Өзімізден де бар
Бүгін түстенуге қаладағы түріктің көп "Диірменінің" біріне бас сұқтым. Ас мәзірі орысша. Ауқаттанып алған соң, администраторын шақырдым. Қазір талабымды қоймаққа, сотқа беретінімді ескертпекке тас-түйін болып отырмын. Түрік жігіті келді. Таныстық. Аты Исмайыл екен. "Қазақша мәзір бар ма?" деп едім, "Әрине бар" деп қолыма ұстата қойды. Көп адамның қолы тимеген күйі жап-жаңа мәзір.
Исмайыл бірден бастырмалатып әкетті: Менің Қазақстанға келгеніме алты ай ғана болды. Бізде қазақша ас мәзірі бар. Бірақ оны ешкім сұрамайды. Апарып берсек қазақтардың өзі түсінбейміз деп орысшасын талап етеді. Сондай жағдай көп болған соң, даяшылар орысша мәзірді ұсынады, сұрап жатса қазақшасын береміз. Біз заңды сыйлаймыз,- деп бетіме қарады.
Басында қазақша мәзір талап етпеген қылығыма бір, өз тілін керек етпеген қандастардың қылығына екі ыза болып: Бәрібір бірінші кезекте қазақша мәзірді ұсынуға міндеттісіздер!,-дедім күшеніп.
Қазақша ас мәзірінде қате бар екен, бірақ оған да тағы Исмайыл емес, өзіміз кінәліміз ғой!
Түрік бауырға разылық білдіріп, кетерде бірге суретке түстік.
Түріктің атақты сатиригі Әзиз Несинше "Әй біз ел болмаймыз мына түрімізбен. Өзімізден ғой бәрі, өзімізден" деп күбірлеген күйі кафеден шығып кеттім.
Дәнеш Асқарбекұлы
Abai.kz