- Өте әлсіз болып қалыпты, 18 килограмға арықтап кетіпті. Менімен кездесуге балдақпен шықты. Бірақ алған бетінен қайтпайтынын, аштығын тоқтатпайтынын жеткізді. Ол аштығының басты мақсаты – оппозицияның бірігуі екенін айтты. Саяси тұтқындарға қатысты мәселе шешілмесе, аштығын одан әрі жалғастырмақшы. Бұл ісімен қоғамды оятқысы келеді, - деді сәрсенбі күні кешке адвокат Азаттық тілшісіне.
Нұрпейісовтың сөзінше, ол Нарымбайға құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның өтініші бойынша барған. Төреғожина Нарымбайдан аштықты тоқтатуын өтінген. «Өтінішін жеткіздім, бірақ Ермек оны орындай алмайтынын айтты» дейді адвокат.
52 жастағы Ермек Нарымбай қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, үш жылға шартты жазаға кесті.
Осыдан кейін Нарымбай өзіне билік тарапынан қатер төніп тұрғанын айтып, Украинаға кетіп қалды. Ол биыл ақпан айының басында Қазақстанға оралған. Бірақ Алматы әуежайынан бірден полиция бөлімшесіне жеткізіліп, соңынан қамалды. Адвокаттың айтуынша, оның әлі өтелмеген екі жарым жыл жазасы бар.
Abai.kz