Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Тарих 3234 36 пікір 19 Қазан, 2022 сағат 13:30

Мәскеу астана емес, Волга шекара емес!

1941 жылы, 16 қазанда Мәскеуде нағыз абыр-сабыр-басталды. КСРО астанасын үрей мен қорқыныш билеп алды. Астана халқын "немістер жақындап қалды, екі күнде Мәскеуді алады" деген сөз тіпті шошытты. Бұл сөздер негізсіз емес болатын. Германия Мәскеу маңындағы аудандарды түгелдерлік басып алып, бас қалаға тақап қалған сәт еді. Тарихқа "Мәскеудегі халықтық дүрбелең" атты атаумен енген оқиға бүгін басталған болатын.

Мәскеудегі билік те, бұқара да бұрынғы импералистік рухтан жұрдай болып, қорыққандарынан кірерге тесік таппай жатты. Алғаш рет Мәскеу метросы 16 қазанда халыққа қызмет көрсетпеді. Метроны жауып, жау басып кірген сәтте жарып жіберуге дайындады. Жолаушылар поездары тоқтатылды. Қаладан жаппай эвакуация басталды. 4,5 млн халықтың 2 млны астананы жедел түрде тастап кетті. Халық басы ауған жаққа қашты. Көлікпен, поезбен, жаяу, ұшақпен. Бастысы Мәскеуден ары кетсе болғаны. Себебі немістер Мәскеуді алса, тұрғындарды толық қырып тастайды деген болжам болды. Жау қолына ірі өнеркәсіп орындарын қалдырмау мақсатында 1200 зауытқа жарылғыш зат орнатылды. Басып кірсе, жарып жібереміз деді коммунистер. Наполеон басып кіргендегі тактиканы еске алып жатты кей қолбасшылар.

Мәскеуде анархия көрініс тапты. Дүкендердің барлығы дерлік тоналды. Биліктің оған қарайтын ойы да, уақыты да, ниеті де, мүмкіндігі де болмады. Билік өзін қаладан сау алып шығуды ойластырды. Кей деректер биліктегілердің отбасылары мен жақындары 10 қазанда қаладан кетуді бастаған дейді. Жасырын түрде әрине және түнгі уақытта.

Соғыс басталған сәтте-ақ "Мәскеу құласа қай қаланы уақытша астана етеміз" деген сауал туындап, талқыланған. Бір нұсқа ретінде Куйбышев таңдалды. Табиғи негізде жақсы қорғалған, жау техникасының жетуіне қиын және қорғауға оңай. Міне, дәл сол Куйбышевке қазанда билік эвакуацияланған дейді тарихшылар.

Қысқасы Мәскеу 41 жылы, дәл бүгін үркіп, шошып жатты. Германия ұшақтары әуеден "Мәскеу астана емес, Волга шекара емес" деген сарындағы парақтарды қарша боратты. Халыққа психологиялық қысым қатты болды. Алайда әне-міне құлауға тиіс Мәскеу, құламады...

Мәскеуді өзі он жыл бұрын қынадай қырған өзге ұлт өкілдері қасқая қорғап қалды. Он жыл бұрын аштық пен репрессиядан жойып жібере жаздаған ұлттар, өзінің бас қасапшысын құтқарып қалады деп кім ойлаған?! Алайда солай болды. Ең өкініштісі сол, қазіргі Мәскеу бұрынғы Мәскеуді кімдер құтқарып қалғанын ескермейді, мойындамайды. Бірақ тарих әділетті, ол өзіне әділетсіздік жасағандарды аяусыз жазалайтыны бар. Айлар, жылдар, ғасырлар өткен соң айыптыларды бір сабап алатын сабағы бар оның...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

36 пікір