Ауыл шаруашылығы ең жақсы дамыған 10 ел
Қай мемлекеттерде ауыл шаруашылығы өндірісі ең жақсы дамыған сала болып саналады? Мақалада сол елдерге сараптама жасап көрдік.
Жапония, 10-шы орын
Ауыл шаруашылығы Жапония экономикасындағы маңызды саланың бірі. Оның ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 2,0 % құрайды. Ауыл шаруашылығында 4,1 миллион адам жұмыс істейді (барлық жұмыспен қамтылғандардың 6,6 % құрайды).
Шаруа қожалықтарының ергежейлі түрі басым болып келеді. Кейде учаске көлемі 0,5 гектардан аз болады. Жапония азық-түліктің 70 %-ын өзі шығарады, оның ішінде күрішке деген сұранысты толық ақтап отыр. Мал шаруашылығы аса дамымаған. Жердің аздығы жайылымдық және мал азықтық дақылдарды егуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан жануарларды сырттан әкелінетін жеммен, негізінен жүгерімен қоректендіреді.
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде балық аулау маңызды рөл атқарады. Жапондықтар тағам құрамындағы жануарлар ақуызының 40 %-ын теңіз өнімдерінен алады. Балық аулаудан басқа, асшаян, омар, патша шаян, балықтың ондаған түрін қолдан өсіреді.
Аргентина, 9-орын
Азық-түлік өндірісі дәстүрлі түрде экономиканың негізгі салаларының бірі болып табылады (ЖІӨ-нің 8-9 %). Аргентина азық-түлік қажеттіліктерін, әсіресе астық және майлы дақылдармен елді толықтай өзі қамтамасыз етеді және экспортқа шығарады.
Ел соя өндіру және экспорттау бойынша Оңтүстік Америкада екінші, әлемде үшінші орынды алады. Өндірілетін сояның 100% трансгенді соя. Елдегі ауыл шаруашылығы жерлері 138 млн га, оның ¼ бөлігін егін, ¾ бөлігін шабындықтар мен жайылымдар алып жатыр.
Мал шаруашылығы жоғары дәрежеде дамыған, әсіресе ірі қара мал өсіру. Аргентинадан шыққан ет пен сүт көптеген елдерге экспортталады. Көкөніс пен жеміс-жидек экспорттың 3 пайызын құрайды. Мұнда цитрус жемістері, зәйтүн өсіріледі. Аргентина - Латын Америкасында бірінші, ал әлемде төртінші орындағы шарап өндіруші ел болып табылады.
Түркия, 8-орын
Ел халқының 57 пайызы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің төрттен бір бөлігін құрайды. Экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 60 пайызға жетеді. Түркияның ауыл шаруашылығындағы жетекші орынды өсімдік шаруашылығы алады. Ол шамамен 58 % -ды құрайды. Мал шаруашылығы 30 %-ды, зығыр өндірісі 6 %-ды құрайды.
Түркияның 24,9 млн. га егіншілікке арналған. Егіс алқабының 85 %-ын дәнді дақылдар алып жатыр. Түркия бидай өндіру бойынша үздік алты елдің қатарына кіреді. 9 миллион гектар жерге бидай егіледі.
Пәкістан, 7-орын
Пәкістан ауылшаруашылық өнімдерімен елді толық қамтамасыз етеді әрі сыртқы саудаға шығарады. Ел күріш, мақта, балық, жемістер (әсіресе апельсин мен манго) және көкөністерді экспортқа шығарады. Пәкістан - Азиядағы өрік және май нарығында - екінші, мақта, пияз, сүт нарығында - үшінші орында тұр.
Мал шаруашылығы Пәкістанның жалпы ішкі өнімінің 11 % құрайды.
Пәкістанда 24,2 млн ірі қара мал, 26,3 млн буйвол, 24,9 млн қой, 56,7 млн ешкі және 0,8 млн түйе бар. Сонымен қатар, елде құс шаруашылығы белсенді дамып келеді. Жыл сайын 530 миллионнан астам құс өсіріледі.
Нигерия, 6-орын
Ауыл шаруашылығында халықтың 65 пайызы жұмыс істейді. Негізгі азық-түлік дақылдары: ямс, тәтті картоп және жүгері. Сондай-ақ какао бұршақтары (340 млн т), табиғи каучук (112 млн т) және мақта (0,4 млн т) өсіріледі. Жердің 31,29 пайызы өңделеді.
Негізгі экспорттық дақылдар – какао бұршақтары, жержаңғақ, соя, каучук, пальма майы, қант қамысы және мақта.
Нигериялық какаоға тұрақты сұраныс себебі - (ел өндіру бойынша әлемде 4-ші орында) оның дәмділігі. Шаруашылықтың көпшілігі какао бұршақтарын өсіруге бағытталған; какаоның әлемдік бағасының төмендеуі әдетте ауыл тұрғындарының табысының күрт төмендеуіне және кедейленуіне әкеп соғады.
Мұнда ананас, банан, бұршақ дақылдары, картоп, маниок, жүгері, манго, папайя, тары, күріш, құмай, темекі, қызанақ, цитрус жемістері мен ямм да өсіріледі.
Нигерияда мал шаруашылығы дамыған, бірақ елдің көп бөлігінде цеце шыбыны өмір сүреді, сондықтан түйе, ешкі, жылқы, қой, есек және шошқа өсіру негізінен солтүстік штаттарда қолға алынған.
Құс шаруашылығы да дамып келеді. Гвинея шығанағының суларында, өзендерде және Чад аралында балық ауланады. Жылына шамамен 250 мың тонна балық пен теңіз жәндіктері ауланады.
