Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 5585 2 пікір 28 Қазан, 2022 сағат 13:33

Қазақ шенеуніктері құмар ойнап жүр...

Баяғыда бір ұстазымыз «Өмірде не болмайды» дегенді жиі айтушы еді. Сол секілді ескісі ылғи етегінен тарта беретін, жаңаруға онша асыға қоймайтын қазақ елінде де неше түрлі, тіпті, адам сенгісіз қолайсыз жағдайдар жиі орын алатындығы байқалады. Жалпы, ондайларға құлақ үйренген ғой.  Алайда дәл мынаусының отыз жылдағы әбден батқан батпағымыздан да асып түсетін түрі бар. Әлде бұл Назарбаевтың қалдырып кеткен «мәңгілік мұрасынан» жақын арада арыла алмайтындығымызды таныта ма екен?

Жә, мәселеге келелік. Осы өткенде ғана әлеуметтік желіде Алматы облыстық прокуратурасының кезекті бір тексеруінің нәтижесі жарияланды. Бұл жолы заңды қатаң қадағалаушылардың назарына казинодағы былық-шылық түсіпті. Оған мұқият үңіліп қараса, талай сұмдықтың беті ашылыпты. Ойпырым-ай, мұнда келіп, құмар ойынға қатты беріліп, ондаған емес, жүздеген миллион теңгені қабақ шытпай ұтқыза салатын жоғары лауазымды шенеуніктер жетіп артылатын көрінеді. Құдайым-ай, бұлардың ішінде кім жоқ дейсің. Жоғары соттан бастап, Ішкі істер мен Қорғаныс және Қаржы министрлігі секілді мықтылар қостап, оларға қаржы мониторингі агенттігі тәрізді қаһарлы агенттіктер қосылып, олардың жанынан неше түрлі биік-биік мемлекеттік орган қызметкерлері табылып, дүниені бір шайқап қалыпты. Егер, қысқаша түйіндеп айтсақ, осындағы казино мен ойын автоматтары залына өздерінің мемлекеттік қызметін былай жинап қойып, барлығы 305 мемлекеттік қызметкер келіп, жалпы сомасы 507 миллион теңгені ұтқызып, қағанасы қарқ, сағанасы сарқ болып, жайлы орындықтарына қайта жайғасқан көрінеді.

Бұлардың ішінде ұлан-байтақ еліміздің әр қиырынан әдейі ат басын бұрған «қадірлі қонақтар» да аз емес екендігі байқалады. Бұлар сірә, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін, сөйтіп жұрттың әділ сынына ұшырататын күмәнді жерлерге бармау керектігін ескертетін моральдық нормаларды сақтауға тиісті Әдеп кодексі дегенді мүлдем ұмытып кеткен сыңайлы.

Енді мұндай мықтылардың ондаған казиноға ұтқызған ақшасына көз жіберелік. Мәселен, Астана қаласы әкімдігінің қызметкері Е.С. Абдуалтиев «Beiiagio» деген казинода шалқып отырып, аттай 53 миллион теңгені ұтқызып жібергенде, тіпті, де қабағын шытпаған. Ал мұның жылдық жалақы табысының көлемі 10 миллион теңгеден аспайды екен. Бұдан Алматы облысы бойынша казынашылық департаментінің қызметкері А.Өмірбекұлы да олқы түспепті. Бұл өз кезегінде «Макао» мен «Астория» деген казиноналарға 25 рет кезек-кезек барып, 33 миллион теңгенің басына су құйған. Мұның жылдық айлығы тіпті, де мардымсыз. Бас-аяғы небәрі 3 миллион теңгені ғана құрайды. Мен бұл жерде небәрі 5-10 миллион ғана теңгені ұтқызған ұлықтар туралы сөз де қозғап отырған жоқпын. Тым ұсақталып қайтемін.

Мінекей, біздегі мемлекеттік қызметкерлер өдерінің маңдай терін тамшылата жүріп, азғантай айлыққа қана күндіз-түні істеген жұмысынан кейін осылайша құлашты кеңге сілтеп тұрып демалады екен. Басқасы-басқа, дәл осындай жөнсіз әрекетке сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін агенттіктің қызметкерлерінің барғандығын естігенде жаға ұстамасқа лаж жоқ. Қазақ мұндайда «Сенген серкем сен болсаң» дегенді босқа айтапған ғой.

Бір қызығы, бұл мәліметтер әлеуметтік желіге тарап кеткен соң, біздегі әдеттегідей өздерін-өздері ақтап алуға тырысқан әрекетер жария болып жатыр. Мәселен, еліміздің Жоғарғы сотындағылар «ойбай, мұндай қызметкерлер бізден баяғыда қызметтен кеткен» деп уәж айтса, жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктегілер өз қызметкерлерін онда сол қызмет бабаымен тек қана кіріп-шыққандығын айтады. Қызық, енді қалғандары нені себеп етер екен?

Жайберген Болатов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025