың жолында жүргеніме жеті жыл болды, алатын да, жарататын да бір Алла екені ақиқат болған соң, бәріміздің жүретін жолымыз осы болғаны жөн. Мұны мойындамасақ, мәңгілік дүниеде сұрағы қиын болатыны белгілі. Мұны көбіміз білеміз, ал кейбір білмейтіндеріміз, «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын» «қарғысқа» ұшырағандар.

Исламға бет бұрғалы бұрынырақта жазылған әндердің сөздерінде асылық айтқан, артық кеткен жеріміз жоқ па екен деп, бәрін қайта қарап шығудамын, қандай ақынның сөзі болса да, Жаратқанға қарсы келетін тұстары барын алып тастап немесе өзгерту енгізудемін.

Қазір айналада да, үйімізде тұрған көк жәшікте де не түрлі сұмдықтар болып жатыр. Бала-шағамыз ертең қандай азамат болып өседі деген қауіп бар әрбір ата-анада, сондықтан баланы тәрбиелеудің де, дұрыс өмір сүрудің де діннен басқа жолын көрмей тұрмын.

«Желтоқсан желі» деген атпен компакт дискім шыққан еді, соның бірінші бетіне «Қазақ халқына Менсіз қиын болады» деп жазып, қол қойып едім, осыны да дұрыс түсінбеген адамдар «қиын қылыпсың, сенсіз қирап қалар...» деген сыңайда әңгіме айтып, маған күліп жатыр, бірақ мен бұл жерде халықтың, ұлттың «Мені» туралы меңзеген едім, халықтың өз дегені болмаса, әркімнің жетегінде кетеді емес пе, осы тұрғыдан жазған едім, солай ойлаймын да.

Өзіңнің діттегенің, көзқарасың болмаса, адам не, таяқ не айырмашылық бола ма, айтыңызшы? Бәрі Алланың жаратқаны бойынша, өзінің қызметін атқарып тұруы керек қой, тал екеш тал да жел соққанда ауырсынып, шайқалады, сол сияқты халықтың да келе жатқан ағынмен бірге ілесе бермей, қайшы келетін тұстарда қарсыласқаны жөн.

- Исламға бет бұрғалы діни сарында ән жаздыңыз ба?

- Әлі бұл сарында көп ән жаза қойғам жоқ, «Құдайы бар құлдың да» деп аталатын бір ән жаздым, сөзін Исрайыл Сапарбаев ағамыз жазған. Негізі қазіргі уақытта әндеріме бейнебаян түсіріп, қолда бар дүниелерді реттеумен айналысудамын, осыларды бір тәртіпке келтіріп алған соң, діни бағыттағы әндерге біржола мойын бұрсам ба деп отырмын.

 

«ӘМБЕБАП» ӘНШІЛЕРДЕН САХНА БОСАМАЙ ЖАТЫР...

 


- Сізді баспасөздің бетінен де, Республика сарайында өтіп жатқан концерттерден де көре бермейміз, неге?

- Журналистер қауымы іздеп хабарласып жатса, сұхбат беруден қашқан жерім жоқ, ал концертке шақырып, ән айтып бер десе, одан да бас тартқан емеспін. Бірақ қазір біздің сахна тек қана махаббат туралы ән айтатын мінбер болды, еліңді, жеріңді әркім иемденіп жатса да, қарындасыңды қорлап, намысыңды таптап жатса да, сен махаббат туралы жырлауың керек.

Сондықтан біздің әнге сұраныс аздау болып тұр ғой, әйтпесе мен ән айтудан ешқашан тартынған жоқпын. Бір жағынан өзімнің болмысым да қарапайым, ешқашан көзге түсіп қалайын деп алға ұмтылған емеспін. Өздері әнін де, сөзін де жазып алып орындай беретін «әмбебап» әншілерден сахна босамай жатыр ғой.

Өнерімізді талғамсыздық, намыссыздық жайлап барады, әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, жақсыларымыз да бар, бәрінің төрешісі уақыт қой, асылы іріктеліп болашаққа барады да, жасығы қала береді.

Ән деген қасиетті дүние ғой, әр ән бір спектакль сияқты басы бар, оқиғаның өрбуі бар, шиыршық атар тұсы бар, соңы бар дегендей...ал қазіргі әндерде осы нәрсе ескерілмей қалып жатқаны жасырын емес. 1 айда ма, 1 жылда ма бір ән жазылса мен соған қуанып қаламын, бәрі Алланың бұйрығымен жасалады ғой, тәубе деймін.

