Кремль Ресейде этникалық тазарту жүргізіп жатыр ма?
Ресейдің Украина жерінде бастаған шапқыншылығы туралы жаңалықтарда Ресей соғысқа орыстардан гөрі аз ұлт өкілдерін жіберіп жатыр жаңалықтарды көзіміз шалып қалады. Бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Ресейдің Украина соғысына әскер жіберу саясатының астарында не жатыр? Осы сұрақтар төңірегінде BBC зерттеу жүргізіп көріпті.
BBC зерттеуге Ресейде шетел тыңшысы атанған "Медиазона" басылымы мен соғыс материалдарын жинауға көмектесіп жүрген еріктілер тобының деректерін пайдаланған.
Басылымның айтуынша, Ресей соғысқа аты-жөні, түр-сипатына қарап әдейі аз ұлт өкілдерін жіберіп отырған жоқ, қан майданға экономикалық жағдайы нашар аймақтардың зіңгіттей жігіттері кетіп жатыр екен. Өзіміз білетіндей, Ресейде ұлттық республикалар бар. Көпшілігінің әлеуметтік әл-ауқаты нашар. Ол жерлердің тұрғындары үшін жалақысы мардымды қызмет – әскери қызмет болып саналады, сондықтан жастар әскери жұмысқа көптеп тартылады.
21 қазанға дейін жинақталған дерек бойынша, соғыста Краснодар өлкесінен 332 адам, Дағыстаннан 321 адам, Бурятиядан 305 адам, Башқұртстаннан 258 адам және Волгоград облысынан 230 адам қаза тапқан. Бұл өлім-жітім бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсеткен аймақтар. Ал қайтыс болған әскерилер саны аз аймақтар Қарашай-Черкесия (19 адам), Ямало-Ненец АО (10 адам ), Магадан облысы (7 адам), Ненец АО (4 адам) және Чукотск АО (2 адам) екен.
Әскерилер ең көп қаза тапқан аймақтардың арасында ұлттық республикалар бар (Дағыстан, Бурятия, Башқұртстан). Дегенмен әр аймақтың халық саны әртүрлі, сондықтан жан басына шаққандағы өлім санын есептеу керек.
BBC жан басына шаққандағы өлім санын есептеу үшін 22 мен 37 жас аралығындағы ер адамдарды есепке алған. Сонда қаза тапқандардың ең көп үлесі Бурятияға тиесілі – 10 мың ер адамның жан басына шаққандағы өлім коэффициенті 28.4-ке тең екен. Кейінгі орындарда Тыва (27.7), Псков облысы (17.1), Солтүстік Осетия (16.8), Алтай Республикасы (16.3) тұр.
Дағыстанда өлім-жітім коэффициенті – 7.6, Шешенстанда – 7.1, Ингушетияда – 6.4-ке (Шешенстан мен Солтүстік Кавказдың басқа республикаларынан алынатын ақпараттың аздығына байланысты бұл коэффициент азайтылып көрсетілген болуы мүмкін) тең.
Өлім-жітімнің ең төменгі коэффициенті Мәскеу облысына (1.7), Ямало-Ненецк АО-ға (1.7), Ханты-Мансийск АО-ға (1.7), Санкт-Петербургке (1.4) және Мәскеу қаласына (0.3) тиесілі. Осылайша, Мәскеуліктерге қарағанда, Бурятия мен Тыва жас жігіттерінің Украинадағы соғыста қаза табу қаупі 100 есе көп.
Алайда ұлттық республикаларда тек қана аз ұлт өкілдері тұрмайды. Мысалы, Бурятияда жас жігіттердің 60%-ы этникалық орыстар, Тывада – 10% орыстар тұрады. Ал Шешенстан мен Ингушетияда этникалық орыстар үлесі - 1% - дан аз. Еріктілер жинаған мәліметтерде қаза тапқандардың этникалық белгілері көрінбейді. Олардың аты-жөнімен анықтауға мүмкіндік болғанымен, арасында аты орыстанған өзге ұлт өкілдері бар.
Буряттар мен тувалықтардың көптеп қаза табуы – Шығыс Сібір мен Қиыр Шығыстың әлеуметтік және экономикалық жағдайы төмендігімен, соның әсерінен әскер қатарына қосылуымен байланысты.
Жан басына шаққандағы өлім-жітім деңгейі жоғары аймақтардың қатарында тек Бурятия мен Тува ғана емес, сонымен қатар Алтай Республикасы, Забайкалье өлкесі, Еврей АО, Сахалин облысы бар.
Ал экономикасы жоғары ұлттық республикаларда (Якутия, Татарстан) әскери қызмет жастарды қызықтыратын сала емес. Сондықтан бұл өлкелерде жан басына шаққандағы қаза тапқан әскери адамдар саны әлдеқайда аз.
Басылым қорытындылай келе, Ресейдің соғысқа жіберіп отырған әскерлері этникалық теңсіздіктің емес, аймақтық теңсіздіктің құрбаны екенін айтады.
Мұндай теңсіздік Украинада соғысып жатқан Ресей әскеріне ғана тән емес. Кореядағы, Вьетнамдағы және Ирактағы соғыстар кезінде көбінесе АҚШ әскерін кедей штаттар мен аудандардан келген әскери қызметшілер құраған.
21 қазанға дейінгі ашық дереккөздерден жиналған ақпаратта Украинада қаза тапқан Ресейліктер саны 7 871 адам деп көрсетілді. Қайтыс болғандар туралы деректер, негізінен, әлеуметтік желілерден, қаза тапқандардың отбасы мүшелерінен, қоғамдық ұйымдардан, аймақтық билік өкілдерінен алынған.
Abai.kz