Сенбі, 23 Қараша 2024
Естелік 2454 0 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 13:49

Көпеннің күлкісі

Көпен, Көпен Әмірбеков көкем туралы, қазақтың маңдайына біткен сатира саңлағы жөнінде естелік жазамын деп ойламаппын... Вальс королы Шәмші Қалдаяқов туралы  «Шәмшімен шәй ішкенде»  естелігімді жазғанымда, кәдімгідей ақ пейілімен, парасатты зейінімен біраз күліп алып еді. «Әй, Мұхтар, мына жерін «өлтіріп» жазыпсың, әбден күліп алдым! Естелікті де осылай ойнатып жазу керек, сен сатириксің ғой», – деп тағы да өзіне тән күлкісімен шуақ шашатын жарықтық. Кейін осы естелікті «Айқында» жариялатты.

Енді міне, Көпеннің өзі туралы естелік жазу мен үшін қандай ауыр екенін білсеңіздер ғой. Кеше ғана маған тапсырмалар беріп, («Айқын» газетінің  «Ара» қосымшасында редактор, мен Шымкенттегі тілшісі едім.)  «Қысқа да, нұсқа да жазған дұрыс қой, ол сенің стилің, бірақ, фельетондар жетіңкіремей жатыр, тағы бір-екеуін жаза ғой», – дейтін.

Көпен ағамды сонау жетпісінші жылдардан бері білетінмін. Газет-журналдарды иіскеп, ішіндегі сатираларды «жалап-жұқтап» қоятын жас кезіміз ғой, жас сатирик Көпекеңнің  жазған-сызғандарын іздеп жүріп оқитынмын. Алматыға арман қуып, ҚазМу-дің журналистика факультетіне оқуға түскен соң,  көздері көк, жүзі жылы, атағы аспандап келе жатқан сатириктің қолын алып, қатар жүретін дәрежеге жеттік. Мені жетелеп, «Ара» журналында  қызмет істейтін Оспанхан Әубәкіровке тасныстырғаны да күні кешегідей есімде. Кейннен «Араның» бас редақторы Қалтай Мұхамеджановке айтып жүріп, «Араның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі қызметіне тағайындалуыма да септігін тигізген еді. Мұндағы айтпағым, Көпен көкемнің жақсылығын, шарапатын көп көрдім. Ол қолынан келсе, жақсылық жасауға итініп тұратын, ақ көңіл ағам еді.

Бірде, көшеде әңгімелесіп келе жатқанымызда, Садықбек Адамбековтің пәтері балконында жайылып тұрған сүр етті көріп қалып:

– Мұрның иіс сезді ме? –деп сұрады.

– Жоқ, –деймін.

– Анау етті көрдің бе?

– Көрдім.

– Жүр, «Ет жемесең түсіңе кіреді, жесең, тісіңе кіреді» – деп, қоярда қоймай, қазақтың дара сатиригі Садықбек ағамыздың үйіне топ еткізді. Сол күні ет жеп отырып, небір әңгімелердің, әзілдердің саунасына шомылғаным-ай!

«Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде, әдеби фельетондардың сериясын жиі  жариялады. Мені көріп: «Әй, Мұхтар, Мұхтар мені құптар, кел, сора ғой, қалтамда құрт бар!» – деп табан астында шығарған өлеңін осы күнге дейін ұмытпаппын, жеке мұрағаттарымның ішіне сақтап қойған екенмін. (Бала кезден осындай әдетім бар.) Сосын, осы жақында ғана, мен де Көпекеңе арнап әзіл жаздым. Міне:

КӨПЕН ЖӘНЕ МЕН

Көпен,
Ол менің көкем,
Руымыз сатира,
Емес маған бөтен!
Астанаға шақырса,
Үйіне өтем,
Емес маған бөтен!
Аппақ сақалы бар,
Аузында мақалы бар,
Сөзге шешен,
Өзіндік мақамы бар,
Тартатын күйіміз бір,
Күлкі деген үйіміз бір,
Айдалада келе жатсақ,
Алты қасқыр алдымызда,
Жеті қасқыр артымызда,
Ештеңе жоқ, атсақ,
Бізді қоршай қалыпты,
Бағдарлай, бақсақ,
Бір қасқыр ақсақ,
Екіншісі сөйледі,
Бізге қақсап:
– Киімдерің сәнді ме?
Еттерің дәмді ме?
Қазір жейміз.
Бітті әңгіме,
Не дейсіңдер,
Өмірлерің мәнді ме?
Күндерің әнді ме?
– Менің қаным қышқыл,
Мұхтардың халі мүшкіл,
Маған десеңдер,
Інімді жесеңдер,
Күле бересіңдер,
Ит сияқты,
Бостан-босқа,
Үре бересіңдер.
Маған десеңдер,
Мені жесеңдер,
Құсасыңдар,
Ракета боп,
Ұшасыңдар,
Одан не ұтасыңдар?
– Ойбай, құрығанымыз,
Ит болып үргенше.
Бөрі болып,
Ұлығанымыз,
Керек екен,
Көпекеңнің ойы,
Құдықтай терең екен!
Деген бөрілер,
Қашып кетті,
«Не үшін қаштық?» – деп,
Милары ашып кетті!
Осылай адырымыз бір,
Көпен ағаммен,
Елтірі тон жағаммен,
Тағдырымыз бір!

