"Рахат" базары: Кәсіпкерлер 7 ай бойы жарықсыз отыр
Алматыдағы «Рахат» базарының айналасындағы дау әлі шешімін таппай келеді. 300-ге жуық кәсіпкерді қамтитын «ТКМ» ЖШС үш жыл бойы бұрынғы Алматының әкімі Бауыржан Байбек шығарған қаулының күшін жою үшін күресіп, биыл ғана сот шешімі шығып, жеңіске жеткен. Бірақ кәсіпкерлерге жергілікті билік органдары әлі де тыныштық берер емес. Бұл туралы Abai.kz егжей-тегжейлі жазған.
Ал биылғы сәуірде «Рахат» базарының кәсіпкерлері Жетісу ауданы әкімі Гүлнар Қоқабаева тарапынан «қонақ-лоқы» көріп жатқанын хабарлады. Кәсіпкерлердің айтуынша, әкім Қоқабаева кәсіпкерлерге келіп: «1 айда жерді босатпасаңдар, бульдозер әкеліп, бұзып тастаймын», - деген. Тіпті, базар орналасқан жердің электр жарығы да өшірілген. Кәсіпкерлер күніне 60 мың теңге төлеп, арнайы генетатор жалдауға мәжбүр болды.
Содан бері 7 ай өтті. Кәсіпкерлер әлі жарықсыз отыр. Заңгер Жамиля Төленова осы мәселе туралы Facebook парақшасында жазды.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер-министрі А. А.Смаиловқа,
«Аманат» партиясының төрағасы Е.Қошановқа
Бақандай 4,6 ай бойы Алматы қаласы әкімінің қабылдауына кіру мүмкін болмай келеді. Б.Байбек, Б.Сағынтаев, қазір Е.Досаев Алматы қаласы Жетісу ауданы Солтүстік айналым көшесі 9-да орналасқан «Рахат» базары мен «ТКМ» ЖШС-нің кәсіпкерлерінің мұңын тыңдауға құлықсыз. «ТКМ» ЖШС-і 20 жылдан астам уақыт жалға алып келген жер теліміне пайдалану құқығын жаңа мерзімге ұзарту туралы өтініші төрт жарым жыл бойы шешілмей келе жатыр. Басты себеп жергілікті атқару органдары: қала әкімдігі; Жетісу ауданының әкімдігі (әкім Г.Қоқабаева); Алматы қаласы бойынша Жер қатынастары басқармасы (басшысы А.Самамбетов); Алматы қаласы бойынша қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасы (А.Ахмеджанов) тарапынан қойылып отырған әкімшілік тосқауыл! Бұл тосқауыл халық наразылығын өршітуде.
Жаңа Қазақстан құрамыз деп еңсеміз көтерілгендей болды. Бірақ, кіммен құрамыз?! Тамыр-таныстары келгенде ғана құлақтарының саңылауы ашылатын, «Саяси лауазымды тұлға» деп қызметтік өкілеттілігі айқындалмаған жауапсыз шенеуніктермен бе?
«ТКМ» ЖШС-нің заңда көрсетілген құқығын қалпына келтіру жайлы заңды күшіне енген сот шешімін орындауға олардың не білімі жетпейді, не менмендік амбициясы жібермейді?! Соның салдарын кәсіпкерлер тартып отыр. 7 ай бойы электр жарығынсыз өз қотырын өзі қасып отырған кәсіпкерлерге жергілікті билік тағы қандай әрекеті бар деп отырған жайымыз бар.
Бұл дауда тек бір фирманың мүддесі емес, өз кәсібін заңды түрде жүргізіп, өз нәпақасын тауып жүрген 300 кәсіпкердің отбасы мүшелері мен қызметкерлерін қосқанда 1000-ға жуық адамның мүддесі таразыға түсіп тұр. Бұл ертең сайлауға қатысып, еліміздің бағдарын айқындайтын мемлекеттік шараға қатысатын Қазақстан Республикасының АЗАМАТТАРЫ!
Шенеуніктердің менмендігі мемлекет бағдарламасы мен халық мүддесінен алшақтап кеткен.
Бір күнде көшті түзей алмаспыз. Мемлекеттік қызметтің халыққа қызмет ету екенін ұқпайтын шенеуніктермен алысқа да шаппаспыз. Олардың құныққан құлқынын тияр қандай шара көру керек? Әлде сот шешімін орындамай отырған Алматы қаласы әкімдігі алдағы мемлекеттік шаралардан бейхабар ма? Президент кәсіпкерлікті қорғау, қолдау қажет деп жатқанда жергілікті билік өкілдері кереғар әрекетке барып отырғанына баға беретін кім? Сұрақ көп жауап жоқ! Осы бірнеше жылға айналған дауды шешудің бірден бір жолы Заң үстемдігі! Үкімет тарапынан заң талабының орындалуын бақылауға алуыңызды талап етеміз!»,-деп жазды заңгер.
Abai.kz