Бейсенбі, 23 Сәуір 2026
Әдебиет 126 0 пікір 23 Сәуір, 2026 сағат 13:03

Астана. Дулат әулие. Қазіргі қазақ

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Пессимистік хат

Жайлауыңды көргенде,
Жадыраймын жайланам.
Өксігіңді көргенде,
Ұйқы беріп, қайғы алам.

(Дулат Бабатайұлы)

Астанаға көктем келді. Қыстай қар мен боранның астында өз көркін соншалықты паш ете алмай келген Астана құлпырып сала берді. Сарыарқаның төсінде бой көтерген жаңа қала шапшаң өсіп, заманауи әсем қалалардың біріне айналды. Әлем жұртшылығы бір көруге ынтызар болып ағылатын Дубайдан еш кем емес. Дубай да соңғы қырық жылдың жемісі – жаңа қала. Астана одан да жас. Әсіресе, Есілдің сол жағалауы архитектурасы сан алуан көрікті ғимараттарымен, кең көшелерімен, толып жатқан бақ, бульвар, скверлерімен көз тартады. Неон шамдары жарқыраған түнгі Астана тіпті тамаша. Бұл қазақ елінің, менің елімнің бас қаласы – Астанасы деген мақтаныш сезімі билейді. Дулат ақынның «Жайлауыңды көргенде, Жадыраймын, жайланам» деген өлең жолдары осындай бір рухың көтеріліп, көңілің жайланатын шаққа қаратылып айтылғандай.

Жексенбінің кешінде Астана халқының демалатын сүйікті орындарының бірі – Ботаникалық бақты аралап келеміз. Бақтың көлемі ауқымды, әр жерде орындықтар қойылған жүргінші жолдары кең, содан болар қарасы мол халық еркін серуендеуде. Жүгіруші желаяқтар мен велосипедшілердің өз жол-жолақтары бар. Табиғат аясында серуенде, демал, замандас-жолдаспен әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттас – бәріне жағдай жасалған. Қазақтың әсем Астанасының әсем саябағы – тағы да көңілің жайланғандай, осындай елім бар деп марқайғандай боласың.

Бірақ, «естімейін десең құлағың, көрмейін де,сең көзің бар». Әдейілеп тыңдамасаң да, өзара сөйлесіп бара жатқандардың сөзін, кейде қатты, кейде бәсең айналаңда шығып жатқан дауыстарды еріксіз естуге тура келеді. Шыны керек, бәрі орысша сөйлейді. Түрлеріне қарасаң халықтың тоқсан пайыздан астамы азиялықтар, яғни қазақтар. Жалпы, статистикалық мәлімет бойынша Астана ең қазағы көп қаланың бірі, тұрғындардың 82 пайыз қазақ. Саябақтың көркіне елітіп, алғашқыда бақамаған екенмін, енді сөйлегендердің сөзіне ептеп құлақ түре бастадым. Екеуара сөйлесіп келе жатқан қыз-келіншек, жігіт-желең, жасы келген әжелер – құдай-ау, бәрі орысша шүлдірлесіп бара жатады. Бес-алты жастағы үш-төрт бала әлденеге дауласып, дауыстары қаттырақ шығып жатты. Олардың да сөзі орысша.  Баяу басып екі қартаң адам қарсы келе жатты. Қазақ екендігін айқындай түсетіндей қылып біреуі тақия киіп алыпты. Кейде тоқтай қалып, қолдарын сермеп сөйлегендеріне қарағанда, әлдене жөнінде қызу талқыға түскен түрлері бар. Жақындағанда дауыстары да естілді, біреуінің басы қалтылдап орысша нығарлап сөйлеп тұр екен. Түңіліп кеттім. Дулат Бабатайұлының «Өксігіңді көргенде, Ұйқы беріп, қайғы алам» дегені тура келіп, көкірегіңді шарасыздық тіліп өтеді. Не болған бізге? Астана кімдікі? Қалайша бұлай болды? Сан түрлі жауабы жоқ сұрақ жігеріңді жасытады, ұйқыңды қашырады. Жаңағы елімнің Астанасы деген мақтаныш сезім бүртүрлі буалдырланып, көмескіленіп кеткендей болады. Қазақ «қағынан жеріген құландай» деп жатушы еді, өз тілімізден біз неге сонша жерідік екен, ә?

