Сейсенбі, 26 Қараша 2024
46 - сөз 2894 3 пікір 3 Қараша, 2022 сағат 14:16

Кейде есікті сындырып кіру керек!

Техаста туып-өскен Марион Луна Брем 17 жасында әскери адамға күйеуге шығады. Бір жылдан соң тұңғыш ұлы, бес жылдан соң екінші ұлы дүние есігін ашты. Америкалық отбасы тату-тәтті өмір сүреді.

1984 жылы Луна Брем 30 жасқа толады. Өкінішке қарай, кейіпкерімізде екі жақты онкология анықталып, ол бірнеше ота жасатады (Гинекологиялық және анарын алып тастау бойынша). Осыдан кейін химиотерапия басталады. Соның салдарынан Марион таз боп қалады. Дәрігерлер оған екі-үш жылдық өмірің қалды деп болжам айтады. Күйеуі бар қиындықты көре тұрып, Марионды тастап кетеді. Ұлдарының үлкені 12-де, кішісі 7-де болады. Ешқашан жұмыс істемеген жас келіншек жалғыз қалады. Оның үстіне отаға төленетін біраз қаржы мойнына қарыз болып ілінеді.

Үй тірлігінен асып ештеңе істеп көрмеген әйел балаларын қалай асыраймын деп ойланады. Бір күні басы қатты ауырып, ваннада ұстамасы ұстап қалады. Сөйтіп жатқанда асүйден ұлдарының күлген дауысын естиді. Сол сәтте миында бір нәрсе қосылады. Қайтсем де дертімнен сауығамын деп орнынан тұрады.

Марион көлік сатудан жақсы табыс табуға болатынын жақсы білетін. Ол автодиллерлерге барып өз қызметін ұсынады. Бірақ бұл салада тек ер адамдар ғана жұмыс істейтінін байқайды. Ол екі апта ішінде 16 адамнан жоқ деген жауап алады. Стратегиясын ауыстырмаса үміті үзілетінін сезген ол 17-ші рет жұмыс сұраудың орнына жұмыс берушіге: «Сенің компанияң маған мұқтаж, мені алсаң, табысқа кенелесің» деп кесіп айтады. Оны жұмысқа алады.

Ол көлік сатушы әйел ретінде ерлерге қарағанда біршама артықшылығын сезінеді. Көлік алуға келгендердің жұбайларына қандай көлік алу қажетін түсіндіріп отырады. Ал еркек сатушылар көбіне күйеулерді сатып алуға көндіруге тырысатын-ды.

Алғашқы еңбек жылы Луна Брем жыл сатушысы деген атақты алады. Оған ерлер тағатын Ролекс сағатын қосып береді. Оны тек ер адамдарға ғана береді екен. Сол сәтте дәрігерлер оның онкологиясы ремиссияға түскенін хабарлайды. Марион күш жинай бастайды.

Одан кейінгі екі жыл өте табысты болады. Ол өзін бастық етіп қоюды ұсынады. Бірақ жұмыс беруші «сен көлік сатудан кетсең, пайда түспей қалады» деп оның ұсынысын қабылдамай тастайды.

Бірақ Марион жаңа жұмыс іздеуге шығады. Екі аптадан соң басқа бір автодиллер оны өзі қалаған лауазымға жұмысқа алады. Содан бастап оның лауазымы күн өткен сайын өсе береді.

Тағы екі жыл өткенде өзі де автодиллер болуға қаржы жинауды бастайды. Бар-жоғы $800 000 жетпей тұрды. Бұл ол үшін түске кіретін сома болатын. Марион тағы да ойланады. Бірақ білек сыбана кіріседі. Бизнес-жоспар жазып, оған өзінің өмірбаянын қосып, инвестор тауып беретін 50 аудиторлық компанияға таратады.

Екі аптадан соң инвестор табылады. Луна Брем өзінің автосалонын ашады. Chrysler көліктерін сатумен шұғылданады. Сөйтіп, 1989 жылы жүрек тағылған «Love Chrysler» саудаға шығады. «Бұл жай жүрек емес, бұл біздің адамдардың жүрегі, біз Техасқа махаббатымызды арнаймыз» деген ұранмен өз ісін бастайды.

Марионның талпынысы еселеп қайтты. Бүгінде оның обыры жазылды. Екі автосалоны бар. Жылдық айналымы $45 млн. доллар. Кітап жазуды ұнатады. Отыз жасында күрделі ота жасатуы, күйеуі тастап кетуі бар, дәрігерлер өледі деп күн санаған адам емделіп, өз ісін бастап, миллиондап табыс тапқаны таңқаларлық жағдай ма? Әрине!

Ол ұлдарының дауысын естіп, өз өмірін қолға алды. Арзан парик киіп, ерлердің әлеміне қадам басты. Ұлдарына бұрын-соңды бере алмаған бақытты балалық шақ сыйлады.

«Кейде жай есік қағу аздық етеді. Кейде есікті сындырып кіру керек» дейді Марион.

Аударған Шынар Әбілда

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006