Әділет жолына бетбұрыс
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен Жолдауында мемлекет пен халық, әр азамат үшін көптеген маңызды дүниелер тілге тиек болды. Соның ең бастысы – бұдан былай президентті тек 1 мерзімге, 7 жылға сайлау туралы шешім. Бұны халқымыз көптен күткені анық еді. Дамыған елдерде бір рет ел басқарған адам екінші мәрте қайта отыра қоймайды. Соның арқасында билік бір адамның қолына өтпейді, әділдік орнайды. Міне, осы жолды ұстана алсақ, келешекте біз де демократиясы мығым орнаған мемлекеттердің қатырына қосылатын боламыз. Мұндай елде әр азамат өз ертеңіне сенім артып, емін-еркін өмір сүріп, келешек үшін жұмылып әрекет ете алатыны даусыз.
Қоғамда «неге 7 жыл, 5 жыл да жеткілікті еді ғой?» деген сауал туындауда. Бірақ, мен үшін 7 жылдық мерзім дұрыс секілді. Өйткені 5 жылдың ішінде басшы алға қойған мақсат-міндеттерін орындап үлгере алмауы мүмкін. Мысалы, бұрын бір облысқа әкім келеді, мақсат-міндеттерін айқындап алады, соны енді іске асырғалы білек сыбанып жатқанда орнына басқа бір әкім келетін. Жаңасы бұрынғының жолын жалғастырмайтыны анық қой. Оның да өз бастамасы болады. Бұл да сол сияқты дүние. Ел басқарған адамға 7 жылдық мүмкіндік бергеніміз жөн. Осы уақыттың ішінде өзін көрсете алуы тиіс. Бағасын беретін әр кезде де – халық. Шынында 7 жыл аса ұзақ та мерзім емес. 20 жылдан астам уақыттың ішінде бір емес, үш президент ауыстырамыз. Есесіне бір адам билікті қолына алып, бөліске салып отырмайды. Сондықтан бұл бастаманы әділет жолына түсуге бағытталған бетбұрыс ретінде бағалаймын.
Кенжеғали Мыржықбаев
Abai.kz