Жұма, 22 Қараша 2024
1381 0 пікір 26 Қазан, 2022 сағат 12:43

Заң: Әйелдер 61 жаста зейнетке шығады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл - жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй тапсыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер енгізді», - деді депутат Жәмилә Нұрманбетова.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру тұрғысында депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізді.

Осы орайда бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту, ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70% дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120% дейін дәйекті түрде жеткізу, әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекіту, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескерілген.

«Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді», - деп нақтылады Ж. Нұрманбетова.

Қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру туралы тапсырма берген еді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322