Қандастарды қайтару қолға алынуы керек
Сайлау өтті, енді жаңа Қазақстанда жарқырайтын күннің көзі — шет елдегі қандастарға да түсетін шығар?!
Ауғанстандағы қазақтардың жан айқайын бұрыннан бері айтып та, жазып та келеміз. Бірақ дым өзгеріс жоқ.
Ай бұрын жазғанымдай Пәкістандағы Карачи қаласында да елге жете алмай, қиналып отырған қазақтар бар. Барлығы 43 отбасы, 300 ден астам адам. Нақтырақ айтсам 18 жастан төмен 75 қыз бала, 87 ер бала және еңбекке қабілетті еркек-әйел аралас 127 ересек адам бар. Бәрі қазақ, Керейдің Сарбас руынан. Сол ағайынның ішіндегі Хамит бауырым маған мұңын айтып апта сайын хабарласады. Елге жете алмай жүр. «Ыстық-суық демейміз, жаман-жақсы демейміз, солтүстікке сіздің жаныңызға барып, бір ауыл боп қоныстануға разымыз дейді. Суығынан қорықпаймыз, мал асырап, егіншілік етіп аяққа тұрып кетеміз»,- дейді. Руын біледі, жеті атасын айтып тұр. Қазақша сөйлейді. Бұдан артық не керек?
Құдай оңдап, осы қандастарды көшіріп жатса, бұларды бөліп-жармай, бір ауданға орналастырған жөн. Негізі, солтүстікте инфроструктурасы толық бүлінбеген, бірақ жабылу алдында тұрған ауылдар аз емес. Ол ауылдарда арзан бағаға сатылып тұрған, 500-1 000 000 теңге арасындағы иесі жоқ, қора қопсысы бар, тұруға, мал асырауға қолайлы үйлер де жетерлік. Оңтүстіктен солтүстікке бір отбасыны көшіру үшін Үкімет тарапынан 10 миллион теңге жұмсалады( 8 миллион, жаңадан салдырып сатып алынған үйдің бағасы және адам санына қарай берілетін квота). Сол ақшаға «расчет» жасап, Ауғанстаннан, Пәкістаннан келетін осындай отбасыларға босап қалған ауылдардан үйлер алып, оны күрделі жөндеуден өткізіп, қалған ақшаға мал алып беруді, сол малды өсіретін мүмкіндіктер пакетін жасауды ұсынамын. Тегін емес, кредит ретінде. Сол малдың өсімін, өнімін саудалауы арқылы манағы ақшаны үкіметке болашақта қайтарып беретін болсын.
"TAUEKEL". Теріскей бізге аманат.
Бурақан Дақанов
Abai.kz