Ұлттық тәрбие беруде әкімдердің рөлі өте зор
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Арқалық қаласының әкімі: Ұлттық тәрбие беруде әкімдердің рөлі өте зор
- Сіздің Арқалық қаласына келгеніңізге сегіз айдай уақыт өтті. Осы аз уақыт аралығында қаланың көп жылдар бойы шешілмеген түйінді мәселелері қолға алынды. Сондай-ақ Арқалықты жаман атқа иелендіріп тұрған қиранды үйлерді бұзуға ден қойдыңыз. Сырт аймақтарда Арқалықты депрессиялық қала деп санайтындар көп. Осындай жағдайға жеткізіп тұрған кешегі қиын-қыстау кезеңдерде сынып-қираған мөлтек аудандар екені сөзсіз. Қиранды ғимараттардан құтылудың қандай жолдары бар?
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Арқалық қаласының әкімі: Ұлттық тәрбие беруде әкімдердің рөлі өте зор
- Сіздің Арқалық қаласына келгеніңізге сегіз айдай уақыт өтті. Осы аз уақыт аралығында қаланың көп жылдар бойы шешілмеген түйінді мәселелері қолға алынды. Сондай-ақ Арқалықты жаман атқа иелендіріп тұрған қиранды үйлерді бұзуға ден қойдыңыз. Сырт аймақтарда Арқалықты депрессиялық қала деп санайтындар көп. Осындай жағдайға жеткізіп тұрған кешегі қиын-қыстау кезеңдерде сынып-қираған мөлтек аудандар екені сөзсіз. Қиранды ғимараттардан құтылудың қандай жолдары бар?
- Тоқсаныншы жылдары дағдарыстың салдарынан ықшамдалуға мәжбүр болған қалалардың қатарында ең көп қиындық көрген Арқалық қаласы шығар. Себебі бұрынғы Торғай облысының орталығы болған шаһардың инфрақұрылымы облыстық ауқымға сай жасалынған еді. Бірталай адамға табыс көзі болған зауыт-комбинаттар, әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұрды. Осындай дәуірлеп тұрған облыстың ықшамдалуына не себепкер болды? Дағдарыстың ең бірінші толқыны - зауыттар жабыла бастағанда етек алды. Жұмыссыздықтың салдарынан халық басқа аймақтарға қоныс аудара бастады. Екіншіден, облыстың жабылуы ауыр соққы болып тиді. Одан кейін жылу, жарық, су тұрақты берілмей, қаланың бертін келе тұрғызылған шеттегі шағын аудандарда жұрт үйлерін тастап, үдере көше бастады. Осындай қиын өткелдерді бастан кешірген бұрынғы облыс орталығында қазіргі таңда шамамен 200-ге жуық қиранды ғимарат бар. Айтайын дегенім, Арқалық өзге елді мекендердей шағын қала емес, бұрынғы облыс орталығы болғасын бұзылған үйлері де аз болған жоқ.
Алайда Арқалықтың бұрын жасалған облыстық инфрақұрылымынан біраз нысандар аман қалғанына шүкіршілік етуіміз керек. Мысалы, жалғыз Торғай өңірінен ғана емес, республиканың түрлі облыстарынан келген жастарға білім беріп жатқан Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, төрт колледж, бір кәсіптік лицей, облыстық жасөспірімдер театры, облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайы, аймақтық денсаулық сақтау мекемелері, тағы басқа маңызды мекемелер жұмысын тоқтатқан жоқ. Былай қарап тұрсаң, бұзылған үйлерден басқа, Арқалықты депрессиялық қала дейтіндей дәнеңе де жоқ.
Әрине, шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Соның бірі - бағасы қымбатқа түсетін мазут отыны. Арқалықтың жылу беретін қазандықтары тек мазутпен ғана жұмыс істейді. Қала қыстан аман шығуы үшін республикалық бюджеттен жылына қыруар қаражат бөлініп тұрады. Таяу жылдары тас көмір жағатын қазандық салу жоспарда бар. Бұл жоба іске асса, қаланың көптен күткен өзекті мәселесі шешіледі. Үш-төрт жылда құрылысы аяқталатын Арқалық - Шұбаркөл темір жолын есепке алғанда, тас көмір жағатын қазандықтың қаншалықты тиімді боларын бағамдау қиын емес.