Кейбір композиторлар сияқты 550 немесе 788 әнім бар деп айта алмаймын, жүзге тарта әнім бар шығар, соның қаншасы елдің аузында қалса да, мен бақытты сазгер болар едім. Саған Алла өнер берсе, сол өнеріңді елмен бөлісуің керек, ал сенен өнердің ауылы алыс қонса, ешкімнің басын қатырма дер едім. Имансыздық жайлаған жерде апат болады, бұл Алланың құдіретімен болатын жағдай, сондықтан өнерімізге де, басқа салаларымызда да имандылық жетіспей жатыр.

- Әндеріңіздің сарыны мұңлы болып келетінінің себебі неде, шығарма деген көңіл-күйдің жемісі ғой...

- «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап...» демекші, қоғамдағы кемшілік пен келеңсіздікті көріп отырып, билей жөнелетін ән жазуға азаматтық намысым жібермейтін болуы керек, бірақ қалай дегенде де мен өз әндерімді соншалықты мұңды демес едім.

Өйткені ол қоғамда бар жағдайлар ғой, мәселен «Толғанайды» мен жазбасам, кім оның тағдырын білер еді, сол сияқты «Фаризаның» әнін жазып, орындамасам, кітаптың ішіндегі көп өлеңнің бірі болып, көзге түспей қалар ма еді? «... Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң мен саған мұң шағамын...» дейді Мұқағали ағамыз, бұл да түсіне білген адамға трагедия ғой.

Тағы да қайталап айтайын, менің әндерімді жүрекпен тыңдау керек, боларға да болмасқа күле беретін болсақ, біздің тағдырымызды, мұңымызды кім ойлайды? Елдің азаматы болған соң, халықтың ортасында жүрген соң, олардың мұңы да, зары да бізге ортақ, менің оларға бөліп беретін ештеңем жоқ, менің қолымнан келері әнім арқылы қоғамның проблемасын жеткізу ғана. Жақсылықты да айту керек, жетпей жатқан жерін де ескертуге борыштысың, тек жанды ауыртпай жеткіз, ал мұның жолын мен ән арқылы ғана таптым.

 

АЛМАТЫҒА КЕЛЕР ЕДІМ...

 


- Өнердің ордасына қайта оралу, жұртшылыққа концерт беру ойда жоқ па?

- Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай, 2006 жылы 20 желтоқсан күні Республика сарайында концерт өткіздім, менің әндерімді басқа әншілер де орындады, біраз әнімді өзім орындадым, өте жақсы өткен кеш болды, бірақ өкінішке орай, осы концерттің болғанын ешкім білмей қалды.

Азғантай ғана аудитория тамашалаған концерт болды бұл, бірақ мен оны теледидарға түсірттім, монтаждап, дайындап та қойдым, Алматыдағы орталық телеарналарға берейін десем, олар қаражат сұрауы мүмкін, бірақ ұсынып көрмекпін. Оларға бере қоятын ақшам жоқ, өнер керек болса, халыққа көрсетер, болмаса үйімде жата берер, енді не істеймін. Қазір өзі өнер деген нәрсені көп қажет ете бермейтін болдық қой.

Ал Алматыға қайтып келу жағына келсек, мен келер едім, бірақ мұнда мені кім күтіп отыр, жалғыз басты емеспін, отбасым, бала-шағам бар, ғасырдың жартысынан асқан жасым бар дегендей, мұнда келу үшін жағдай керек қой. Қазір ақша табудың жолы көп қой, той басқарсаң да жан бағуға болады, бірақ мен мас 500 адамның алдында өнерімді көрсетуге арланамын, өйтіп ақша табуға намысым жібермейді.

Алла өмір берсе, әлі де жасасам деген дүниелер жетерлік, сондықтан орталыққа жақын жерде болғанға не жетсін, қаланың ортасына болмаса да, жақын маңына барып қоныстану ойда бар, әрине.

- Әніңіздің тұсауын кескен Азаттыққа тілер не тілегіңіз бар?

- Ел-жұрт ақиқаттың ауылынан алыстап қалған кезде, азат ақпарат таратуымен ерекшеленген Азаттықтың басына ноқта киілмей, әрқашан азат болсын! Жер шарының қай нүктесінде орналасса да, халықтың сөзін сөйлесін!

Бауыржан Момышұлынан «өмірде шындық бар ма деп сұрағанда, шындық бар ғой, бірақ ол елу жыл кешігіп келеді» деген екен, қанша жыл кешігіп келсе де, шындықтың аты шындық, шындық айтқан адамның жүзі жарық болады, шындықтың жолындағы қызметтеріңізге шабыт пен табыс тілеймін!

Екі иығында шындық деген погоны бар Азаттық алдағы уақытта шындықтың генералы болсын! Мұнымен қоса шетелдегі қандастарымызды қамти алатын ақпарат құралы ретінде сіздерге қазақтың әндерін бауырластарға көбірек насихаттасаңыздар екен деген өтінішім бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Элеонора ЯКИЯ,

«Азаттық радиосы», 31.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282