Сайлаудан кейін Үкімет отставкаға кете ме?
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруден шыққаннан кейін журналистердің "Үкімет отставкаға кете ме?" деген сұрағына жауап берді.
«Саяси өзгерістерге келер болсақ, бұрын айтқанымдай, саяси реформалар өз жалғасын табады, ол тоқтаса тоқырау басталады. Екінші жағынан, заң бойынша президенттік сайлаудан кейін Үкімет отставкаға кетуге міндетті емес. Бұл парламент сайлауынан кейін міндетті түрде іске асырылады», -деді мемлекет басшысы.
Президент парламент сайлауы туралы арнайы мәлімдеме жасайтынын айтты.
«Парламент сайлауының мерзіміне келетін болсақ, жыл соңында мен бұл туралы арнайы мәлімдеме жасаймын. Сондықтан Үкімет жұмысын жалғастырады, бірақ, әрине, Үкімет құрамында басқа ведомстволардағы сияқты өзгерістер болады", - деді Тоқаев
Сондай-ақ ол заңсыз шетелге шығарылған капиталды қайтару туралы заң қабылданатынын атап өтті.
"Елімізден заңсыз әкетілген капиталды қайтару туралы заң қабылдауымыз керек деп ойлаймын", - деді Тоқаев.
Президент мемлекеттің осы бағытта жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын еске салды. Атап айтқанда, Бас прокурор бастаған арнайы комиссия құрылды. Президент бұл жұмысты жеке өзі қадағалайтынын айтты.
Abai.kz