Жұма, 27 Желтоқсан 2024
1741 0 пікір 28 Қыркүйек, 2022 сағат 15:49

Үш алыптың туған күні: Алматы ұлыларын ұмытпайды

Ару қала Алматы ежелден білім аңсаған студенттердің ордасы ғана емес, еліміздің мәдениет ошағы, ұлылардың мекені екені белгілі. Гүл қалада талай тау тұлғалар еңбек етті. Артына өлмес мұраларын қалдырды. Әсіресе халықтың рухын көтеретін өнер адамдарының, қаламгерлердің орыны бөлек. Алматының әр көшесі, алтын алмасы, Алатаудың жұпар ауасы олардың өмірінің әр сәтіне, көңіл ауанына, елге, жерге деген маххабатына куә. Шежіре болып сайрап жатыр. Қаланың әр ауданындағы ұлы перзенттер тұрған ғимараттар, олардың атындағы көшелер, жыл сайын тойланатын мерейтойлар соның айғағы. Ұлыларды ұмытпау, уақыт өткен сайын еңбегін еске алып ұлықтау қала халқы мен билігінің үйреншікті дағдысына, көңіл қойып ыждағатпен атқаратын қасиетті парызына айналған.

28-қыркүйек ұлт руханиятына өлшеусіз ұлес қосқан әйгілі жазушылар Мұқтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні екені белгілі. Ұлы Абайды, Абай арқылы қазақты әлемге танытқан Әуезовтың туғанына 125 жыл толып отыр. Түркінің бесігі саналатын арда Алтайдың кербұғасы атанған Оралхан тірі болса 79 ға, шындықты шыңғыртып айтатын Шерхан Мұртаза 90 ға келер еді. «Ғалымның өзі өлсе де сөзі өлмейді» дегендей олардың артына қалдырған шығармалары, қомақты рухани мұрасы көзі жоғын білдірмей, тарих болып сөйлеп, көппен сырласып отыр.

Алматыда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың атында әр ауданда көше, мектеп, ғылыми бірлестіктер бар. Ұлы сөз зергерінің атын иеленген Қазақтың Ұлттық драмма театры қала халқының жиі бас сұғатын, өнерден рухани азық алатын қасиетті өнер ордасына айналған. Әуезовтың ізін басқан Шерқан Мұртаза, Оралхан Бөкейлерге де құрмет ерекше. Олар қызмет еткен ұлт басылымдары, Жазушылар одағы, көзін көрген шәкірт, замандастары мерейлі күнді ерекше ықыласпен атап өтуде. «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Жас алаш», «Айқында» іркес-тіркес жарияланып жатқан әр жанрдағы шығармалар тізбегі соның көрінісі. «Алматы» телеарнасы да ерекше үн қосып отыр. Алматы қаласында ерекше із қалдырған үш қаламгер туралы зиялы қауымның, билік өкілдерінің, қалың оқырманның ыстық ықыластарын, ақжарма тілектерін жеткізуде.

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев:«Бүгін халқымыздың ұлы перзенті, заңғар жазушы, даңқты қаламгер Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Әдебиетіміздің тағы бір алыбы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртаза да көзі тірі болса дәл осы күні 90 жасқа толар еді. Сондай-ақ бүгін Шерағаңды ұстаз тұтып, соңынан ерген суреткер, көп оқырманның сүйікті жазушысы Оралхан Бөкейдің туған күні. Сондықтан 28 қыркүйекті қазақ әдебиетінің күні десек, артық бола қоймас. Жалпы Әуезовті оқу арқылы біз Абай айтқан ойдың тереңіне бойлаймыз. Шерағаңның шығармалары мен ой-толғамдарынан ұлттық рухтың айбарлы үні естіледі. Ал, Оралханның туындыларынан қаз-қалпындағы қазақы болмысты көреміз. Сол себепті үш алыптың шығармаларын дәріптеуге, әсіресе, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға баса мән берген жөн. Бұл – ұлттық мүдде тұрғысынан да аса маңызды қадам.

