Құтыдағы құлыншаққа телміріп қалмаймыз ба?
Кезінде бәйбішеден, тоқалдан, аққолтықтан туған балаларының көптігінен қазекем демографиялық дүмпу туғызғаны анық. Бедеулік, белсіздік деген пәлелердің аты өңі түгіл, түсіне де кірген жоқ. Енді жаһанданудың жалына жармасып жүрген шақта аталған мәселе қазақтың қабырғасын қайыстырып-ақ тұр. Жыл сайын елімізде уығы шаншылған шаңырақтың 100-нің 20-сы баласыздықтың зардабын тартуда. Бұл дегеніңіз - тәтімовшелесек, «бос қалған бесік, қурап қалған құрсақ» деген сөз.
Дәрігерлердің дабылдайтындайы да бар. Бүгінде жасамыс тартқандар ғана емес, тепсе темір үзетін жас жігіттердің белінен бедел кетіп отырғандығы. Жас қыздарда да жетісіп тұрғаны шамалы. Жалтыратып жүрудің зардабын тартып, жатырын суықтатып сорлап жүргендері жетерлік. Осындай-осындай ойландырарлық шетін мәселелерді шешу үшін осыдан үш жыл бұрын, яғни 2010 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №1 бұйрығы бойынша «ЭКО бағдарламасын тегін енгізуді жүзеге асыру туралы» бұйрығы шыққан болатын. Бұл «Саламатты Қазақстан» жобасы бойынша жүзеге асуы тиіс жобалардың бірі-тін. Содан бері теңіздің қасындағы тамшыдай болса да, бұл бағдарлама өз жемісін беріп келеді. Кейбір әттеген-айлары болмаса, жоқ-жоқ деп жылануға жарамас, әйтеуір, алқам шүкір дегізерліктей. Оңтүстік Қазақстан облысында 2011 жылы жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы 29 отбасы бала сүю мүмкіндігіне ие болған. Бұл әдіс бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 77 отбасыға тегін ем-дом қабылдауға жеңілдік берілген. 29-ы - соның нәтижесі. 11 әйел акушерлік және гинекология ұлттық орталығында, 16 әйел Тараз қаласындағы «Неке және отбасы», алматылық ЭКҰ орталықта екі әйел жасанды жолмен ұрықтандыруға қол жеткізген. Нәтиже көрсеткіші 38,1 пайызды құрап отыр. Ал биылғы жылға 47 отбасы кезекте тұр. Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайынғы тегін ұрықтандырудың санын келешекте 700-ге дейін көбейту көзделген. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша квотамен 30 адам жіберілген. Алайда жасанды жолмен балалы болу бақытына тек 11 адамның ғана қолы жетіпті. Бір шикіөкпеге қол жеткізуді арман еткендер асу-асу белдерді артқа тастауы тиіс. Квотаға ілігудің көш басында үміттілер үшін бітіп болмайтын бірнеше анализдер тапсырылуы қажет. Бас-аяғын сараласақ, тапсырылуы тиіс анализдердің саны 40-тан асып кетеді екен. Осы тексерілудің бағасы да қымбат. Оның бәрі де жеңілдіксіз, ақылы түрде жүзеге асырылады.
Бір ғана анализдің өзі 40 мың теңгеге жететінін ескерсек, толық тексеруден өтудің өзі қанша сомаға қалтаны қағатынын бағамдай беріңіз. Бұл кепілді көмек түріне кірмейді. Ең басты талап бойынша, отағасы спермасының ұрықтандыру белсенділігі 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Бүгінде белгілі андрологтер соңғы жеті жылда еркектер ұрығының белсенділігі 30 пайызға төмендеп кеткенін айтып дабыл қағуда. Тексеруден өткен отбасылардың басым бөлігі дәл осы өткел бермес асудан сүрініп жатқаны. Тексеруден өтіп, талап етілген тиісті анықтаманың бәрін жинап тапсырғанның өзінде тегін квотаға қол жеткізу-жеткізбеуі екіталай. Бірақ... Балалы болып, бақыттан бас айналса жақсы. Бірақ сол тізімге іліккенімен, балалы бола алмай жатқандар да жоқ емес. Бәрі де Жаратқанның қолында ғой, қалғаны сәттілікке байланысты. Әйелдердің жасын 40-қа дейін созса деген тілегі бар. Әрине, медицинада балалы болуға қолайлы жастың 35-пен шектелетіні белгілі. Дегенмен... Бір шарананы Жаратқаннан тілеп, білікті мамандарға иек артқандардың үміті ақталса игі.
