Аудиторлық палатаның үш мүшесі тағайындалды
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы конституциялық реформаларды іске асыру үшін жақында Жоғары аудиторлық палатаның ережесін бекіткенін, аталған палатаның төрағасын тағайындағанын еске салды. Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, Парламенттің әр палатасы Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
Осы орайда Сенат төрағасы аталған қызметтерге Рашит Сайранұлы Ахметовты, Нұрлан Амангелдіұлы Нұржановты, Расул Нұрланұлы Рахимовты ұсынды. Палата депутаттары осы мәселені қарап, аталған кандидатураларды бекітті.
Р. Ахметов 1959 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. 2017 жылғы маусымнан 2022 жылғы маусымға дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды.
Н. Нұржанов 1975 жылы 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Шолаққорған ауылында туған. 2016 жылғы 23 маусымнан қазіргі уақытқа дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарды.
Р. Рахимов 1978 жылы 29 тамызда Өскемен қаласында дүниеге келген. 2021 жылғы қыркүйектен бастап Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 30 қараша күні Парламент Мәжілісі Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін тағайындады.
Жақында Қазақстан Президенті Наталья Годунованы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы лауазымына тағайындады.
Abai.kz