Елдімізде баспанасыздар саны еселеп артуда
Жыл сайын баспана кезегіндегі 20 мың адам үйлі болса, олардың орнына 50 мың азамат жаңадан кезекке тұрады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Сенаттың үкімет сағатында осындай дерек айтты.
«Бүгінде әкімдіктерде 623 мың азамат кезекте тұр. Оның 400 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жатады.
Бұл ретте, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бір жылда небәрі 20 мың азамат тұрғын үймен қамтылады. Олардың орнына 50 мың азамат жаңадан кезекке тұрады.
Кезектіліктің артуы, бюджетке айтарлықтай ауыртпалық түсіреді және әлеуметтік тұрғын үй құрылысы мен жеңілдетілген кредит беру үшін қомақты инвестицияларды, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорын күтіп-ұстауды қажет етеді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол келешекте баспана кезегіне әкімдік арқылы тұру практикасы жойылатынын еске салды. Бұл қызмет түгелдей «Отбасы банк» АҚ-ға берілмек.
Abai.kz