Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 2278 2 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 14:18

«Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді.

«Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралады. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық виза беріледі.

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жаңа бастамаларды таратып айтты. Оның сөзінше шетелдік үздік ғалымдарға 10 жылға «Ғылыми-педагогикалық виза» беріледі.

Министрдің айтуынша, «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының бірінші бағыты – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады.

«Бұл санаттағы кадрларға он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған», - деді Тамара Дүйсенова.

«Сондай-ақ, азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталады», - деді ол. Жаңа Тұжырымдамада шетелдегі қазақтар жайы да қарастырылған. Атап айтқанда қандастарымызға 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беріледі.

«Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар. Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұндай азаматтар 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады.

«Оларды тарихи отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынып отырмыз. Екінші – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады», - деді Тамара Дүйсенова.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау екендігіне назар аудартты.

«Отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандықтар жиі барып, жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», - деді Премьер-Министр.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279