Жұма, 29 Наурыз 2024
Бүгінгі сатира 1950 0 пікір 29 Қыркүйек, 2022 сағат 10:41

Еңкейіп жүріңдер!

Еңсем ертегідей, көңілім көктем, сөздерім өктем,  түнім айлы, жүрегім жайлы болатын. Биыл көктемде мектептегі жұмысымнан қысқарып қалдым. Дене шынықтыру мұғалімі едім, екі дипломым болса да, жұмыс таппай, әр мекеменің табалдырығын аттай, мүгедек байымды, бала-шағамды қалай асырасам деп, ұйқым «күйеуге» қашып кетті. 

Содан, бір күні Ресей патшасы соғысқа мобилизация жариялап, орыстар біздің елге селдей ағылып, желдей ұшып кеп берсін. Оларға жанашырлық танытып, өз жұмыссыздарымызға жатырқап қараған үкімет басшысының:

– «Оларды тіркеп, жұмыс тауып беріңдер!» – деген тайғанақ тапсырмасы, еңсемді ескі шұлығыма дейін түсіріп, еңкейдім де қалдым. Тұрып, бойымды көтеріп жүрейін десем, өз елімде, өз жерімде еңкейе беремін.  Көшеге жұмыс іздеп шықтым. Балаларым  қара нанды ғана қаужап отырған соң, несиеміз бар, сүмелек салықтар бар, пәтер ақымызды төлеуіміз керек дегендей төрт қызымды шұбыртып келе жатқанмын.  Қарасам, бір класта оқыған Бағила келе жатыр. Еңкейіп, ашық айтқанда, тізесін бүгіп келе жатты.

– Саған не болды, Қатира? –деп сұрады ол.

– Саған ше, Бағила? –деп қайыра сұрадым мен.

– Жұмыс қуалап жүрмін.

– Маған да ұстатпай қойды.

– Келімсектер кердеңдеп жүр, –деді ол кемсеңдеп.

– Еңсеміз түсіп, еңкейіп қалдық қой.

– Ұзын көйлек киіп жүруші едің? –деп сұрады ол.

– Жұмыстан қысқарған соң, етегін қысқартып тастадым.

– Жемпіріңнің бір жеңі қайда?

– Қысқартып тастадым.

– Шашың ұзын еді?

– Қысқартып тастадым.

– Менің де өмір сүргім келмей кетті.

– Смайылов алдымен қазағын жарылқаса қайтеді?

– Өзі тоқ болған соң бізді қайтсін?

Көшеде келе жатсам, құдайым-ау, еңкейген жастар, еңкейген еркектер. Бәрі жұмыссыздар екен. Тізерлеп жүрген жұрт, әйтеуір! Қыздарымның көзі дүңіршектегі шауырмаға түсті. Қыңқылдады. Қарындары аш қой. Қыздарым-ай, балапандарым-ай, ақшам болса, аяп тұр дейсіңдер ме? Ал халыққа қызмет көрсету ғимаратынан шығып, жұмысқа орналасқан екі ресейлік жігіт шауырма жеп бара жатты...

 

Мұхтар Шерім

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616