Бүгінгідей атаулы күнде тілеген дұғаларымыз қабыл болсын. Жазушыларымыздың рухтары шат болып, мұралары мәңгі жасай берсін», деп жеке жазба жариялады.

Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев мырзада мерейлі күнге байланысты жазылған ерекше пікірлерді, көлемді дүниелерді үзбей бөлісті

«Қазақстан дәуірі» газетінің директоры Сәуле Мешітбай қызы: «Шерхан атадан топ ішінде тайсалмай сөйлеуді, айтар ойымды ашық жеткізуді үйреніп, бойымдағы жасықтықтан, енжарлықтан арылдым. Ол пендешіліктен, тойымсыздықтан бойын аулақ ұстайтын. Тірі жанның артынан ғайбат сөз сөйлемейтін. Әрдайым кәлимасы аузында, иманы жүрегінде жүретін. Пендешіліктің емес, адамгершіліктің, адалдықтың ақ туын әрқашан жоғары ұстаған. Осы қасиеттерімен бізді имандылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа баулыды.

Биылғы жылы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толады. Ал осы, 90 жылдық мерейтойды Жуалы жұрты кең көлемде атап өткелі отыр.

Жатқан жеріңіз жаннат болып, рухыңыз пейіште шалқысын Шерхан ата!» деп жазды.

Жыл сайын мерейлі туған күндері қатар келіп, қала халқын қуанышқа бөлейтін үш қаламгердің шығармашылық стилінде де, жанрында да үзілмес сабақтастық, алтын арқау бар. Әйгілі Әуезовтың 19 жасында қазақтың тұңғыш пиессасы саналатын «Еңлік-Кебекты» жазып, ең алғаш киіз үйде сахналанғаны әдебиет шежіресінен белгілі. Кейін Алматы сахнасында қойылды. Әуезовтың «Қарак қөзіде» күні бүгінге дейін ел сахнасынан түспей келеді. Әуезов бастаған қазақтың драмма жанрын Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей жалғастырып, жаңа заманның мінезін қосып, жаңа биікке бастап әкетті. Үш қаламгердің арасындағы өзара көркемдік сабақтастыққа, рухани байланысқа еліміздің мәдени астанасы Алматы дәнекер болды десек артық айтқандық болмайды.

Қаладағы Қазақ Мемлекеттік Университетінде заңғар Әуезовтың сабақ бергені, Жазушылар Одағында келер ұрпаққа үлгі болатын баяндамалар жасағаны белгілі. Ол кісіден тікелей әрі жанамалай өнеге алған Шарағаң, Орекеңдер тау тұлғаның ізін жалғады. Қаламын қару етті. Кеңестік кезеңде де, Егемендік алғаннан кейін де бір-біріне сүйеу болып, тізе қоса ұлт мүддесіне қызмет етті. Алаш арыстарының көзін көрген Әуезовтың орынын ойсыратпады. Шәкірт тәрбиелеп, жаңа сөз сардарларын тәрбиеледі. Қазақтың сөз өнерін болашаққа жалғайтын өскелең буын қалыптастырды. Өзара рухани сабақтас үш қаламгер өлмес туындылары арқылы Алматыда қазақ әдебиетінің, сөз өнерінің жарқын шежіресін жазды. Олардың ел мен ел тұтқаларының ерекше ықыласына бөлену сыры да осында жатыр.

28-қыркүйектің Алматы күнтізбесіне әдебиет шежіресі шертілетін, сөз қадыры артатын, халық рухани түлейтін, ұлылармен мақтанатын айтулы дата болып енгені тегін емес. Бұл үрдіс жыл өткен сайын жаңа мазмұн алып, көлемі ауқымданып келеді. Биылда соған анық көзіміз жетті. Алматы қашанда артына өшпес із қалдырған ұлыларын ұлықтайды, өмірін өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге етеді. Бұл ретте мерейтойларды үзбей ұйымдастырып келе жатқан әкімдік өкілдеріне халықтың айтар алғысы мол. Сөз зергерлерінің аруағы қолдап, істеріне береке берсін деген тілектерін жеткізуде.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053