Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Әдебиет 2580 1 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 12:24

Анаубай Мынау

сықақ әңгіме

Біздің анау Алдар көсе атты әулие шалымыз: «Армансыз адам жоқ, ал болса - адам емес!» деген көрінеді. Жарықтық-ай, оншама тұнық емес бұл тұжырымын кімнің төрінде жатып, қандай күйде айтып тастады екен?

Миының бүлкілінде мін болмаған қайран шалымыз бағдарламасын тым арыға жасамаған-ау, әйтпесе ұланғайыр даладағы ұрпағының әрі армансыз, әрі адам біреуі түптің түбінде жердің бір жарығынан жылжып шығуы немесе жартастың бір жықпылынан табылуы мүмкін екенін ойлап білсе керек еді. Әулиеліктен жұрдай мен, мысалы, жер шарын шарламастан, Алматыдан-ақ армансыз адамның табыларына тіпті ұйықтап жатып та шүбәланып көрген емеспін! Ал оған енді күліп отырып (жылағаннан тәңірім сақтасын!) куә бола аламын. Ол армансызымыз – Анаубай  Мынау!  Мынау- Анаубайдың әкесінің аты. Бұрын, тәуелсіздік ала алмай жүргенімізде, Анаубай жолдастын фамилиясы Мынауов болатын, енді, тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң, Анаубай мырза фамилиясыныц құйымшағындағы «ов»-ты орыстарға қайтарып беріп, заманымызға сай «Мынау» болып шыға келді.

Сонымен, жолдас Анаубай Мынау мырзанын армансыз екеніне өзінің көмегімен көзім калай жеткенін төкпей-шашпай баяндап берейін.

Осыдан жарты жыл шамасы бұрын біздің баяғыдағы атақты Темірқаңылтыр министрлігіміздің «Қайрақ» гәзетінде: «Бәйге! Бәйге!» деп борбайлаған бір хабар жарқ етті. Бассалып оқысам: соңғы төрт жыл бойы тәлтіректеп, каңтарыла жаздап жүрген министрлігіміз бір шетелдік алпауыттың қолтықтауымен (бергеніне шұкір!) есін жиып, доллар уыстап, баяғысынша «Өндіріске тиімді озық жаңалыкқа» бәйге ұсынуға кірісіпті. Өй, қуанғаным-ай! Айлықақымды үйреншікті уақытында көре алмай, аузым уылып қор болып едім, неге ғана желпінбейін?! Шат-шадыман болғаным сонша, өзімізге аяғы әлі жетпей жатқан теңгенің есебінен ең әуелі министр мырзамыздың жалақысын бес есе өсірсек деген сужана ой сап ете қалды,      екі шекесі солқылдап жүрген басыма. Е, неге өйтпеске?! Үйімізде бір күн бар, бір күн жоқ газ-маздың, электр-мелектрдің, пәтерақыны ай кұрғатпай арттыратындардың министрлері айына тоқсан мың теңге (өсегі өрістілер «доллар!» деп те айтады) алатын сияқты, сонда біздің министр, байғұс бала, сексен мың теңгеге мөлиіп отыратындай, немене, маймылдан туып па?!. Обалы кәне, бұл бағалы ойымызды оятқан адам да - біздің Анаубай.  Екеуіміз -кұдайы көршіміз. Артық-ауысын маған сыбырлайды, мен онысын айғайға айналдырамын. Әзірше ақырғы сыбыры мінеки:

- «Қайрақ» компаниясы айғақтаған жүлдені жекешелендіретін комиссияның онбір мүшесі бар екен. Бәрі де сан бәйгені байлап-матаған, «сен тоңқай, - мен тебейін!» көрінеді. Алқынбай-жұлқынбай астыртын барлау жүргізіп бақсам, он бірдің алтауын, яғни елу бір процентінен көбін ағалап-жағалауға мүмкіндігім бар!

Кірістім!..

Анаубайдың айызы қанып ағытқан ұзын сөзін үш есе қысқартсам... Алғашқы күні етігінің тұмсығы бір мықты мүшенің табалдырығына тіреліпті. Онысы екінің бірінің ермегі болмаса да, қызыл сөмкені құшақтап жеткен Анаубайыңыз оның алды-артын орап-шымқап, шегінер жер қалдырмапты. Ары-бері ырғастың ақырында Анаубай: «Бұл жолы жүлдесіз тотиғанша сіздің босағанызда борсып өлем!» деген екен, анаусының екі көзі екі құлағына қарай жылжып кетіпті.