Сонда, қаланың бедел-бейнесін түсіріп тұрған бір нәрсе ғана қалады. Ол, жаңағы, бұзылған ғимараттар. Егер олардан құтылатын болсақ, Арқалық, шын мәнінде, әдемі шағын қала болып шыға келеді. Олар тек эстетикалық тұрғыдан жағымсыз әсер беріп тұрған жоқ, қала тұрғындарына тікелей қауіп төндіріп тұр. Басым көпшілігі апаттық жағдайда. Арқалыққа келген күннен бастап, терезелері үңірейіп тұрған үйлерден құтылудың жолдарын іздестірдім. Оларды табанда бұзып тастау да оңай шаруа емес. Алдымен әр үйді техникалық сараптамадан өткізіп, арнайы құжаттарын дайындау керек. Бұл жұмысты жақында аяқтап, Үкіметке өз ұсынысымызбен бірге тапсырған болатынбыз. Ұсынысымыз қолдау тауып, таяу уақытта оларды бағытты жары-лыс әдісімен құртуға қосымша қаражат бөлінетіні уәде етілді.
- Сіз қалаға әкім болып тағайындалған күннен бастап әкімдіктің жұмысы жаңа форматқа ауысты. Бір байқағанымыз, әр істің жариялы түрде жоспары болғанын қалайсыз. Мысалы, Арқалық қаласын абаттандыру жөніндегі буклет. Онда нақты жыл аяғына дейінгі жұмыстар деректермен, салыстырмалы фотосуреттермен көрсетілген. Бүгіндері осындай үлгіде қаланың және әр ауылдың даму жоспарлары әзірлену үстінде. Бұл cізге де, әр ауыл әкіміне де үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Алдын ала берілген уәдені орындауда қиындықтар туып жатпай ма? Және осындай форматта жұмыс атқару қаншалықты тиімді?
- Әкімдіктің қай шаруасы болмасын, одан халық хабардар болуы тиіс. Бір жоба белгіленді ме, ол қашан орындалатыны және қандай болатыны жайында толық мағлұмат халықтың назарына ұсынылуы керек. Бір жағынан бұл халық үшін тиімді, екіншіден, әкімдерге де нақты жұмыс жоспары.
Әкімдермен қоса, мемлекеттік мекемелердің жұмысы да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізіліп тұруы керек. Бұл «біз осындай жұмыстарды атқардық» не болмаса «осындай шараларды жоспарлап қойдық» деп мақтанған емес. Бұл - халық алдындағы есеп. Себебі әкімдер де, мемлекеттік мекемелер де халықтың игілігі үшін қызмет етеді.
Әрине, халықпен жоспарларыңмен бөлісіп, таяу уақытта қандай жұмыс атқаратыныңды белгілеп көрсету - қосымша жауапкершілік жүктейді. Қиындық та болады, бірақ халықтың сенімін ақтау үшін бар күш-жігеріңді жұмсайсың. Сондықтан кездейсоқ адам әкім болмауы керек, өз мүмкіндігін бағамдай алатын адамдар ғана әкімдік қызметте болуы шарт деп есептеймін.
- Осы орайда, ауыл әкімдерін сайлау туралы пікіріңіз қандай? Әкімдерді сайлау жергілікті халыққа каншалықты тиімді?
- Жалпы, мен тек ауыл емес, қала мен аудан әкімдердіңде сайлануын қалаймын. Оның тиімділігі неде? Әкімге сайлау өтетін болса, депутаттардың сайлауалды үгіт-насихатында айтылатын уәделер сияқты әр үміткер «Мен нақты осындай жобаларды қолға аламын» деп өзіне белгілі бір міндет жүктер еді. Сайланған кезде халық сол міндеттердің орындалуын талап етуге құқылы болады. Егер әкім берген уәделерін орындай алмаса, оны қызметінен мерзімінен тыс шеттетуге заңда тетік болуы керек. Сонда әкімдердің алдында берген уәделерін орындау міндеті тұрар еді.
- Әкімдік тәжірибені Ұлытауда бастап, Жезқазған қаласында да өзіндік қолтаңба-ңыз қалды. Бір сөзіңізде «Әкімдер тек экономикалық, әлеуметтік салалармен шектеліп қалмауы керек. Халықтың рухани өміріне де аса көп мән берулері тиіс» деп айтқан едіңіз. Әкімдерге талап қандай болу керек деп ойлайсыз?