Бұл аты неше рет өзгерген, кеше ғана Целиноград болған, солтүстіктегі қала ғой, жиылған халықтың да негізі осы атыраптан болар деп көңіл жұбатуға да болар еді. Есіме былтыр жазда елге барып, тау аралап жүргендегі бір оқиға түсе қалды. Дулат ақын «Таудан шығып ағасың, тастың жарып арасын» деп жырлаған, сұлу Аягөз бастау алатын, асқар таудың баурайындағы бір малшының жайлаудағы жаздық үйіне соқтық. Таудың жолы да, тарам-тарам бұлақтардың өткелдері де қиын.  Былтырғы жүрген өткел биыл өтуге келмей қалады.  Жол сұрап, жөн сұрап отырмаса болмайды.

Біз келіп тоқтаған әлгі үйден, иттердің абалап үргенінен оянған болу керек, әлден уақытта көзін уқалап, ұйқылы-ояу біреу шықты. Малды түске әкеліп, ұйқыны соғып жатқан болу керек. Жөн сұрастық. Өзін танымасам да, әкесін, тегін білемін. Орта жастағы әлгі жігіт:

– Қабырғалап жүрмей-ақ қойыңыз, мұнымен қазір ешкім де жүрмейді. Тым қиялау. Мына етектегі жолмен де жүрмеңіз, бұлақтан кеше бір джип өте алмады. Елдер Аягузкамен жүріп жүр ғой. Ең дұрысы, төмендеп барып, Аягузкадан бірақ бұрылыңыз. Аягузкадан ары өтпейсіз. Содан Шипалыға тура шығасыз, – деді.

Аягузка! Ал, керек болса! Айдаладағы алыс жайлауда өзімен-өзі жатқан сол ауылдың тумасының сөзі осы. Бір емес «Аягузканы» екі-үш рет қайталады. Маған ол «Аягузканы» рахаттанып тұрып айтатын сияқты болып көрінді. Кім білсін, «мені жапанда жатқан адам деме, өркениетке жақынмын» дегенді көрсеткісі келеді ме екен? Қызық-ақ! Аягөз десе, «мәмбет» болып көрінем бе дей ме екен? Мүмкін, қазір жұрттың көбі солай атап та жүрген шығар. Меніңше, «Аягузканы» айналымға енгізіп жүрген «джип» мінген «жаңа қазақтар» шығар. Осы жақтағы иен тауда орыс-қазағы бар ауқатты қалалық «аңшылар» да көп жүреді. Олардың тілі белгілі ғой. Мұндай қазіргі заман аңшыларының астына мінген көлігі де, қолдарындағы аңшылық қаруы мен асай-мүсейлері де, балпаң жүрістері де, маңғаз тұрыстары да, керги сөйлегені де тұнып тұрған үлгі ғой қазаққа. (Элита для подражания, болмасаң да ұқсап бақ).

Осындай кездерде ойыма Дулат орала береді. Ерекше сезімтал, көріпкел әулие болған-ау деймін. Өйткені, Дулат «Әуелі қазақ деген жұрт» деген өлеңінде:

«Батыстан патша түнегі,

Жеріңе келіп түнеді.

Жоныңнан таспа тіледі,

Ішіңе әбден кіреді,

Оны Дулат біледі...

...Малыңды салып талауға,

Адамың қатты санауда,

Ораздың түсіп қалауға,

Көгендей жасты тізілтіп,

Бізден алар солдатты» дейді. Дулат отрашылық кезеңнің ақыны болғанымен, оның көзі тірісінде қазаққа орыстың ықпалы бәлендей әсерлі емес еді. Тілі мен дәстүрі сол қалпында болатын. Ресей қазақтан солдат алмайтын. 1916 жылы патшаның шартты бұзып қазақтан солдат алатынын Дулат жарты ғасыр бұрын болжап кетті емес пе? Әулиелік қой!

Кеңес кезінде «Зар заман ақыны» атанған Дулаттың:

«Қаларсың бір күн, Сандықтас,

Құлан жортпас бел болып.

