Сенбі, 23 Қараша 2024
Соғыста жүрген сұлулар 2722 6 пікір 2 Қараша, 2022 сағат 13:36

Майдандағы Украина арулары: Оксана Рубаняк

«Украина әйелдері соғыста ерлермен қатар соғысып жатыр. Біздің әскер құрамында қазір 47 мың әйел бар, соғыс басталған шақта 37 мың әйел болған»,- деді Украинаның бірінші ханымы Елена Зеленская. Расымен де Украина әйелдері нағыз батырлықтың үлгісін бүкіл әлемге паш етті, деп жазды ELLE.UA.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 72-ші жеке механикаландырылған бригада пулеметшілер взводының 19 жасар пулеметшісі – Оксана Рубаняк. Оның майданда жүргеніне 3 ай болған. Оксана Василий Стефаник атындағы Карпат ұлттық университеті әскери кафедрасының студенті.

– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?

Ресейдің Украинаға толықтай басып кіргенін үйде естідім. Мен жалға алған үйдің қожайыны бөлмеме жүгіріп келіп: «Оксана, тұр, соғыс басталды»,- деді. Мен үшін соғыс сонай 2014 жылы басталған. Достарым мен туыстарым ШығысУкраинаны қорғауға аттанды. Ресейдің толықтай басып кіруі соның жалғасы болды. Бірақ біз бұл соғысқа сақадай сай дайын отырдық. Туған-туыстарым мен достарыма алаңдадым, оларға хабарласып, жұбаттым. Сосын «өзімнің қайда пайдам тиеді?» деп ойладым.

– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

Бұл шешімді қабылдау мен үшін қиын болмады. Менің достарым мен көптеген таныстарым – әскерилер, соғыс қимылдарына қатысқандар. Менің ағам алғашқылардың бірі болып 2014 жылы Украинаның аумақтық тұтастығын қорғады, Иловайск үшін шайқасқа қатысып, ақырында тұтқынға түсті. Қазір ағам мен сияқты шығыс майданда соғысып жатыр.

Майданда адамдар өліп жатқанын біле тұра, үйде тыныш отыра алмаймын. Мен туыстарымның, достарымның, болашақ балалардың Украинаның туы желбіреп, әні шырқалып, гимні ойнап тұрған Украина көшелерінде жүргенін қалаймын. Басқаша болуы мүмкін емес. Біз басқаша болуға жол бермеуіміз керек.

– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?

Менің күнім әдетте басқа әскерилердікі сияқты өтеді. Пулеметшілер взводының әскери қызметкері болғандықтан, үлкен калибрлі атыс қаруымен жұмыс істеймін. Менің позицияма басқа адам кезекке келген соң, бірнеше күн демалысқа шығамын. Сол кездері взводтың ісіне араласамын, қажет болған жағдайда жаралыларды эвакуациялаймын не барлауға көмектесемін. Әмбебап сарбазбын десем болады, бірақ менің негізгі қызметім – пулеметші.

– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?

Взводтағы жалғыз қыз болсаңыз әрі батальондағы азғантай қыздың бірі болсаңыз, ерлердің назары түскенін сезесіз. Бірақ менің ойымша, бұл қыздың қалай қабылдағанына байланысты. Мен мұндағыларды өз бауырымдай көремін, олар маған әрқашан көмектесіп жүреді.

Мен жұмысым ерлердің жұмысымен бірдей. Тапсырма орындауға келгенде де гендерлік айырмашылық жоқ. Соғыста адамның жынысы маңызды емес, бастысы – қажетті дағдының болуы, білім және адамның қалауы.

– Қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?

Туыстарыңнан, әскердегі жолдастарыңнан айырылу қашан да қиын. Бұған ет үйретуге болмайды. Украина тарапынан адам өлгенін, жараланғанын естігенде жаның ауырады. Жүрегіңнің бір бөлігін кесіп алғандай болады. Қатты жеккөрушіліктен кек алуға деген ұмтылысың күшейе түседі.

– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңғалдырды?

Бүкіл әлемдегі украиндардың бірлігі таңғалдырды. Іштегі қоныс аударушыларға, шетелге қоныс аударушыларға, әскери қызметшілерге көмектесуге деген шынайы ниеттері, майдан шебінде көмектесіп жүрген еріктілердің батылдығы таңғалдырды. Біз мұны қатты бағалаймыз.

– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?

Әскер үшін ең маңыздысы – тылдағы қолдау. Менің бөлімшеме ғана емес, жалпы Украина Қарулы Күштерінен жәрдемдесіп жүрген еріктілерге шексіз ризамын. Сіздердің жылы сөздеріңіз жанымызға демеу береді, дұғаларыңыз желеп-жебеп жүреді, ал жеңіске деген сенімдеріңіз – біздің тез жеңуімізге көмектеседі.

Менің әскердегі жолдастарым – менің ең үлкен қолдаушыларым. Осы уақыт ішінде олар менің достарымнан бауырларыма айналды. Оларды шексіз жақсы көремін, шексіз мақтан тұтамын.

Мен бұл жерде жай жүрмегенімді сеземін. Қанша қиындыққа төзсек те, жеңіс аяғында біздікі болады. Жеңіске жету үшін бәрін жасауға тиіспіз.

– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?

Украина – алып прогрессивті ел. Көптеген бағытта дамып келеді: музыка, спорт көлік жүйесі, білім беру және ең бастысы, әскери бағытта дамуда. Украина армиясы – әлемдегі ең күшті екінші армия делінетін басқыншылардың әскерін басып озды. Қазір бізде көптеген мүмкіндік бар, бастысы – оларды дұрыс және уақтылы пайдалану. Біздің Отанымыз көп ұзамай дамыған елдер санатының ең жоғары сатысында болатыны сөзсіз.

– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?

Қазір менің бойымда өзгерген нәрсе – адамдарға көзқарасым. Соғыс барлық нәрсені өз орнына қояды. Ол адамдардың бетпердесін сыпырып, нағыз бейнесін, мінезін, ниетін көрсетеді. Батырлар мен адал ниеттілер алға шығады, сатқындар мен бөспелер артта қалады. Соғыс – уақытша дос пен адал достың ара-жігін ажыратып береді. Көзқарасы мен мақсаты бір адамдарды тоғыстырады.

– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?

Украиндар – ешкімге бағынбайтын еркін ұлт. Халқымыз мыңдаған сынақты басынан өткерді, бірақ олардың ешқайсысы біздің тәуелсіздікке ұмтылысымызды жоя алған жоқ.

Біз қазір бір қадам да артқа шегінбейміз, жерімізге төнген зұлматты жеңбейінше тынбаймыз.

Құрметті украиндар, еңселеріңіз түспесін! Күшті, төзімді, батыл болыңыздар. Үмітіңіз өше бастағанда біздің бақытты болашағымызды бізден басқа ешкім жасай алмайтынын еске түсіріңіздер.

Біз міндетті түрде жеңеміз! Украина еркін, тәуелсіз ел болады! Украинаға жасасын!

 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338