Осылай жазып, вацаппен өзіне жібердім. Риза болды. «Бұл мен туралы естелігіңнің алды ма?» – деді қоңыр даусымен.. Бір түрлі болып, іштей «естелігі несі?» дегенмін де қойғанмын. Бір жолы, таныс жігіттер маған: «Көпен ағаны танисың ғой. Алматы банктерінің бірінен миллиондаған несие алып бере алар ма екен?» – деп өтінді. Тоқсаныншы жылдары көп қаржыны несиеге алу өте қиын болатын. Содан, Көпен ағама оларды ертіп бардым. Көзімізше бір-екі таныстарына телефон соқты  да, қабағы кіржиді. Шамасы, құптай қоймаса керек. Сосын, жігіттерге: «Несиеге аз ғана ақша алмайсыңдар ма?  Сонша көп ақшаны санай алмайды ғой деп жатыр», – деп өзіне жарасатын күлкісін сыйлады. Жігіттер өкпелеген жоқ, бәріміз кафеде отырып, таңды-таңға атырғанбыз.  Сол жігіт бірде кездескенде: – «Көпен ағаның банктерде танысы болмағаны жақсы болды, әйтпесе, бәрін жаратып қойып, бизнесім биттеп, өзім сотталып кетер ме едім?» – деді.

Көпен көкем көп қыдыратын. Қыдырғанда, ел аралап кететін. Бірде Ақтөбеде, бірде Шымкентте, Алматыда дегендей. «Көпен аға шаршамайсыз ба?» – деп сұрағаным есімде. «Шаршасам, шапқылап жүрмес едім ғой», – деп  соңғы кезде тұңғиық ойға батып қалатын. «Мұхтар, сен де, мен де сатирикпіз, сен де, мен де қант диабетімен ауырамыз. Тағдырласпыз, мұңдаспыз», – деп тағы да күліп алатын.  Бұл сөзіне онша мән қоя бермейтінмін. Өзі жүдеп, сырқаттанып жүрсе де, былтыр бауыры Ерсұлтан екеуі «Жол-жөнекей» сұхбат-бейне ролик түсірді. Мені, Сабырбек Олжабай бауырымды шақырды. Ауырғаны жанына батса да, жиі күліп, жымиып, арқамыздан қағып, шуақ шашып жүрді.  Сол түсірілімнен кейін, Ковидпен құшақтасып қалдым да, оңбай ауырып, ауруханаға түсіп қалдым. Тіпті, реанимацияда жаттым.  Көпен көкем күн аралатпай телефон шалды.

– Мұхтар, қай ауруханада жатырсың? – деп сұрады.

– Перзентханада.

– Перзентханада? Әйелдер босанатын жерде не бітіріп жүрсің? – деп күлді.

Мен онымен үнемі «Көпен көке» деп сөйлесетінмін.

– Көпен көке, орын жетпеген соң, осы перзентхананы уақытша ковидпен емдейтін ауруханаға айналдырған екен. Ия, «Рощадағы», – дедім мен.

– Әй, сен өле көрме, – деді ол әзілдеп.

– Ия, өлуге рұхсат жоқ.

– Жазылып кетесің әлі.

– Көпен көке, о дүниеге барып едім, қабылдамай қойды, бос орын жоқ екен, есігін тықылдатып қайттым, – дедім мен де жабырқап, жаным ауырып тұрса да, әзіліне әзілмен жауап беріп.  Міне, Көпекең осындай кішіпейіл, кең адам еді. Көлеңкелес достарымның бірі ат ізін салмағанда, жасы үлкен болса да, жағдайымды сұрап, көңіл-хошымды бір көтеріп тастаған-ды.

Көпен көкемді кетіп қалады деп ойламаппын. Соңғы күндері төсек тартып жатқанында, телефон соғып едім, даусы қарлығыңқы шықты. «Жазылып кетіңіз, арамызда қалқайып жүре беріңіз! Жүз жасайсыз!» – дедім. Үндемеді. Дені сау кезінде қандай еді? Аппақ сақалы өзіне қандай жарасар еді? Әдемі көзілдірігін мұрнының үстіне ғана қойып, күлімсірей қарайтын. Риясыз күлетін. Қазір де Көпен көкем маған солай қарап тұрғандай. Күлкісі құлағыма жеткендей...  Хош болыңыз, топырағыңыз торқа болсын, Көпен көке!

Мұхтар Шерім,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы-сатирик

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404