Самалың салқын соғатын,

Сары ызғырық жел болып» – деген жолдарын бұрындары қабылдай алмайтынмын. Дулаттың тамсана суреттеген сол сары жайлауы, Ақжайлау мен Сандықтасы иен қалған жоқ қой, отыр емеспіз бе қалың ел болып деп ойлаушы едім. Олай болмапты. Алдымен төңкеріс, азамат соғысы, одан кейінгі алапат аштық – қазақ даласын «құлан жортпас белге» айналдырған екен ғой. Дулат әулие осыны меңзеген-ау. Сол ұлы даланы қаптаған Михаиловка, Ивановка, Покровка т.с.с. толып жатқан өгей атаулар, өзге жұрт толтырды. «Орнында бар оңалар» дейді атам қазақ. Өз жерінде өгей болып, Қазақ та өсті таласып. Дулат айтқандай, «сөлі кетіп, сіркесі қалғанда», тәуелсіздік те қолына тиді-ау, әйтеуір.

Бірақ, осы қазіргі қазақ бұрынғы қазақ па? «Елу жылда ел жаңа» дейді. Мүмкін бұл аты қазақ, заты басқа «жаңа» пайда болған халық шығар? Ия, сол кешегі ер қазақтың тікелей генетикалық ұрпағы. Осы жерде қанша ащщы болса да, Мұхтар Мағауинмен келісуге тура келетін сияқты.  Мұхаң: «...Сен білетін қазақ – өткен заман қазағы. Рас, ер болды, мәрт болды. Ел болды. Бірақ ол қазақ Кенесары-Наурызбаймен бірге өлген. ХХ ғасырға жеткен жұқанасы, яғни кеудеде қалған кісілік пен намыстың ең ақырғы жұрнақтары 1932 жылғы ғаламат ашаршылықпен бірге тозды. Одан соңғы қазақ – мүлде басқа жұрт, басқа ұлт. Асып кеткенде, өткен қазақтың жармағы ғана» дейді «Жармақ» деген шығармасында.

Сүйегі жат жерде қалған қадірлі жерлесіміз Мұхаңның өз қазағы туралы: «...қапысыз таныдым. Әлемдегі ең сорлы, ең қор халық екен» деп түйіндейтін сөздерін жазуға да, айтуға да жүрегің шыдамайды. Осындай пайым-парасаты мол, қабілетті, ұғымтал, қағылез халықтың ұрпағы неге сонша өз тілінен жеріді екен?! Бұған мың түрлі сылтау айтуға болар, бірақ биліктен де, халықтан да істің мәнін өзгертер қауқар көре алмай тұрмын. Алматы қаласында әкім болып тұрғанда ұлтжанды қайраткер Иманғали Тасмағамбетов: «Алматы қазақша сөйлесе, Қазақстан қазақша сөйлейді» деген еді. Аз уақыт әкім болғанда тілге бетбұрыс та жасап жібергендей болып еді. Бірақ, оны ұзақ тұрғызбады, бастамасын басып тастады.

«Сонша түңілетін ештеме жоқ, қазақ тілі қанатын жайып, өркендеп келеді, қолдану аясы да қазір ауқымды» дейтіндердің бірі күні кеше ғана мен едім. Рас, қазақша өткізіліп жататын көптеген мәдени шараларды, сөз маржанын құбылтқан заманауи ақындарды, серпін алған айтысты, кез келген тойды думанға айналдыратын асабаларды көрмей жүргеміз жоқ. Тіл тұғырына қонып, қазақ тілі заманға сай түлеп, байып бара жатқандай әсер қалдырады. Сонда күнделікті көшеден көретін қаптаған орыс тілді қазақтар қайдан келген? Меніңше, осы екі тілдік ортаның бір бірімен байланысы жоқ, бар болса да жеткіліксіз. Әрқайсы өз қазанында қайнап жатыр. Ең бастысы, орыс тілі мемлекеттік мекемелерде, өндірісте, кәсіпте, тұрмыста басым. Сондықтан күнделікті қолданыста шешуші күшке ие. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі де өзінің заңды орнын алуға талпыныс жасауда. Тартыс, бәсекелестік жүріп жатыр.

Қазақ елі көркейіп, қазақ тілі мәңглік болсын деген тілекпен,

Мұхаметбек Асылбеков,

Тарихшы-өлкетанушы, Шәкәрім университеті ардагері

Сәуір 2026 жыл.

Abai.kz

0 пікір