- Әкім тек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана жауапты емес. Ол заманнан өттік. Бүгін әкімдерге жан-жақты болу талап етіледі. Өзімнің әкімдік қызметтегі азды-көпті тәжірибеме сүйене отырып, халықтың мұң-мұқтажы ең әуелі тұрмыстық мәселелерге байланысты болып жататынын айта кеткенім жөн. Халықпен кездесіп, олардың талап-ұсыныстарын тыңдағанда, тұрғын үй, коммуналдық қызмет, тазалық, әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелер жиі тілге тиек болып жатады. Сондықтан әкімдер осы салаларға айрықша көңіл бөлулері қажет, кезек күттірмейтін күнделікті түйткілдерді шешуге тиісті. Бірақ халықтың рухани өмірімен де етене айналысу міндеті шет қалмаса құба-құп.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жеке-дара мемлекет болып қалыптаса бастаған елең-алаң шақта қалалардың, ауылдардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы күрделі мәселелерді шешуді қажет етті. Оларды оңтайлы шешу үшін әкімдер коммуналдық саланың не болмаса шаруашылық саласының білгірі болса, барлығы да қош көріп жатты. Әрине, қиын-қыстау кезеңдерде әкімдердің бұл салалардағы тәжірибесі күрделі түйіндердің шешілуіне септігін тигізбей қоймады. Сондықтан әкім коммуналдық, шаруашылық салалардың маманы болса, ол әкімдік қызметке ең лайықты адам деген көзқарас қалыптасқаны шындық.
Ал бүгінгі күні, Құдайға шүкір, еліміз қиыншылықты артқа тастап, қарыштап дамып келеді. Қаланың күнделікті шаруашылық жұмыстары бір бөлек, мұның сыртында қазір осал түсіп жатқан ұлттық тәрбие жұмыстарына ерекше назар аударылуы керек. Ұлттық мінез, ұлттық жігер, ұлттық сана-сезім қалыптастыру, тіл мәртебесін көтеру ісіне әкімдер бел шеше араласса, еліміздің болашағы баянды болары сөзсіз. Тіпті әр ауылдың әкімдерінен бастап мектептегі мұғалімдерге дейін ұлттық тәрбие мәселелерімен айналысып, халықтың рухани өмірін жандандыруға өз үлестерін қосулары керек. Ұлттық тәрбие жолында әкімдердің рөлі өте зор. Осыған дұрыс көңіл бөлінбей келеді.
Бір мысал келтірейін, мен ауданға барғанда, «Сен ауылшаруашылығының маманы емессің ғой» деп, ал қалаға барғанда «сен коммунальщик емессің ғой» деп сенімсіздікпен қарағандар болды. Мал шаруашылығы дамыған елді мекенде әкім зоотехник не ветеринар болу шарт емес, әкімнің жұмысы - ұйымдастыру, жаңа мемлекеттік менеджер болуы керек. Сол сияқты коммуналдық, шаруашылық мәселелері шаш етектен асатын қалаларда коммуналдық саланың маманы болу міндет емес. Әкім әр саладан хабары болуы керек. Әр саланың мықты мамандарының жұмысын ұйымдастыру керек. Нақты проблемаларды анықтап, басым бағыттарын белгілеп, қарамағындағы мекемелерге тапсырма беріп, қажет қаражатын тауып, орындалуын қатал бақылауға алуы керек.
Ерекше атап өтерлігі - рухани мәселелер. Халықтың рухани өмірін жандандыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге әкім араласпаса, онымен кім айналысады? Жарайды, ұлт мүддесін алға тартқан мәдениет, өнер қайраткерлері бар, ақсақалдар бар, дегенмен де егер әкімнен қолдау болмаса, бұл істің ілгері басуы екіталай.
- Арқалық қаласына қарасты 19 ауыл бар. Сол елді мекендердің, сіз айтып өткендей, рухани өміріне қаншалықты назар аударылуда?