Бразилия, 5-орын
Бразилия әлемдік нарыққа жер шарындағы барлық ауылшаруашылық өнімдерінің шамамен 6%-ын шығарады. Бразилия ең алдымен кофе, соя, жүгері, қант қамысы, какао және бананды экспорттайды.
Бразилия жыл сайын кем дегенде 600 миллион тонна қант қамысын жинайды. Дәнді дақылдардың ішінде ең көп тарағаны - жүгері.
Бразилияда жайылымдық мал шаруашылығы жақсы дамыған , ірі қараның жалпы саны 170 млн басқа жетеді. Шошқа шаруашылығы (30 млн шошқа), қой шаруашылығы (20 млн қой), балық шаруашылығы және т.б. дамыған. Бразилия ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ пен Израильден кейінгі үшінші орында тұр.
Елдің жетекші ауылшаруашылық дақылы - кофе, оны өндіру және экспорттау бойынша әлемде бірінші орынды алады. Кофе өндірісінде 3,5 миллион адам жұмыс істейді. 6 миллиардтан астам кофе ағаштары өседі (74 % Arabica және 26 % Robusta).
Израиль, 4-орын
Израиль өнеркәсіптік ауыл шаруашылығын дамытуға барынша мән беріп отыр. Ауыл шаруашылығының негізгі салалары: цитрустық жемістер, көкөністер, мақта өсіру, ет,сүт өндірісі.
Израиль жаңа піскен көкөністер мен гүлдердің негізгі экспорттаушысына және ауыл шаруашылығы технологиясы бойынша әлемдік көшбасшыға айналып отыр.
Израиль тек астық, майлы дақылдар, ет, кофе, какао және қантты импорттай отырып, өзінің азық-түлікке деген қажеттілігінің 95 %-ын қамтамасыз етеді. Өндірілген өнімнің 15 пайызы экспортқа арналған.
Бұл өнімдер Еуропаның, Американың және Қиыр Шығыстың нарығына шығарылады. Аграрлық сектор ғылыммен тығыз байланысты болуымен ерекшеленеді. Соңғы жылдары шиеден сәл үлкенірек шие жемісі өсірілді, орташа салмағы шамамен 500 грамм болатын порциялық қарбыздар да шығарылады.
АҚШ, 3-орын
Егістік жерлер, шабындықтар, жайылымдар Америка Құрама Штаттарының жартысына жуығын алып жатыр. Ауыл шаруашылығынан түскен жиынтық табыс 290 млрд. доллорды құрайды. Бұл салада ел халқының 3 пайызы ғана жұмыс істейді. Республика бойынша шаруа қожалықтарының орташа көлемі 50 гектарға жуық жерді алып жатыр.
АҚШ-тың аграрлық кешенінің көшбасшысы - өсімдік шаруашылығы. Барлық алқаптардың 2/3 бөлігін дәнді дақылдар алып жатыр. Жалпы астық жинау бойынша АҚШ әлемде Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр, бірақ жүгері мен сояда бірінші орынды алады.
Негізгі дәнді дақыл – бидай, астық түсімі 90 млн тоннадан асады. Америка Құрама Штаттарының ұлттық дақылы - жүгері, оның өнімі әлемде елдерінің жартысына таралған.
Үндістан, 2-орын
Ауыл шаруашылығынан түсетін жалпы табыс 4 134 миллиард долларды құрайды, онда ел халқының жартысынан астамы жұмыс істейді. Диқандар негізінен күріш, бидай өсіреді.
Бұршақ дақылдары, олардың ішінде ноқат ең кең тараған дақыл. Ол көптеген үндітер үшін ақуыздың негізгі көзі болып табылады, өйткені мұнда жануарлардан алынатын өнімдерді тұтыну көбіне діни тұрғыдан тыйым салынған.
Қант, жержаңғақ, кокос, қыша, мақта тұқымы мен рапс, темекі мен шай егіледі. Үнділер етті аз жейтініне қарамастан, мал шаруашылығы аграрлық экономикада маңызды рөл атқарады. Үндістан дүние жүзіндегі ең көп сиыры бар ел.
Қытай, 1-орын
Елдің ауыл шаруашылығынан түсетін жалпы табыс 1 трлн. 88 миллиард долларды құрайды. Қытайда 95 миллион гектар егістік жер бар. Көбінесе бір егістік алқаптан екі жылда үш немесе одан да көп рет өнім алынады. Оңтүстік Қытайдың кейбір бөліктерінде негізгі дақылдар жылына үш рет, көкөністер бес рет жиналады. Қытайдың ауыл шаруашылығы оның кең аумағы мен әртүрлі климаттық жағдайларына байланысты қалыптасты.
Қытайда 500 миллион тоннаға жуық астық, оның ішінде 185 миллион тонна күріш өндіріледі. Бидай – екінші маңызды азық-түлік дақылына жатады. Ал жүгері жинау бойынша (жылына 100 млн тоннадан астам) әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Қытай шайдың әртүрлі сорттарын шығаратын әлемдегі ең ірі жеткізушілердің бірі.
Сонымен қатар, мұнда тары, сұлы, гаолян, қара бидай, қарақұмық, тамыржемісті дақылдардан: батат, картоп, бұршақ тұқымдастардан: соя өсіріледі. Техникалық дақылдардың ішінде мақта маңызды орын алады. Сонымен қатар, зығыр, кендір және джут өсіріледі.
Майлы дақылдар арасында күнжіт, жержаңғақ және күнбағыс көш бастап тұр. Қант қызылшасы мен қант қамысы өсіріледі. Жеміс ағаштарынан ананас, цитрус жемістері, банан, алма, манго, алмұрт және т.б. өсіріледі. Сондай-ақ Қытай 4 000 жылдан бері жібек шаруашылығымен айналысып келеді.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz