Атырауда үлкен мұнай қоймасы салынады
Қазақстан мұнай-химия өнімдерінің 95 процентіне жуығын импорттап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазмұнайгазға" Атырауда үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір Қазақстан дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүр.
"Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады", - деді Атырау облысына барған президент.
Ол Атырауда үлкен мұнай қоймасын салу мәселесінде "Қазмұнайгазға" экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды тапсырды.
"Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөз жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын", - деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, аймақтың экономикасын әртараптандыру қажет.
"Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр", - деді Тоқаев.
Abai.kz