Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3076 18 пікір 7 Қараша, 2022 сағат 15:39

Тоқаев: «Қазақстанды көре алмайтын елдер бар»

Бүгін Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Көпшілікпен кездесу барысында Президент бірқатар маңызды мәлімдемелер жасады.

Сонымен қатар аймақты дамытудың жеті басымдығын айқындады: Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет; облыстың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру керек; Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау және Жаңаөзен қалаларын дамыту керек; облыстық білім беру, денсаулық сақтау саласын дамытып, жастарға қолдау көрсету керек; Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып, азық-түлік нарығын дамыту аса маңызды; аймақтағы туризмді дамыту және кология мәселелерін шешу қажеттігін айтты президент.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында Қаңтар оқиғасы кезінде адам қаны төгімегенін тілге тиек етті.

«Елге қажетті шаралар асықпай, біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Біз саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, орнықтыруымыз қажет. Кез-келген мәселеде келіссөз арқылы, диалог арқылы мәмілеге келу керек. Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тағдырына жауапкершіліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сол күндерде мұнда адам өлімі болған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық орындар шабуылға ұшыраған жоқ. Елге жанашырлық деген – міне, осы!

Шын мәнінде, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қандай күрделі мәселенің өзін айғай-шу, дау-дамайсыз сабырмен шешуге болады. Біз ішкі және сыртқы саясатта осы ұстанымды сақтаймыз. Өйткені, тұрақтылық, татулық және тыныштық – барлық табыстың көзі. Бұл – ақиқат», - деді президент.

Мемлекет басшысы еңбек қауіпсіздігінің мәселесін көтеріп, таяудағы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнындағы қайғылы жағдайға тоқталды.

Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды. Мен марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма бердім. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.

Өкінішке қарай, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты.

Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының  сақталуына мән берілуге тиіс.

Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі», -деді президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанды көре алмайтын елдер бар екенін» еске салды.

«Шын мәнінде, Отанымыз – бір, халқымыз да – бір. Бұл – ең басты қағидат. Қазақстанды көре алмайтын елдер бар екеніне бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да аса қырағы болуымыз керек. Отанымыздың ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған саясатты жоғары кәсіби деңгейде жүргіземіз», - деді президент.

Мемлекет басшысы посткеңестік елдерде шекара мәселесі шешілмей, түрлі дау-дамайға себепші болып отырғанын айтты.

«Келесі мәселе. Біз күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, сындарлы дипломатияның арқасында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанның шекарасы заң жүзінде бекітіліп, делимитация жасалды.

Жалпы, осы Ақтауда еліміздің шекара мәселесінің ең соңғы түйіні шешілді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция осында қабылданды. Біз көрші елдердің бәрімен достық қарым-қатынасты сақтап келеміз. Басқа мемлекеттерден бір ерекшелігіміз – осы», - деді ол.

Президент керек болған жағдайда «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» және  бұл қағидатымыздың ешқашан өзгермейтінін айтты.

Мемлекет басшысы «науқан кезінде еліміздің мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасала бастады. Біз бұған жол бермейміз, жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз», - деді.

Президенттің айтуынша, қоғамда саясат туралы бос әңгімелерге әуес болғандар көбейіп бара жатыр.

«Отаншылдық құр сөзден емес, нақты істен көрінеді. Өзінің келешегіне сенімді халық мықты мемлекет құра алады. Сол себепті, мен өзімнің әрбір сөзімде ел бірлігін сақтау туралы айтып отырамын. Жөнсіз талас-тартысты доғару қажет. Мұны кейбір саясаткерлер ішкі тұрақтылықты, береке-бірлікті бұзу үшін пайдаланады. Оған жол бермеу үшін әрбір азаматымыз, ең алдымен, адал еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосуы керек», - деді Қасым-ЖомартТоқаев.

Мемлекет басшысы Конституциялық реформаның аясында көптеген құжаттар қабылданып, мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, еліміздің дамуына тың серпін беретін жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322