Дана БОЛАТҚЫЗЫ, әйелдерге кеңес беру бөлімінің меңгерушісі:
- Денсаулық сақтау министрлігінің алдағы 10 жылға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына енгізілген тегін жасанды жолмен ұрықтандыру мәселесі дер кезінде қолға алынған игі шаралардың бірі дер едім. Дегенмен көпшіліктің талап-тілегі де ескерусіз қалмаса екен дейміз. Өйткені біздің орталыққа келушілердің басым бөлігі әлгі қатаң талаптардан өте алмай, тауы шағылып қайтып жатады. Ниет білдірушілер тіптен көп.
Белдің беделін кетіретін басты себеп
Мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жүргендейміз. Белсіздік пен бедеуліктің не себептен артып кеткенін зерттеп, соның алдын алу үшін шаралар қабылданса құба-құп болар еді. Сонда ЭКҰ-ға иек артпайтынымыз анық. Расында, бүгінде белім деп безектеп жүрген жігіт жетерлік. Мамандар белсіздіктің белең алуының басты себебі бей-берекет жыныстық қатынасқа бару, түрлі жыныстық ауруларды жұқтыру дейді. Оның үстіне, шетелден ағылып келіп жатқан нәпсіні қоздырғыш дәрілерді қосыңыз. «Молодец», «Левитра» атты дәрілер бүгінде дәріханадағы ең өтімді тауарға айналған. Дәрігерлер дәл осы дәрілерді белсіздікке апарар төте жол деп санайды. Өйткені табиғи емес, дәрінің күшіне иек артқан соң уақыт өте келе тек соның көмегіне жүгінуге тура келеді екен. Ол ұрық сапасын төмендетіп, белден бедел кетуіне «көмек» қолын созады. «Адам ағзасына аса қауіпті осындай қоздырғыш дәрілерге тыйым салынса» дейді дәрігерлер. Мамандардың мәлімдеуінше, еліміздегі отбасылардың 35 пайызы бала сүю бақытынан мақрұм қалған. Бұл дегеніңіз - осыншама үйде бесік жыры айтылмайды деген сөз. Еліміздегі №1 демограф һәм санақшы Мақаш Тәтімовтің мақамына сайсақ, «осыншама жағылмаған шырақ, туылмаған бала». Серілікке ерік берген еркектердің 70 пайызы түрлі жыныстық жұқпалы аурулардан зардап шегеді. Оның соңы белсіздікке әкеліп соқтырары сөзсіз. Бүгінде андрологтердің айтуынша, ерлердің ұрық белсенділігі 100 пайыз болуы керек болса, көпшілігінікі 50 пайыздан да төмендеп кеткен. Тіпті 7 пайызбен де жүргендер бар. Еркектердің белінің беделі №1 мәселеге айналатын түрі бар. Бұрындары белім деп безек қағатындардың жасы 50-ден асқандар болса, бүгінде тепсе темір үзетін 22-25 жастағы жігіттер «көк көрпені бүлкілдетуге» дәрменсіз. Оның себебі көп, жүрек-қан тамырлары, қан қысымы, сусамыр дертіне тұсалғандар басым. Оның бәрі де белсіздікке төтелей тартатын «тротуардың» бірі... Сондықтан да белсіздікке апаратын басты мәселені шешіп алсақ, мұртымызды балта шаппас еді. Тек құтыдағы құлыншақтарға телміріп қалмайық.
Мырзахмет ЖАНӘДІЛІЛОВ, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бас андрологі, «Ерлер денсаулығы орталығының» меңгерушісі:
- Елімізде еркектердің тек 10 пайызы ғана андрологке қаралады. Елімізде белсіздікті ақысыз емдеу, квота жүйесі жоқ. Осы мәселені Үкіметке жолдадық. Нәтижесі болады деген үмітіміз де жоқ емес. Андролог мамандарды дайындау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бүгінгідей белсіздік мәселесі артып отырған шақта маман дайындау мәселесін алдымен шешіп алу қажет.
Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА, Жамбыл облысы
"Алаш айнасы" газеті