- Арқалықтың кезек күттірмейтін түйінді мәселелерін шешіп, енді ауылдардың жағдайын жақсартуға бел байладық. Әр елді мекеннің таяу үш жылға арналған кешенді даму жоспарын қабылдадық. Ал рухани, мәдени өміріне келетін болсақ, жалпы, Торғай таланттарға кенде емес. Осы өңірден талай ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ғалымдар түлеп ұшқан. Сондықтан ауылдардың мәдени-рухани тыныс-тіршілігіне қолдау көрсетудің маңызы ерекше. Мысалға, ауылдардың бірден-бір рухани ошақтары - мәдениет үйлері мен кітапханаларды алайық. Сол мәдениет саласында қызмет етіп жүргендерден жұмыс ауқымын кеңейтуді талап етейін десең, алатын айлықтары мардымсыз. Сол себептен, ауылдардың әр кітапханашысы мен мәдени қызметкерінің еңбекақысын көтердік, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік, ғимараттарын жөнге келтіруге көмектесіп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайын жасап беруге күш салудамыз. Енді ауылдың жас жеткіншектерін мәдениет, әдебиет әлеміне жетелеуге, мәдени-көпшілік іс-шараларға молынан тартуға мүмкіндік молаяды деген сенімдеміз.
Сонымен қатар елді мекендер мен көше атауларына әлі де әділетті бағасын ала алмай келе жатқан тарихи тұлғалардың есімін беру - ұрпақ тәрбиелеудің маңызды кілті. Жат елге бодан болмай, елінің азат болуын аңсаған қаншама ата-бабаларымыздың есімі, өкінішке қарай, аталмай жатыр. Арқалық аймағының ауылдарында күні бүгінге дейін Комсомольская, Пролетарская, Ленина деген сияқты көшелер бар. Фурманово, Целинный, Мирный, Молодежный деген елді мекендердің аттары да бұрынғы Кеңес Одағынан өзгертілмей келе жатыр. Жақында өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, елді мекендер мен көше атауларын өзгерту мәселесін талқыға салдық. Жалпы, 130-ға жуық елді мекен мен көше атауларын ауыстыруды көздеп отырмыз.
Жалпы, ауылдың еңсесін көтеру үшін, мүмкін, бір идеологиялық жұмыс қажет шығар. Бүгінгі таңда әлемде қаладан ауылға, қаладан тыс жерлерге көшу үрдісі етек алып барады. 2010 жылы Астанадан Ұлытауға барғанда, «Ауылға барайық», «Ауыл үшін қызмет етейік» деп шақырған болатынмын. Білімді, іскер азаматтар өмір бойы ауылдарда тұрмаса да, үш-төрт жыл қызмет етсе, ауылдың жағдайы біраз оңтайланып қалары даусыз. Ауылдан шыққан қаншама атақты ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері бар, соларға да үндеу тастаған болатынбыз. Ауылдың жастарымен кездесулер өткізіп, тәжірибелерімен бөліссе, ауылды өркендетуге қосар біршама үлес болар еді.
Өскелең ұрпаққа, әсіресе, ауыл жастары-на үлгі-өнеге боларлықтай тұлғалар ауадай қажет және елеулі жетістікке жету үшін олардың алдына мақсат қоя білу керек. Көптеген жастарда мақсат жоқ, ынтасы аз, соның салдарынан қай жерде болмасын, белгілі бір нәтижеге жете алмай жүреді. Бұл орайда ауылға танымал тұлғалар барып, жол көр-сетіп, жөн сілтесе, қабілеттерін ашып, оларды дамытуға көмектессе, мақсатшыл жастар көбейе түсеріне кәміл сенемін.
Тағы бір көңіл қуантарлық үрдіс - ата-баба құрметіне зираттарды көтеріп, тас қойып жатқан азаматтар көп. Бұл да болса ұрпақ сабақтастығының бір белгісі, ата-баба алдындағы перзенттік парыздың игі нышаны. Сыртта жүрген азаматтар елді сағынып, ата-бабалар аруағының құрметіне бейіттерді көтеруге, оларды тазалауға ниет білдіріп жатқаны - құптарлық іс деп білемін.
Ауыл - қазақтың көне ғасырлардан бері түп қазығы болған. Әр қазақ баласы еліміздің ұлан-ғайыр даласында өсіп, ержеткен. Сондықтан қазіргі қала тұрғындары жаз айларында балаларын ауылды жерлерге бір-екі айға жіберсе, ауыл өмірімен етене таныс,
елін құрметтейтін, жерін бағалайтын, ауылмен байланысын үзбейтін ұрпақ өсерінде дау жоқ. Байтақ еліміздің кең жазира даласында қой бағып, қымыз ішіп, қуырдақ жеп, асық ойнап өскен ұрпақ еш уақытта ауылды ұмытпайтыны ақиқат. Бұл да ауыл көшін ілгерілетуге бағытталған идеологиялық жол, сондықтан осы шаруа қолға алынатын болса, болашақта оң нәтижесін берері сөзсіз.