Ал комиссияның екінші мүшесін суретке түсірердей сылап-сипап отырғызып қойып, пышақты болат егеумен қайраудың тақыс-тәсілі туралы біржарым сағат лекция окып, «темекі тартып алалық!» деп бес минөтке үзіліс жариялағанында екіншісі кезерген ерінін әрең кимылдатып: «Бұның немене?» депті. «Бұным – менің сіз жүлде беретін бәйгеге жіберген, «Пышақты тас қайрақтармен тұрақты түрде қайраудың өндірістік зияны, болат егеумен тұрақты түрде қайраудың экономикалык пайдасы» деп аталған ғылыми жаңалық үсынысым. Оны Дөкеңнің өзі, өзі ұнатқан. «Жүлдеге өте лайық» деген депті Анаубай, көк сөмкесін іргеге қарай сырғытып жіберіп.

Үшінші кезекте барғаны өзі де өңешін жуып-шайып, теңкиіп тосып отырған өйдөйт екен, сары сөмкелі Анаубайдың сәлемін түгендеместен: «Әй, бауырым, бауырларымның ішіндегі тәуірім! Айтарыңды ақтармас бұрын ашарынды ашып таста, мені ешкім баурай алмаған, сенен басқа!» деп тақпақтапты. Әй-дә-ә-ә!.. Екеуі қысып-мытып құшақтасып, сорып-сүйісіп, түн ортасынан ауа қиылып-егіліп айырылысыпты.

Төртінші отағасы иі қанбаған терідей бұлтиып-тылтиып, біразға дейін илікпепті, шалқалап жөткірініп, үйінің төбесіне қарай беріпті, төбеден Анаубайдың тенкиген ақ сөмкесіндегіден артық бірдеңе топ-топ етіп түсе қалатындай! Анаубай да ашынып, сөмкесіндегіні әлгі самосвал мәшинеше ақтарып кеп тастапты.

Пәленің бітеуі бесінші мүше бола жаздапты. Есікті ашқан бойжеткен: «Вам кого?» деп қасын ойнатыпты. Ойнамалы қасты да, ойнақтаған көзді де көп көрген Анаубай: «Я- твой брат! Где папа, где мама?» дегенде әлгі бойжеткеннің жалғамалы кірпігі жалп-жалп қүлап, ерінінің бояуы еріп кетіпті де, өзі жандәрмен: «Па-а-ап!» депті. Бүйірдегі есіктен бұлтың етіп шыға келген доп-домалақ әкесі басын сипап балпиып түрған Анаубайға бір, едендегі жалпиған жасыл семкеге бір қарап; «Так, жігітім, сен кімсің и неге қелдің?» дейді. «Аға, сізге не бергелі... сәлем бергелі келдім, аты-жөнім -Анаубай Мынау…

- «Мынауың»  не?

- «Мынау»  дегенім - өзімнің фамилиям ғой, аға!

- Ә, анауыңды айтып тұр екен десем.

- «Анауыңыз» немене?

- Шошқаша дөңкиіп жатқан сөмкеңді айтам!

- Ә, ол сізге... сіздерге…

- Ты что?! Давай, шық үйден! Кругом марш!

- Шықпаймын, аға, шықпайыншы!

- Қара мұны! Республикаға еңбек сіңірген өнертапқыш саған пацан болды ма?! Давай, шық!

- Шықпаймын! Маған жүлде керек!

- Қайдан келдің?

- «Қайрау-егеу цехынан келдім, өзіміздің министрліктен, өзіміздің зауытган келдім, аға, өзіміз...

- Ух, қандай!.. Ладно, давай, шешін! Ух, қандай, а?!.

Ең соңғы есіктің қоңырау түймесін түрткені сол-ақ екен, біреу іштен: -Кімсің, әй?!- деп шіңк етіпті.

- Анаубаймын!

- Е, Сонечканың байысың ба?!

- Дәл өзімін, жеңгей, дәл өзімін! Мен де сізді тани қойдым!

- Сонечка кеше звонила, да,  дұрыс!- деп жеңгесі есіктен ытқып шығып, Анаубай қайнысының қолындағы қоңыр сөмкені жұлып әкетіп:

- Бара бер, қайта бер!- депті соңғы сөзінде...

Сөйтіп, пышақты тас қайрақпен қайрағаннан болат егеумен қайрау өндіріске өте тиімді екені жиырмабірінші ғасырдың соңындағы соңғы жаңалық деп саналып, аса талантты Анаубай Мынау мырза Темір-қаңылтыр министрлігінің жүлдесін желіп жүріп жеңіп алыпты. Жеңімпаз сол желген күйі теледидар орталығына еніп кетіп, Бас арнасының  экранына әрең сиып отырып, сұхбаттасушы тілшіге сұқсаусағын шошайтып, ыржалақтап: «Мен -армансыз адаммын!» деді.

Уәй, мен де ризамын өзіме! Армансыз адаммен бір есікке кіру, бір есіктен шығу дегенің, шырағым, дені дұрыс кісіге де арман емес пе?! Армансыз тірі екі аяқтыны көруден үміттеріңіз болса, пожалыста, біздің подъезге  келіңіздер!

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz   

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1542
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6087