Тоқаев Алматыда «Қаңтар оқиғасы» туралы тағы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы қаласы жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Алматыдағы Қаңтар оқиғасы туралы айтты.
«Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді.
Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік. Сол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр.
Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты», - деді.
Abai.kz