Қалалардан шалғай жатқан елді мекендерде тарихи тұлғаларға тағзым ету үрдісі де байқалады. Тарихта елеулі із қалдырған сол елдің асыл перзенттеріне ас беріліп жатады, бұл да елді біріктіретін, ауыл жұртының ынтымағын нығайта түсіретін ізгі шаруа. Ауыл - ұлт сана-сезімінің діңгегі, рухани азық алар орны. Қаладағы азаматтар ауылдан рухани күш-нәр алып отыратыны содан.
Қазір лауазымды қызметте жүрген тапалдай азаматтар ауылға ат басын жиі бұрып тұрмайтыны шындық. Зейнеткерлікке шыққанда ғана ауылға деген сағынышы оянып жататын жандарды кездестіріп жүрміз. Қолында мүмкіндігі бар шағында ауылды көркейтуге атсалысса, ертең сол игі істердің қызығын өзі көрмей ме? Бір жағынан, елдің де ықыласына, ризашылығына бөленер еді және өзгеге де үлгі болар еді.
- Өзгені үгіттеуден бұрын, өзіңіз қандай үлгі көрсетер едіңіз?
- Үлгі демекші, мысалы, ауылым Терісаққанда келер жылы аталып өтетін Кенесары ханның хас батыры Жанайдар Орынбайұлының 200 жылдығына орай өз қаражатымызға ескерткіш орнатып жатырмыз. Сондай-ақ ауылдың тарихынан сыр шертетін жекеменшік мұражай тұрғызу ойымда бар. Қазір ауылдарда көптеген жомарт азаматтар мешіт салып беріп жатыр, ал енді ауылдың өткенінен өнеге алуға жол ашатын, ата-бабалардың тағылымды істерін ұлықтайтын бірден-бір мәдени ошақ - мұражай ашу да қажет шаруа деп білемін. Бүгінде ауылда мешіт бар, мәдениет үйі де жұмыс істеп жатыр. Енді мұражай ашуды қолға алып, алдағы уақытта сол нысанды үкіметке тарту етуге бел байладым. Алла бұйыртып, ісім оңға басып жатса, бұл жоба ауылдың әлеуметтік ахуалына аз да болса сеп тигізбек. Себебі қосымша төрт-бес жұмыс орны ашылады.
- Елбасының биылғы Жолдауында алдағы онжылдықтарға қатысты біраз стратегиялық мақсат-міндеттер айқындалды. Аталған бағдарламалық құжаттың маңыздылығын өз басыңыз қалай пайымдайсыз?
- Биылғы Жолдау ұлт пен тіл тағдырына қатысты тұжырымдамаларымен, дербестігіміздің нығаюына бағыт беретін мәселелердің көтерілуімен маңызды болып отыр. Қазіргі таңда біз шын мәнінде, дербес мемлекет болып қалыптасу үшін осы мәселелерге көп көңіл бөлгеніміз жөн. Себебі елімізде соңғы жылдары қазақтардың үлес саны көбейіп келеді. Тәуелсіздікке иеленген шақта мемлекетімізде қазақтар саны 40 пайыз шамасында болса, қазір 65 пайызға дейін жетіп отыр. Енді саннан сапаға ауысу уақыты өтіп барады. Сондықтан еліміздегі өскелең ұрпақтың өз тілінде сөйлейтін, өз ұлтын мақтан ететін азаматтар тәрбиелеу мәселесін бірінші кезекке қойған жөн.
- Ал Жолдаудағы қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті атайтын боламыз деген тұжырымына қандай пікір айтар едіңіз?
- «Қазақ мемлекеті» деп аталса, әрине, жөн. Алайда ол тек тілге ғана байланысты емес, қазақи сана-сезімге, ұлттық іс-қимылға байланысты. Жалпы, «Қазақстан» деген «Қазақ мемлекеті» деген ұғым. Ал қазақ тілінде сөйлегеннің бәрін де «қазақ» деп атау қиын. Қазақ тілінде сөйлеп жүріп, өз елін тонап, қазаққа қастандық жасайтындар бар. «Қазақ» деген атақты әлеуметтік, саяси қа-ғида ретінде де қарастырған жөн. Сондықтан біз ең біріншіден, бодандық санадан арылып, ұлттық сана-сезімді, ұлттық патриотизмді бойымызға сіңіруіміз керек. Ол үшін біз өз тілімізді құрметтеп, халқымызды асыл құндылықтарын өзгеден жоғары қоя білуіміз міндет.
