300 мың доллардан астам инвестиция құйған шетелдіктерге Қазақстанда тұруға ықтиярхат берілуі мүмкін
Қазақстанға 300 мың доллардан астам инвестиция құйған шетелдіктерге елде тұруға ықтиярхат берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
"Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес Қазақстан экономикасына 300 мың доллардан астам инвестиция құйған шетелдік бизнесмендерге елде тұруға ықтиярхат алу құқығымен қоса, 10 жылға виза алу мүмкіндігін беруге бағытталған заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде", - деді ол.
Оның айтуынша, ең алдымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың негізгі капиталына бөлінген инвестиция, құны жоғары өнімдердің өнеркәсіптік өндірісін құру, жаңа технологиялар мен қызметтер көрсету ескерілетін болады.
"Яғни, Қазақстан экономикасы үшін мультипликативтік нәтиже беретін инвестициялар (салық түсімдері түріндегі бюджетке қосымша қаржылық түсімдер, жаңа жұмыс орындарын құру және т.б.)", - деп түсіндірді министр.
Abai.kz