Соғысты жақтаған Аляутдинов Астанаға келмейтін болды
Ресейлік дінтанушы Шәміл Аляутдинов Астанада өтетін форумға келмейтін болды. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Abai.kz порталы Ulysmedia.kz-ға сілтеме жасап.
«Құрметті қазақстандықтар! 4 желтоқсанда Астанада өтетін тренингке мен бармаймын. Қосымша наразылық туғызып, ұйымдастырушылар мен спикерлерге проблема тауып бергім келмейді. Ал осыны ұйымдастырып, маған қарсы ақпаратты бірінші таратқандар, осынау өтірік пен айыптауды ұйымдастырушылар – сіздерге Құдай сот! Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықтаудың... Жоқ... Сол себепті газға басамыз», - дейді Аляутдинов.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде ресейлік дінтанушы Шәміл Аляутдиновтың Астанадағы форумға қатысуы қызу талқыға түскен болатын. 4 желтоқсанда Астанада «Жаңа шынайылық» атты үлкен форум өтеді. Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, ол форумға белгілі қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембай, блогер Бейбіт Әлібеков пен ресейлік дінтанушы Шәміл Аляутдинов қатыспақ. Әлеуметтік желі қолданушылары Аляутдиновтың Украинадағы соғысты қолдап сөйлеген сөзін бөлісіп, форумға оның қатысуына жол бермеу керек деп пікір айтқан.
Бұған дейін соғысты қолдайтын ресейлік әнші Полина Гагаринаның Алматыдағы концерті көпшіліктің сынына ұшырап, өтпейтін болды. Ал қазақ қыздарын қорлайтын тренинг өткізбекші болған ресейлік блогер Алекс Леслиге (шын аты Александр Кириллов) Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды.
Abai.kz