Қазақ бауырмал халық қой. Бүгінгі таңда елімізде көптеген этностардың бір шаңырақ астында бірлік пен ынтымақты ту етіп ғұмыр кешуде. Бірақ осы жердің иесі қазақ ұлты болғандықтан, әр қазақтың бойында мемлекетшілдік құндылықтарға деген құрмет, ұлтқа деген жанашырлық тән болуы тиіс. Сондықтан өзіміздің құндылықтарымызды өзгеден жоғары ұстауға қорықпау керек.
- Елбасының 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы тапсырмасы ел ішінде көп талқыланып келеді. Сіздің ойыңызша, латын қарпіне көшудің тиімділігі неде?
- Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел атансақ та, рухани тұрғыда тәуелсізбіз, дербеспіз деп әлі айту қиын. Неге десеңіз, ақпараттық кеңістігімізге Ресейдің ықпалы зор болып тұр. Жазбамыз орыстың кириллицасынан латын қарпіне көшетін болса, түп тамырымыз бір түркі тілдес елдермен қарым-қатынасымыз жақындай түсетіні даусыз. Латын қарпіне көшудің бір артықшылығы - осы. Бұл - мен үшін саяси жоба. Түркі тілдес елдермен байланысымызды нығайту керек, себебі олардың мәдениеті де, тілі де, руханияты да қазаққа ортақ. Болашақта осындай бауырлас мемлекеттердің қарым-қатынасы алшақтамас үшін біз қазірден бастап латын әліпбиін жасап, бір-бірімізді түсінетіндей ортақ жазбаға, әліпбиге көшуімізді қолға алу керек. Мектептерде латын қарпіне байланысты қосымша сабақтарын ендігі жылдан бастау қажет.
- Сіз халықпен үнемі байланыстасыз. Ғаламтордағы әкім блогы, өзіңіздің жеке поштаңыз, жеке қабылдаулар, түрлі қоғамдық іс-шаралар және кездесулер арқылы жұрттың айтарына әрдайым құлақ асуға дайынсыз. Белгілі бір шешімдер қабылдауда жұрттың берген ақыл-кеңестері, талап-тілектері көмекші бола ма? Мысалы, қаланы абаттандыру, инфрақұрылымын дамыту бойынша пайдалы кеңестер бергендер болды ма? Қарапайым халық ақылына қаншалықты сүйенесіз?
- Әкімнің жұмысын бағалаушы - халық. Сондықтан әкім мен халық арасындағы байланыстың маңызы зор. Жалпы, халықтан бір тың идеялар келіп жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен де халықпен байланыс қарапайым адамдарды не алаңдататынын анықтап, таразылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықтың тілектері, жылы лебіздері келіп жатады. Шынайы ықыласпен бір шаруаны қолға алып, оны іске асырғанда жұрттың ризашылығына ие болу - көңілге үлкен демеу, жігер береді. Жезқазғаннан ауысқаныма бір жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін электрондық поштама, ғаламтордағы сайтқа халықтың тілектері түсіп жатыр. Әр айтылған тілек, жылы сөздер - маған қанат бітіреді десем, артық айтқандық емес. Сондықтан әр келіп түскен алғыс-тілектерді қағазға тізбелеп жинап отырамын. Бүгін, міне, Арқалықтың тұрғындарынан да келе бастады.
Халықпен кездескенде мен қарапайым жұртшылықтың барлық мәселелерін шешіп беруді мақсат етпеймін әрі ол қолымнан келмейді де. Дегенмен де, әкімнен әділдік іздеп келгендердің мұңын тыңдап, мүмкіндігі бо-лып жатса, жәрдемдесуді өзіме парыз санаймын. Халықтан қал сұрастырып, олармен әңгімелесудің өзі халықтың көңіл күйіне оң ықпалын тигізеді. Сол себептен мен қашан да болса халықтың айтарына құлақ асуға дайынмын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ
"Айқын" газеті