«Қазғарыш»: ұлттық мүддені табанды қорғау – басты міндет»
Қынжыламыз ба, қайтеміз: қазақ тілі «ғарышқа» жүрмейді екен. Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетовтің қатысуымен өткен Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің кешегі кеңейтілген, қорытынды алқа отырысы толығымен, бастан-аяқ тек орыс тілінде өтті. Содан жиын соңына дейін кірпінің үстіне отырғандай қылпылдаған телеарналардың қазақ бөлімдерінің журналистері алқа аяқтала салысымен, болғанды мемлекеттік тілде сауатты түрде көрермендерге түсіндіріп беретін тұлғаны іздеді. «Мұнда қазақша айта алатын адам бар ма?» деп аңыраған тілшілерге «Қазғарыш» басшысының орынбасары Мейірбек Молдабеков келді. Мына жайттың мәнісін де сол кісіден сұрадық: «Роскосмос» Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» туралы Келісімнің жаңа жобасын кері қайтарып тастапты.
Жалпы, тілге «теріс» қарағандығы болмаса, «Қазғарыш» өз саласындағы мемлекеттік мүддені қорғауға жан салып жүрген ұйым. Оның басқа лажы да жоқ: Елбасы бұл Агенттікке Қазақстанды ғарыш айлағын жай «жалға берушіден» «ғарыш қызметіне толыққанды қатысушыға» айналдыру міндетін жүктеген. Бірақ Ресей әріптес емес, өзіне бәсекелес көре ме, кім білсін, Қазақстанмен жаңаша мәмілелесуге асығар емес.

- Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін пайдалану бойынша ары қарайғы ынтымақтастық туралы Келісім жобасының бірінші нұсқасын әзірлеп, Ресейге бағыттадық, - деді «Қазғарыш» басшысы, ғарышкер Талғат Мұсабаев. - «Роскосмос» ол Келісім жобасын әлі пысықтауды ұсынды.
«Біз «Роскосмосқа» қарауға жібергенбіз, олар өз ескертулерін, ұсыныстарын қосып, бізге қайтарды, - деп хабарлады бізге Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков. - Олардың айтуынша, біз әзірлеген нұсқада барлық мәселелер ескерілмеген. Соларды ескеру туралы ұсыныстары келіп отыр. Біз жаңа Келісімде Қазақстан үшін ғарыштық қызметке тікелей қатысуға мүмкіншіліктер қарастырдық. Қолданыстағы Келісімде ол қарастырылмаған». «Жалпы, Ресей бізді сол іске жіберуге келісіп отыр ма?» деп сұрадық. Ондай уағдаластыққа ендігі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізіліпті. «Енді екі ел президенттерінің шешімдерін біз нақты іс-шаралармен, қадам-қадам бойынша іске асыруымыз керек қой. Осы қадамдар талқыланып жатыр» деді М.Молдабеков.
Осының алдында Т.Мұсабаевтың «Байқоңырдан» ұшырылатын зымырандар санының жыл сайын қысқара беретіндігі жөніндегі мәлімдемесі Ресей тарапынан ашыныс туғызған. Артынша солтүстік көршіміз елімізге қарсылық нотасын жолдап, онда «егер зымырандар санын шектесеңдер, біз «Бәйтерек» сияқты бірлескен жобалардан шығамыз» деген ауанда «таңдау» ұсыныпты. Жалпы, «зымыран ұшырулар санын қысқарту» туралы бұрыннан уағдаластық бар екен, бірақ бұл жерде улы гептилмен ұшатын «Протон» зымырандарының санын экологиялық жағынан таза, керосинмен ұшатын «Ангарамен» алмастыру есебінен қысқарту көзделіпті. Бірақ қазір «Ангара» зымыранының «Байқоңырдан» ұшпайтындығы белгілі болуда. Сондықтан «Роскосмос» «Протондардың» ұшу санын сақтап қалуға жан салуда деседі. «Біз «Ангара» алмастырмаса да, «Протондар» санын қысқартамыз деп нық айттық оларға» дейді «Қазғарыш» төрағасының орынбасары. Қазақстан ақыры осыған көршісін көндіргенге ұқсайды!
Алқа отырысында вице-премьер Қайрат Келімбетов ел Үкіметінің «Байқоңырға» қатысты ұстанымын мәлімдеді: «2004 жылы Қазақстан мен Ресей лидерлері қол қойған «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы Келісімді сөзсіз ұстанатындығымызды ресми түрде растаймын! Қазақстан мен Ресей одақтас және басқалармен қоса, ғарыш саласында да стратегиялық әріптес болып табылады. Сондықтан барлық туындайтын мәселелер үкіметаралық комиссия аясында, жұмыс тәртібінде талқыланады. Ол комиссияны мен, РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шуваловпен бірге басқаратын боламыз. Келіссөздер екі елдің ғарыштық мекемелер деңгейінде жүруде. Даулы мәселелерді сындарлы келіссөздер жолымен шешеміз».
Қайрат Нематұлы осы тұста «жоғары токсикалық отынды пайдаланатын, Қазақстандағы экологиялық жағдайға кері әсер ететін зымырандарды ұшыру санын қысқартуға қатысты мәселелер» туындап отырғандығын жеткізді. «Келісімге сәйкес, Ресей тарапы «Протон» зымырантасығыштарын кезең-кезеңмен қысқартуға септесуге міндеттеме алды» деп мәлімдеді Қ.Келімбетов.
Алқаны қорытқан Үкімет басшысының орынбасары ғарыш саласына жауапты тұлғаларға: «ұлттық мүддені табанды қорғау» «басты міндет» деп белгіледі.
Тағы бір дерек: «ҚазСАТ-2» ғарыш серігі бүгінде 56 пайызға ғана жүктеліпті. Оның қызметіне еліміздің 9 байланыс операторы жүгінеді екен. «Осының арқасында 35 миллион доллар елімізде қалды» деді «Республикалық ғарыштық байланыс орталығының» президенті В.Лефтер. Вице-премьер биылғы жылы бұл көрсеткішті 70 пайзыға жеткізу туралы тапсырма берді.
Айхан ШӘРІП
"Айқын" газеті