Пайдалы кен орындарын заңсыз үлестірді деген күдікпен бұрынғы вице-министр ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижесі бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды.
Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған.
Нәтижесінде лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұза отырып, өндіруге дайын кен орындарын иеленген.
Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге зиян шеккен.
7 қарашада лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаев ұсталды.
«Тергеу соттың санкциясымен Т. Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды» деп мәлім етті агенттік.
Тимур Тоқтабаев 2019 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметін атқарған.
Abai.kz